http://akikat.kz
Ислам тарихында баға жетпес ұлы тұлғалардың бірі – хазірет Али екені күмәнсіз. Хазірет Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) құтты шаңырағында ер жеткені және хазірет Фатимамен бас қосқандығы оның негізгі ерекшеліктерінің қатарында. Хазірет Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дүниеден өткеннен кейін, хазірет Алидің алдыңғы үш халифа кезіндегі ұстанымдары мен амал-әрекеттері де, өзі халифа болып тұрғанда орын алған барлық оқиғалар да Ислам тарихының қалыптасуында өте маңызды орынға ие. Ол әрдайым әділдік пен ақиқат жағында болып, ерлігі, ілімі, адамгершілігі, Алла расулына басқалардан әлдеқайда жақындығы және Алламен арадағы байланысы, алғырлығы секілді қасиеттерімен бүгінгі бүкіл дерлік мұсылман баласына өнегелі үлгі болды және қияметке шейін солай бола бермек. Дей тұрғанменен, Харижилермен болсын, хазірет Мұғауиямен болсын соғысы және осылардың табиғи жалғасы ретінде бой көрсеткен ой-пікір мен сана-сезім, көзқарастар жүйесі хазірет Алидің өз болмысынан өзгеше бір кейіпте тарихта қалуына әкеп соқтырған. Қазір кей түсініктер тұрғысынан жеке дін, ал кейбірінің түсіндіруінше Ислам дінінің ішіндегі бір мәзһаб ретінде қабылданатын Шианың (шиизм) – шииттер өздерін солай танытады – бел ортасында хазірет Али тұр. Кей елдердегі Алевилік ағымының да бастау көзі ретінде де хазірет Алиді көреміз.
Біз бұл мақалада алдыңғы үш халифаны баян еткен үлгіде хазірет Али туралы баяндамақпыз, әсіресе, шиизмнің хазірет Алиге қатысы жайында, біздің ойымызша, онша мәлім емес кей мәселелерге тоқталып өтпекпіз.
A) Жеке басына қатысты негізгі мәліметтер
1) Дүниеге келуі, ата тегі
Хазірет Али хижрадан 20 жыл бұрын дүниеге келген. Алла расулының көкесі Әбу Талибтің кенже ұлы. Анасы – Фатима бинти Әсәд бин Хишам. Құрайыш тайпасының Хашими тармағынан тарайды.
2) Сырт келбеті
Хазірет Али орташалау келген қысқа бойлы, бидай өңді, үлкен қара көзді, қою, қалың сақалды болған.
3) Отбасы
Хазірет Али – хазірет Пайғамбардың көкесі Әбу Талибтің ұлы. Әбу Талибтің төрт ұлы, екі қызы болған. Ұлдары – Талиб, Ақил, Жағфар және Али, ал қыздары – Үммүхани мен Жумана. Осы алты баланың бәрінің анасы – Фатима бинти Әсәд. Бұлардың арасында Талибтің Бәдір соғысынан кейін, иманға келмеген күйі дүниеден озғандығы деректерде көрсетіледі.
Хазірет Алидің анасы күйеуі өмірден өткен соң исламды қабылдап, Мәдинаға қоныс аударған. Ол кісі дүниеден өткенде Алла расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үстіндегі мүбәрак киімін жолдап, соған кебін қылып орауды тапсырады.
4) Хазірет Алидің балалары
Хазірет Али (р.а.) – 14 ұл, 9 қыз баланың әкесі. Бұлардан Хасан, Хүсейін, Зейнеп және Үммі Гүлсім хазірет Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қызы Хазірет Фатимадан туған. Баршаға мәлім, хазірет Али хазірет Фатиманың көзі тірісінде басқа әйелге үйленбеген. Оның өзге некелері хазірет Фатима дүниеден озған соң болған.
