Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Адам және ғалам > Адам және қатыгездік

Адам және қатыгездік

2016-06-15 13055

«Әдеттегіше кешкі жаңалықтарды қарап отырған Ахмет ағаның көңілі алабұртып әр хабар сайын бұзыла түсті. Сол күнгі бір хабар оның тіпті дегбірін алып, мазасын қашырды. Әлдекім ақылынан алжасып, үйіндегілердің бәрін тегіс жайратып салыпты. Адам өзінің ет жақындарына сондай жауыздық жасау үшін қандай психологиялық күйде болу керек. Адамдар неліктен қылмысты іске барады? Мұншалық айуандық оқиғалар қалайша және қандай себептен туындауы мүмкін? Осыларды ойлап отырғанда үйдегі кішкентай ұлының даусынан селк етті. Қолындағы титімдей ағашты бауырына кезеніп атқылағандай болып жатыр екен. «Тигіздім! Өлтірдім! Ура!» деген сөздері Ахмет ағаның онсыз да алаң көңілін одан бетер астан-кестең қылды».

Ахмет ағаның басынан өткергені көбіміз үшін қалыпты жайға айналған нәрсе болуы мүмкін. Қоғамды құраушы жеке тұлғалардың қылмыс пен қатыгездікке бейімдігінің қаншалықты артқаны күнделікті куә болып жүрген түрлі оқиғалардан байқалады. Қатыгездіктің адамның рухани әлеміне әсері және психологиялық ахуалы қандай кісілердің күш көрсетуге бейім келетіні үнемі талқыланып келеді. Бұдан бұрынғы ғасырларда адамдардың бет әлпетінен қатыгездікке бейімі анықталып, қылмыстың алдын алу көзделген. Адамның қылмыс пен қатыгездікке кезігіп басына түскен қиын жағдай бұл мәселенің психологиялық, әлеуметтік, құқықтық, психикалық және соттық медициналық тұрғыдан сарапталуына жол ашқан. Алайда, бүгінгі әлеуметтану ғылымдары дамыған Батыс елдерінде бастауыш сыныптың өзінде қатыгездікті тоқтата алар емес; демек, Батыстың  рухани нәрі қылмыс пен қатыгездіктің алдын алуға жеткіліксіз. Мәдениетке нәр берер құндылықтар жүйесінің адам болмысына әсер ететінін, сол себепті кей құндылық ықпалдарының қатыгездікті жоятындығын немесе оның пайда болу түрін өзгеріске ұшырататынын қазір жұрттың бәрі мойындайды. Осы мәселеге қатысты жүргізілген зерттеулер сенімнің және рухани құндылықтардың қылмыс пен қатыгездікті азайтуда қаншалықты әсерлі екендігін айқын дәлелдеп отыр.

Ашу-ыза – адам табиғатының бір бөлшегі. Ашу шектен шыққанда агрессия пайда болады. Діни еңбектерде Жаратушының бұл мінезге шек қоймағандығы және мұның адамның рухани тұрғыдан өсуіне түрткі болатындығы айтылады. «Бірақ адам бойындағы құмарлық күшіне, ашу күшіне және ақыл күшіне Жаратушы шектеу қоймағандықтан және адамның жеке ықтиярымен дамуына жаңағы күштерге еркіндік берілгендіктен, амал-әрекетте зұлымдық пен озбырлық көрініс табады. Бұл озбырлықтың алдын алу үшін адамзаттың қауымдық еңбегінің бөлісі әділдікті қажет етеді. Дегенмен, әрбір жеке тұлғаның ақылы әділетті толық ұғына алмайтындықтан, ортақ ой-санаға мұқтаждық бар; жекелеген тұлғалар сол ортақ ақылдан қажетінше пайдалансын. Ондай ортақ ақыл тек заң түрінде ғана болмақ»[1]

