Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Ақида және ғибадат > Ол сенің ізіңе ерген жоқ

Ол сенің ізіңе ерген жоқ

2021-07-10 76

Нұх пайғамбардың баласы кәпір еді. Жер бетін топан су басқан уақытта баласының теңіз толқындарымен арпалысып, өлім мен өмір арасында жанталасып жатқанын көргенде жаны ашып:
– Ей, балам! Кел, бізбен бірге кемемізге мін. Кәпірлігіңнен арыл! – деп дауыстады.
Алайда баласы қырсығып:
– Тауды паналасам да судан аман қаламын, – деді асау толқындарға бір батып, бір шыққан ол екі қолын ербеңдете.
Нұх пайғамбар баласына оның бүгінгі апаттан не істесе де құтыла алмайтындығын ескерте:
– Алла қаламаса, бұл азаптан ешкім де сені құтқара алмайды, – деді.
Осы сәт Нұх пен баласының арасын таудай тасыған теңіз толқындары бөліп, ештеңеге мұрша бермей екеуін екі жаққа алды да кетті. Алайда Нұх (а.с.) баласын ойлап қатты қамықты. Қалай қамықпасын, бауыр еті өз баласы емес пе?! Іштей қайғырып қан жұтқаны сонша, ең болмағанда баласы Қиямет күні азапқа ұшырамаса екен деп тіледі.
Оттың судан да қауіпті екенін ескерсек, ақыреттегі азаптың бұдан да қорқынышты болары сөзсіз. Алайда Алла Нұхты отбасымен бірге игілікке бөлейтіндігіне уәде етпеп пе еді? Жаратушының уәдеден таймайтындығын бетке ала Нұх баласы үшін Алладан шапағат тілеуді жөн көрді.
Нұх пайғамбар көкке қарап, екі қолын жая жаратушыға жалбарына бастады:
– О, Жаратқан! Балам да отбасымның мүшесі болғаны үшін Өзіңнің мейірімділігіңе сенемін, менің отбасымды сақтаймын деп Өзің уәде етпеп пе едің?! Сенің берген уәденің хақтығы талассыз. Ең ұлы үкім беруші Өзің емессің бе?!
Алайда Алла тағаланың ата-текке емес, тек қана амалдарға қарайтындығы шындық. Алланың сондай-ақ өзіне серік қосқандардың шапағатын кешірмейтіндігі де рас. Аллаға серік қосатын пенденің пайғамбар әулетінен болуы, тіпті орынсыз. Сондықтан болар Алла тағала Нұх құлына осы жайтты ұғындыра:
– Ей, Нұх! Ол сенің әулетіңе жатпайды. Өйткені оның оңған қылығы болмады. Өзің жете білген нәрсені менен сұрап надандар қатарына қосылма! – деп қатал бұйырды.
Нұх пайғамбар бірден өз қателігін түсінді:
– Уа, Жаратушы Раббым! Білетін нәрсемді сұрағаныма қатты өкініш білдіре, кешірім сұраймын! Егер мені кешірмесең, онда менің құрдымға кеткенім..., – деп дереу Аллаға жалбарынып тәубаға келді4.
Ағаттық жасау – о бастан адам баласына сіңісті әдет. Алайда дереу кешірім тілеп, тәубаға келгендер – сол ағаттық жасағандардың ең ізгілері болып саналатындығы хадисте айтылған.



Оқи отырыңыз