5) Лақабы
Хазірет Алидің Мұртаза, Әсәдуллахил-ғалиб, кейбіреулердің айтуынша Әбу Түраб секілді лақап аттары болған. Мұртаза – Алланың разы болған кісісі деген мағынада қолданылған лақабы. Әсәдуллахил-ғалиб болса, хазірет Алидің батыр да, батыл қаһарман ретінде Бәдірде болсын, Хандак та болсын жекпе-жекке шыққаны және қатысқан барлық соғыстарында көрсеткен қажырлы қайратына байланысты айтылған болса керек. Ал Әбу Түраб болса, қара жердің қожайыны деген мағына білдіретін бұл лақапты оған Алла расулы берген. Расулалла таңған лақап болғандықтан, хазірет Али осылай аталғанды ұнатқан.
Алайда кейбіреулер бұл «Әбу Түраб» дегенді лақап ат десе, басқа біреулер куния* ретінде қарастырады.
Түркі халықтары арасында көбіне хазірет Али Хайдар-и кәррәр (қайсар батыр), Шах-и мардан (Мәрттердің шахы), Алланың арыстаны тәрізді лақап аттарымен аталады.
6) Исламды қабылдауы
Хазірет Алидің исламды қабылдауын сөз етпес бұрын, қалай да аталуға тиіс тарихтың бір үзігін баяндай өткен жөн. Өйткені, осы уақыттың ізін хазірет Алидің исламды қабылдағанында да, одан кейінгі өмірінде де байқауға болады. Мәселе былай, Құрайыш экономикалық тұрғыда қиын жағдайда қалған кезеңде хазірет Пайғамбар материалдық жағдайы тәуір басқа бір көкесі хазірет Аббасқа барып, Әбу Талибтің бала-шағасының көп екенін, мына экономикалық дағдарыс уағында Әбу Талибтің олардың күтімі мен киім-кешегіне шамасы жетпейтінін айта келіп, «бір баласын сен, ал біреуін мен қамқорлығымызға алайық» деп ұсыныс жасайды. Бұл ұсынысты қабылдаған хазірет Аббас пен хазірет Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Әбу Талибке барып өз ойларын білдіреді. Әбу Талиб «Ақил өзімде қалсын, қалғандарын ала беріңдер» дейді. Мына жауаптан кейін хазірет Жағфарды хазірет Аббас, ал хазірет Алиді Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өз қолына қамқорлыққа алады.
Тарихшылар хазірет Алидің Пайғамбарлар сұлтанының қамқорлығына «5 жасар кезінде» келгендігін атап көрсетеді. Егер бұл айтылғандар дұрыс болса, хазірет Али исламға дейін 4 не 5 жылдай пайғамбарлық нұрына шомған үйде жүрген. Баланың тәрбиесі үшін ең маңызды кез саналатын осы уақыт аралығында хазірет Алидің пайғамбар шаңырағының астында болуы ол үшін сәттілік еді. Мұны тағдырдың жазуы деген дұрыс шығар. Расында хазірет Алидің кейіннен жаһилия кезеңінің былғанышына былғанбауын, тым болмағанда, пұттарға табынбауын осы арқылы түсіндірген жөн болар. Бәлкім, алда Расулалланың пәк тегінің жалғастырушысы болатындығынан болар, Алла оны сенімді қолға тапсырып аманаттаған.
Хазірет Али 9 не 10 жастарында исламды қабылдаған. Хазірет Хадишадан кейін алғаш мұсылман болған адам – хазірет Али. Кей тарихшылар хазірет Хадишадан кейін хазірет Әбу Бәкір, одан кейін хазірет Али дейді. Ал кейбіреулер болса, әйел затынан хазірет Хадиша, ер адамдардан хазірет Әбу Бәкір, балалардан хазірет Али, құлдардан Зәйд ибн Хариса деп, таразының басын тең ұстағанды жөн көреді.