Бұл мінездің ықтимал кей хикметтері жеке тұлғаның қорғануы, құқын таптатпауы және реті келгенде жамандыққа қарсы күш қолдануы болуы мүмкін. Алайда, бұл мінездің шектен шығуы, басқаларға орынсыз зиян тигізердей болуы, жеке тұлға мен қоғамға қатер тудырады. Бәдиүззаман бұл ахуалдың астамдық жағын «тәууәххүр» (бoлмашы нәрсеге ашулану, қарсы шығу); нұқсандық жағын дүние-мүлікке, ар-намысқа, қастерлі саналатын нәрселерге бағытталған қауіп-қатерге бей-жай қарау; мұның екі ортасын «шәжаат» (мәрттік пен батырлық) екендігін атап көрсетеді. Ортасындағының селқостық танытпай және басқалардың құқығына озбырлық көрсетпей адамның табиғи күй танытуына себеп болатындығын атап өткен жөн. Орынсыз ашуланып, қарсы шығу да және енжарлық таныту да адам болмысына жат, бақыттан айырып, күйзеліске ұрындырады. Адамның табиғи ұстанымы мен амал-әрекеті кісінің өз ақысын қолдан бермеу үшін қалыпты іс-қимылға баруына себеп болады. Шектен шыққан жағдайда адамға салдары жайсыз тиетін әрекет орын алады. Осы тұрғыдан екі ортаны ұстану білім мен қоғам тәрбиесінде маңызды, тек сондай жағдайда қылмыстың және орынсыз қатыгездіктің алдын алуға болады.

Басқалардың құқығын таптаушы және қатыгездікпен басқаларға зардабын тигізуші адамдардың рухани жан дүниесін дұрыстап зерттеу керек. Тез ашуланатын, ашуына ие бола алмайтын және осы ашуын күшейтіп қатыгездікке баратын адам көбіне адами болмысынан айырылады. Қатыгездік танытқан адам ождан, ақыл және сана дағдысын қадағалаудан қалып, ішіндегі ашу күшін бар екпінімен сыртқа шығарады. Бұл әрекетті көбіне нәпсінің адамды шатастыруы және адамға ауыр тиген жағдайда өзін бақылай алмауы деп қабылдауға болады. Мәселен, жолда қателік жасаған адамға орынды сөзбен жөн сілтеудің орнына ашумен ұрысу, балағаттау секілді ауызша яки іспен қатыгездік көрсету адамның ой-сана шегінен шығып, басқаларға зиян тигізуіне себеп болады. Мұндай кездерде адам болған оқиғаны қара басы тұрғысынан ойлайтын болса, қатыгездікке тез барады, ақыл мен сана нәпсіні қадағалайтын болса, қатігездікке өйтіп ұрынбайды. Жеке басын ойлап өмір сүру де ашуды тежеуде қиындық тудыратыны байқалады. Адамға төнген қатер жеке бас тұрғысынан қарастырылғанда, орындалған амал-әрекет қатыгездікке жол бермейді. Істелген қылмыс түрлеріне зер салсақ, олардың көбіне жеке қалаудың нәтижесі екені байқалады. Мәселен, озбырлық, қиянат, кісі өлтіру, жарақат салу секілді оқиғалар жеке басқа пайда берер мақсатқа жету үшін жасалады. Мұндай әрекеттер ақылдың, ожданның және сананың жадағайлығынан орын алады. Адамның жеке бас қамының жетегінде кетпеуі үшін ақыл, жүрек, сана және ождан тетіктерін күшейтуі керек. Бұл тұрғыда Ислам және басқа шынайы діндер адамды тәрбиелейтін, қоғамға бағыт беретін өте маңызды жөн-жоралғылар көрсеткен. Осыған орай, жеке басты қорғауда және соғыс жағдайының өзінде қатыгездікке қарсы тұрғанда қалай әрекет ету керектігі айқын белгіленіп көрсетілген. Ақыл, жүрек және ождан дегендер иман, ғибадат, наным-сенім аясында бағытталған. Діни еңбектерде адамның ашу күшін тәрбиеге салған соң, оның «жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю» ісі қолынан келетіндігіне назар аудартылады.  