Риуаттар бойынша, хазірет Алидің исламды қабылдауы былай болған:
Бір күні хазірет Али Расулалла мен хазірет Хадишаның намаз оқып жатқанын көріп, «Бұл не?» деп сұрайды. Ардақты пайғамбар «Бұл Алланың өзі үшін таңдаған, әрі сол үшін пайғамбарлар жіберген дін» дейді және «Сені серігі жоқ жалғыз Аллаға иман етуге, Лат пен Узза пұттарынан бас тартуға шақырамын» деп, оны исламға үндейді. Хазірет Али «Бұл менің бұған дейін мүлде естімен нәрсем. Әкемнен сұрамай ештеңе айта алмаймын» деп жауап қатады. Алайда хазірет Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ол кезде дінді ашық түсіндіруге бастамағандықтан, мұны ешкімнің білгенін қаламайды және хазірет Алиге «Уа, Али! Исламды қабылдамасаң да, мұны жария етпе. Ешкімге айтпа» дейді. Сол күні түнде хазірет Али терең ойға батып, Алланың исламды жүрегіне құйғандығынан да, ертеңіне таңертең «Кеше мені не нәрсеге шақырып едіңіз?» деп Пайғамбарымыздың алдына қайтып барады. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) : «Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне куәлік ет. Лат пен Узза пұттарынан бас тарт, Аллаға қандай да бір серік қосудан сақтан» деп бұйырады. Хазірет Али куәлік сөзін айтып мұсылман болады.
Хазірет Али бір түн ойланып, ертеңіне «Уа, Расулалла! Ой жіберсем, Алла мені жаратқанда әкемнен сұрап па, мен мұсылман болғанда әкемнен сұрайтындай» деген мұсылман халықтарында кең тараған риуаяттың ислами деректер тұрғысында сенімді негізі жоқ. Шамасы бұл хазірет Алидің тұлғасын зорайту мақсатында (құдды сахих риуаяттар жетпей жатқандай) ойдан шығарылған нәрсе. Хазірет Алидей ұлы тұлға мұндай мәнсіз әрі негізсіз нәрселерге мұқтаж емес деп ойлаймын.
Жоғарыда атап өткеніміздей хазірет Алидің хазірет Хадишадан кейін бірінші болып исламды қабылдағанына қатысты түрлі риуаят бар болғанменен, Расулалла мен хазірет Хадишадан кейін исламда алғаш намаз оқыған адамның хазірет Али екендігі турасында олай емес.
Хазірет Алидің әрбірі аңызға бергісіз кей ерекшеліктерін сөз етпей тұрып, исламды қабылдаған соң әкесімен болған кездесуін маңызды болғандықтан атап өткіміз келеді. Ол хазірет Али тұрғысынан емес, Әбу Тәлибтің Расулаллаға көзқарасы қандай болғанын көрсету тұрғысынан маңызды. Өйткені, Әбу Талиб исламды қабылдамағанына қарамастан, немере інісі Ардақты пайғамбарға қолдау көрсетіп, қастасқан құрайыш кәпірлерінен оны қорғайтын. Риуаят бойынша, Әбу Талиб бір күні ұлы хазірет Алиге былай сұрақ қояды: «Ұлым, ұстанып жүргенің қандай дін?» Хазірет Али: «Әкешім! Мен Аллаға және Пайғамбарына иман еттім. Алланың елшісімен бірге Жаратушыға құлшылық жасадым. Және Мұхаммедтің ізінен ердім» деп жауап береді. Бұдан соң Әбу Талиб: «Мұхаммедтің сені жақсы іске шақыратыны анық. Сол себепті одан айырылма» дейді.
Міне, ұлына насихаты, әрі бір жағынан бұйрығы, яғни жол сілтеуі осы болған Әбу Талибтің өзінің иманға келмеуі Расулалла мен ол дәріптеген негізді мойындамауына байланысты емес еді. Оның исламды қабылдамауына себеп болған мәселелерді басқа жақтардан іздеген жөн, жеке пікірімше, мен бұл жайларды тарих бойынша үзілмеген имансыздық жолының себеп-салдарына қатысты өте маңызды айғақ деп ойлаймын, Әбу Талиб мысалын негізге алғанда байқалатын айғақтардың бүгінгі қоғамда да кездесетіндігіне, содан иман-имансыздық мәселесінде біраз сауалға жауап табуға болатынына сенімдімін.
Хижрадан бұрын Мекке кезеңінде хазірет Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мен хазірет Али екеуінің қатысымен жүзеге асқан бір оқиға бар, осының қалай да сияр философиясы тұрғысынан бағалануы керек. Уахиге сүйеніп амал қылған Пайғамбарлар сұлтанының шексіз тәухиді мен Меккеде әрекет ету стратегиясын бағамдауда өте маңызды оқиға.
Хазірет Алидің өзінің айтуы:
«Бір күні Расулалламен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Қағбаға бардық. Пайғамбарлар сұлтаны иығыма мінбек болды, мінді. Бірақ мен ол кісіні көтере алмадым. Сосын мен ол кісінің иығына міндім. Қағбаның үстінде бір пұт тұрған. Соны оңнан солға қарай итердім, пұт құлап, быт-шыт болды. Содан соң мені иығынан түсірді, сөйтіп бірге үйге қайттық».
Бұл оқиғада хазірет Алиге қатысты бірден назар аударар жай – оның Расулаллаға шексіз берілгендігі. Қастасқан меккелік мүшріктерге қарамастан, олар ақыры білмей тынбайтын әрі жауапсыз қалдырмайтын іс-әрекетке ойланбай-толғанбай баруы хазірет Алидің негізгі сенімі мен нанымын пайымдауға себін тигізеді. Осы оқиғада Расулалланың сол кезеңде мұндай іске неліктен барғанын зерделеу, айқындау ісі болса, жоғарыда айтып өткеніміздей, сияр философтарының міндеті.
Осы орайда, хазірет Алидің исламды қабылдамақ болып Меккеге келген Әбу Зәррға жол көрсеткені де міндетті түрде бағалануы керек оқиғаның тағы бірі. Өйткені, бұл оқиға сол кездегі мұсылмандардың жағдайын, әрі мүшріктердің көзқарасын, әрі хазірет Алидің кемеңгер ойын, сақтығын және ержүректігін көрсетеді. Ол былай: Әбу Зәрр Расулалламен жүзбе-жүз кездесуді ойлап Меккеге келеді. Хазірет Пайғамбарды Қағбада табармын деген үмітпен ешкімге сырын ашпай үш күн тапжылмай Қағбада күтеді. Бірақ бұл аралықта Расулалла Қағбаға келмейді. Киген киімінен, жүріс-тұрысынан оның жат жерлік екенін аңғарған хазірет Али үш күн бойы бөтен адамды сыртынан бақылайды. Ақыры үшінші күні түнде одан не үшін Меккеге келгенін сұрайды. Ешкімге айтпауға келісіп, хазірет Алиге сырын ашқан Әбу Зәрр хазірет Алиден «Шүбә жоқ, Ол – ақиқат. Анық Алланың пайғамбары. Таңертең ұйқыдан тұрғасын менімен бірге жүр. Тек маған алыстан еріп отырасың. Жолда қауіпті бірдеңе көрсем, дәрет сындырғандай болып тұра қаламын. Егер тоқтамасам, соңымнан қалмай еріп отыр» дегенді естиді. Осындай амалмен хазірет Али мен Әбу Зәрр Расулаллаға барады. Әбу Зәрр сол жерде куәлік сөзін айтып исламды қабылдайды.