Харам-халал ара-жігін ажырата білу, кісі ақысын жемеу, басқаларға зиян тигізбеу секілді діни, адами құндылықтар қылмыстың және қатыгездіктің алдын алуда, кемел адам болу жолында жеке тұлғалардың белгілі бір жолды басып өтуіне себеп болады. Ақылы, жүрегі және санасы мықты тұлғалар ашуын оңай қадағалап, реті келгенде ашуын жеңе алады.

Жеке әрі қоғамдық өмірімізде адамның болмысы мен қасиетіне қайшы келетін қатыгездік пен қылмыс түрлерінің көбейгені аңғарылады. Отбасы өмірінде, оқу орындарында және өмірдің түрлі салаларында әр қилы қатыгездіктер орын алуда. Адамның рухани жан дүниесіне жағымсыз әсер ететін мұндай оқиғалар бүгінгі адамның жеке бас қамын жеп өмір сүру дағдысы барған сайын артуынан бастау алатыны анық. Менмендігі күшейген бүгінгі адам тек «мен» дейді және бұған қарсы келген кез келген нәрсені төнген қатерге балайды. Бұл түсінік адамды қашан да сақ, пысық болуға мәжбүрлейді, өзін көрсетіп, алға ұмтылуға құлшынып психологиялық кеселге шалдығады. Тек бас пайдасы мен өз қамын ойлайтын тұлғалар, өкінішке орай, әуелі ең жақындарымен, сосын қоғаммен жанжалдаса бастайды, ал реті келгенде өз нәпсісі үшін қатыгездікке барудан тартынбайтын халге жетеді. Өз эгосының жетегіне ерген жеке тұлға басынан өткен әр жағымсыз жайға ызаланады және ақыры өзіне ие бола алмай шектен шығады. Мұндай ашу-ыза кернеген ахуалды психиатрлар әр түрлі тұрғыдан сараптағанмен, егер бұл жүйке ауруынан туындамаған болса, мұнда сана түкпірінде жинақталған рухани тәрбие жүйесі арқылы тазаланбаған өзіндік тоқыраудың да әсері болатынын атап өту керек. Адам бойын кернеген ашу-ызаны сыртқа шығара алмағанда, мұны өз тұла-бойына бағыттайды. Бұл ахуал психосоматикалық кесел түрінде ағзаны бүлдіру арқылы көрініс табады және нәпсінің зардап шегу дәрежесіне қарай, адамның өзін өзі өлтіруіне дейін баруы мүмкін. Психологиялық дағдарыс нәтижесінде болатын өз жанын қиюдан бөлек өзіне өзі қол жұмсау фактілерін саралағанда, көбіне руханияттан ада кісілердің өзін өлтірмекші болғандығын көреміз.

Соңғы кездерде әлеуметтік ақпарат көздерінің қатыгездіктің белең алуын жеңілдете ме деген ой қалыптаса бастады. Өте-мөте балаларда рөл үлгілері мен әлеуметтік ақпараттың қатыгездікті арттыратыны байқалады. Телевизор, компьютер және интернетте кездесетін қатыгездік көріністері балалардың сана түкпірінде өшпестей із қалдыратыны анықталған. Өшпейтін мұндай әсерлер қатыгездікке бейімділікті арттырумен қатар, жауыздыққа деген қарсылық сезімінің жойылуына да себеп болады[2][3][4]. Бұған қатысты ғылыми деректер күн санап артып келеді. Балаларымызға тәрбиені оларға телевизор тамашалату арқылы бере алмайтынымыз анық. Олардың тәрбиесі тек ақылды, жүректі және жан дүниені бірге қолға алу тәсілі арқылы ғана жолға қойылуы мүмкін. Тәрбиеленбеген жанның қандай қатерлі оқиғаларға себеп болатыны көріп жүрген неше түрлі жағымсыз жайлардан аңғарылады. Әрбір ата-ана балаларының бірінші кезектегі қажеттіліктерін дұрыстап айқындап алуы керек және олардың материалдық өркендеулерімен қатар, рухани дамуларын қамтамасыз ететін нәрселерді де назардан тыс қалдырмауға тиіс.