Осындай және де осыған ұқсас оқиғалардың 14 ғасырлық Ислам тарихында мазмұны бір болғанмен, түрі бөлек жүздеген, мыңдағанын кездестіреміз. Демек, иман-күпір қайшылығында тайталас кейде қақтығыс түрі жағынан бірін-бірі қайталайды. Бұл тұрғыда мұсылман баласы бізге тиесілісі – Расулалла кезеңінен басталған 14 ғасырлық Ислам тарихына осы тұрғыдан қарап, өз бағытымыздың стратегиясына қатысты мәселелердің басын ашып алу. Сонда бір жағынан бұлжымас, бұлтартпас ереже, қағидалар арқылы пікір мен амал жоспарында бізге басшылық етуші Ұлы тұлғаның ізінен айнымаймыз, екінші жағынан кейінгі дәуірлерде орын алған қателіктерге (егер болса) ұрынудан сақтанып, сол кезеңді бастан өткергендей тәжірибеге қанығамыз. Бірақ бұл баршаның қолынан келмейді. Кез келген мәселедегідей, бұл жерде де жан-жақты мәлімет, көшелі ой-пікір, жинақтап қорыту қабілеті, өткен кезеңге жорамал жасай алу және келешектің жалпы жобасын болса да көре білу секілді жай адамдарда бола бермейтін қасиеттерді қажет етеді.
Ә) Хазірет Алидің басқа да қырлары
Хазірет Алидің басқа да қырлары дегенде, бір мақала шеңберінде тоқталу мүмкіндігіміздің шамасы мен көлеміне қарай, оның тарихта қай қасиеттерімен қалса, сол ерекшеліктерін сөз етпекпіз. Басқаша айтқанда, хазірет Али сөз болғанда, бүкіл адамның ойына келер сыр-сипаттарын баяндауды көздейміз, ал бұлар, біздің ойымызша, белгілі бір дәрежеде Али ибн Әбу Талибті хазірет Али, Пайғамбар күйеуі, Алланың арыстаны атандырған нәрселер.
1) Қоныс аударуы
Хазірет Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мен хазірет Әбу Бәкірдің қоныс аударуын сөз еткенде хазірет Алиді олардан бөліп қарау мүлде дұрыс емес. Өйткені, Пайғамбарымыздың хижрасында хазірет Алидің орны ерекше болған. Ол былай: Ислам басталғаннан арада шамамен 13 жыл өткен кез. Бұл 13 жыл ішінде оны жөргегінде тұншықтыруды көздеп істелген бүкіл айла-шарғылардан түк шықпады. Көрген қанша азап, қорлық, мұсылмандарды Эфиопияға мәжбүрлеп көшіру, үш жылдық бойкот, Таифте Расулаллаға қарсы істеген амалдарынан мүшріктер өздері ойлағандай нәтиже ала алмады. Керісінше, орын алған өзге оқиғалар, істің бет алысы тек исламның қолайына қарай бағыт алды. Мәселен, хазірет Омардың исламды қабылдауы, Миғраж оқиғалары, бірінші және екінші Ақаба серттерінде Әус пен Хазраж тайпаларының көптеген беделді кісілерінің исламға кіруі мүшріктерді одан бетер долдандырды. Тіпті тарихта «қайғылы жыл» деп аталған хазірет Хадиша мен Әбу Талибтің өмірден өтуі, яғни Расулалланың өзіне серік әрі қолдаушы болған екі кісіден айырылуы да исламның қалың көпшілікке әсер етуіне бөгет бола алмады. Міне, тап осы тұста мүшріктер хазірет Пайғамбарды (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өлтіріп, бұл кемелдену барысын бір жақты қылуды ойлап, Дарун-Нәдуада бас қосады. Мынадай шешім қабылдайды: Әр тайпадан күшті, ержүрек адамдар жиылып және бәрі бірге хазірет Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өлтірмек болып шешеді. Олар бұл шешім арқылы Абдүмәнап әулетінің бүкіл руларға қанды кек ұстанып соғыс ашуға батылдары жете қоймас деп ойлайды және жауапкершілікті араларында бөліседі.
Бұл шешімнен хабардар болған Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хазірет Алиге бір күні түнде өзінің төсегіне жатуды бұйырады. Өйткені, сол күні түнде мүшріктер өз ойларын жүзеге асырмақ болады. Мұны айтқан кезде «Саған еш зиян келмейді» деп ескертіп те қояды. Хазірет Али бұл бұйрықты ойланбай құп алғанда 23 жаста. Яғни, адам баласының өмір мен дүние қызығына ең бір берілетін кезі, болашақтан неше түрлі нәрсе күтіп, осы күткені мен ұстанымдары жолында өмірін арнайтын шағы. Хазірет Алиді бұлардан тыс ойлау орынсыз болар еді. Бұл оны пенделік болмысын асыра бағалау болмақ. Алайда хазірет Али бұл ұстанымдарын тек исламмен орайластыра жоспарлаған. Оның ойынша, хазірет Пайғамбарсыз өмір құр бекершілік, бұған оның көңілі сенген болатын. Және де оның ойынша, исламның шарасыз күйге түсуі өмірдің мәнін жоятын фактор еді. Солай болғандықтан, бетбұрыс жасау керек болды. Сол үшін еңбектену қажет еді. Ал Расулалла осы ұстанымдарды өмірлік қағидаға айналдыру жолында Алланың бұйрығымен қоныс аударға тиіс болды. Ал хазірет Али осы қоныс аудару оқиғасында қажет болса, хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) төсегінде, соның жолында және де сол үшін өлімге бас тігуге әзір еді. Иә, хазірет Али бұл міндетті қуана құп алады. Құп алғаны сол – хазірет Пайғамбарға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) деген иманы мен сенімінің айғағы ретінде мүшріктер жан-жақтан қоршауға алған үйде терең ұйқыға беріледі.
Осы аралықта Пайғамбарлар сұлтаны қарулы мүшріктердің қоршауындағы үйден «Ясин» сүресін оқып, бір уыс топырақты үстеріне сеуіп қастарынан өтіп кетеді. Таң атқанда хазірет Алиден шындықты білген мүшріктер Пайғамбарымыздың соңынан қуғынға шығады.
Алла Расулының хазірет Алиді Меккеде қалдыруының тағы бір себебі, өзіне қалдырылған аманаттарды иелеріне табыстау еді. Өйткені, Пайғамбарлар сұлтаны мүміні бар, мүшрігі бар Меккедегі елдің бәріне ең «әмин» (сенімді) адам болды. Оның мұндай сенімді ақтамауы әлбетте мүмкін емес. Өйткені, пайғамбарлардың ең басты ерекшеліктерінің бірі – аманатқа адалдық. Хазірет Али осы оқиғадан кейін 3 күн бойы Меккеде болып аманаттарды иелеріне тапсырады. Сонан соң кейінірек жары болатын Расулалланың ең кіші қызы Фатиманы, өзінің анасы Фатима мен жанындағы бірнеше кісіні ертіп Мәдинаға бет алады. Түн қараңғысында жүріп, күндіз жасырынып бірнеше күнге созылған хижра сапары Мәдинаға жақын жердегі Құбада Алла расулына кездескенше жалғасты. Хазірет Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хазірет Алиді қасына шақыруды бұйырады. Бірақ хазірет Али аяқтарындағы жарадан жүре алмастай күйде болатын. Пайғамбарлар сұлтаны хазірет Алиге өзі барады. Жарасын көргенде көз жасын ұстай алмайды. Мүбәрак түкірігін жарақаттың бетіне жағып, дұға жасайды, жарақаты демде жазылып, содан шейіт болғанша хазірет Алидің аяқтары еш ауырмаған.
Көріп отырғанымыздай, негізі, хижра (қоныс аудару) жанкештіліктің, жан қиярлықтың үлгісі, мақсат-мүдде жолында ата-ана мен туған жерін тастап шығуы іспетті жақтарынан әрбірі жеке-жеке зерделеуді қажет ететін ауқымды ұғым. Осылардың өзі хазірет Алидің табандылығын, төзімділігін, ерлігін, қысқасы, ірілігін көрсетуге жеткілікті жайлар. Расулалланың хижрасында маңызды рөл ойнағандығына орай, оның қоныс аударуын Пайғамбарлар сұлтанының қоныс аударуынан бөлек қарамау керектігін тағы бір ескертіп өтелік.