Психиатриялық тұрғыдан қарағанда, әлеуметке жат адами болмыста, материалдық тәуелді жандарда және теріс әрекетке баратындарда қатыгездік жиі ұшырасады. Ондай адамдардың жас шақтарында дұрыс тәрбие көрмей өскендігі, жеткілікті дәрежеде көңіл бөлініп, сүйіспеншілік сезіміне бөленбегендігі, көңіл бөлінбей, жан дүниелеріне жарақат түсуі алдағы өмірлерінде жан ашу, аяушылық сезімінің жойылуына және ар-ожданның жадағайлануына әкеп соқтыруы мүмкін. Ақыл-ес кемдігі түрінде көрініс беретін мұндай келеңсіздіктерді психиатриялық тұрғыдан дер кезінде емдеу қатыгездіктің белең алуына тосқауыл бола алады. Үлкендерге қарағанда жастар, әйелдерге қарағанда еркектер, оқығандарға қарағанда оқымағандар қатыгездікке көбірек бейім екенін байқатады. Алайда жасы мен жынысына қарамастан ақыл, жүрек, сана және ождан пайымын жоғалтпаған адамдар тілмен де, қолмен де қатыгездікке көп бара бермейді. Сондай-ақ, жеке тұлғалардың мінез-құлық ерекшеліктері де маңызды; тез ашуланатын, шалт қимылдатын Жаратушы иеміздің «зүл-Жәләл» есіміне сай кісілердің ашуын тежеуде қажыр-қайрат көрсеткендері жөн. Мінезі мұндай балаларды жастай назарда ұстап, ұқыпты түрде тәрбиелеудің пайдасы зор.

Қоғамда күнде дерлік болып жататын жауыздық оқиғалар мен бейпіл сөздер адамдардың жүйкесіне тиіп, соның нәтижесінде адамдар болашаққа деген үмітті жоғалтуда. Ал тағы бір жаман жағы күнде алдыңнан шығатын әлгіндей оқиғаларды адамдар көре-көре еті өліп кетеді. Қатыгездіктің алдын алуда бұқаралық ақпарат құралдарының атқарар міндеттері айырықша. Мінез-құлық пен адам болмысы бірдей болмайтындықтан, көріп, естіп жүргендеріміз әркімге әр түрлі әсер етеді. Рейтинг үшін адамның осы әлсіз жерін пайдалану жақсы әдепке жатпаумен қатар, үлкен күнәға да жетелейтіні белгілі. Ең болмағанда, ой-пікірі дұрыс кісілердің жан тыныштығы, көңіл сенімі және адами құндылықтар тұрғысынан өз өмірлерінде қатыгездіктен аулақ болғандары жөн. Әлеуметтік тұрғыдан болса, кешіктірмей, қоғамда болып жатқан жауыздықты тоқтататын стратегиялар айқындалуы тиіс. Қатыгездіктің Батыста қандай  жауыздықтарға жол ашқанын назарда ұстап, бізді аман сақтап тұрған әлеуметтік және рухани құндылықтар жүйесіне барынша қолдау көрсету керек.

 


[1] Бедиүззаман Саид Нурси, Рисале-и Нур Kүллияты, Ишаратү'л-Ижаз, Ибадетин Хакикати

[2] http://www.sciencedaily.com/releases/2008/11/081103180252.htm

[3] Anderson, C.A. (2000). Violent video games increase aggression and violence [On-line]. Available: http://psych-server.iastate.edu/faculty/caa/abstracts/2000-2004/00Senate.html

[4] Huesmann, L.R., Anderson, C.A., Berkowitz, L., Donnerstein, E., Johnson, J.D., Linz, D., Malamuth, N.M., & Wartella, E. (2000). Media violence influences on youth: Expert panel report to the U.S. Surgeon General. Unpublished manuscript, Institute for Social Research, University of Michigan, Ann Arbor.

 



Оқи отырыңыз