2) Майдан шебіндегі орны
Майдан, яғни соғыс дегенде, бірінші кезекте хазірет Алидің Тәбүк соғысынан бөлек Алла расулы болған барлық соғысқа қатысқанын атап өту керек. Ал Тәбүк соғысына хазірет Алидің қатыспауы Алла расулының бұйрығымен болған.
Бәдір соғысы – меккелік мүшріктер мен мұсылмандар арасында болған алғашқы және ең маңызды ұрыс. Тарихи бетбұрыс әкелген бұл соғыстың сарбаз жағынан да, қару-жарақ жағынан да күштер арасында тепе-теңдіктің болмағаны, мүшріктердің «бұл шаруаны тындыруға» бел буып шыққан шешімді ойлары, мұсылмандардың қарсы шептегі адамдардай әскери тәжірибесінің болмауы тәрізді мұсылмандар жағына жағымсыз бірқатар факторы болды. Бұлар Бәдір соғысын нағыз трагедияға айналдыруы мүмкін еді. Онсыз да меккелік мүшріктер бұған бек сенімді болды. Алайда Алланың қалауымен тағы иман және сол иманнан бастау алатын нәрселер бұл сынақтан да сүрінбей өтуге жеткізді.
Ерте кезде жекпе-жекке шығу дәстүрі болды, екі жақтың мен деген батырлары соғыстан бұрын жасақтардың алдында жекпе-жек ұрысқа шығатын. Бәдірде де солай болды. Мүшріктер Утба, Шәйба және Утбаның ұлы Уәлид сынды текті әрі жауынгер үш адамын алға шығарды. Олармен жеке шайқасу үшін ортаға шыққан ансарлық үш кісіні «Біз Мәдинаның батырақтарымен және қойшыларымен шайқаспаймыз» деп келіспеді. Сонан соң хазірет Хамза, хазірет Убәйда және хазірет Али үшеуі хазірет Пайғамбардың бұйрығымен алға шықты. Хазірет Алидің қарсыласы Уәлид болды. Осы жекпе-жекте хазірет Али құрайыштық айтулы қаныпезер, иманның қас дұшпанын өлтіреді. Хазірет Хамза мен хазірет Убәйда да, жараланғандарына қарамастан, қарсыластарын өлтіргесін, мұсылмандардың онсыз да көтеріңкі көңілі одан сайын жадырап сала берді.
Бұған қоса, Бәдір соғысынада ол кездегі майданда өте маңызды қызмет саналған байрақты алып жүру міндетін Алла Расулының өзі арнайы хазірет Алиге жүктегенін естен шығармау керек. Сондай-ақ, риуаяттарға сүйеніп Пайғамбарлар сұлтанының «зүлфиқар» атты қылышын хазірет Алиге тарту еткенін есте ұстаған жөн, хазірет Али өмірінің ақырына дейін осы қылышты ұстаған.
Хазірет Алидің Ухуд соғысында көрсеткен қажыры Бәдір немесе Хәндәк майданындағыдан кем емес. Иман толып кернеген кеуденің, шейіт болуды аңсап тілеген көңілдің мұндай мүмкіндік, мұрсат болып тұрғанда басқаша әрекет етуі мүмкін емес еді. Сондықтан Ухуд соғысында хазірет Али ең қиын сәтте де Алла расулының жанынан ажырамаған, оны қорғаған және Пайғамбарымыздың тісі сынып алған жарақатынан кейін, хазірет Фатимамен бірге оған жәрдем көрсеткен, бетінен аққан қанды жуып тазалаған. Хазірет Али осы соғыс жайындағы бір естелігінде былай дейді: «Ұрыс кезінде бір уақытта Алла расулынан көз жазып қалдым. Өлгендер арасына қарадым, ол жақтан да көрмедім. Сосын өзіме өзім: «Уаллахи, расулалла соғыстан қашпайды. Оны өлгендер арасынан да көре алмай тұрмын. Шамасы мына біздің ісімізге Алла ашуланып, оны өзінің қасына алған-ау. Енді мен үшін соғысқаннан басқа қайырлы нәрсе жоқ» дедім. Қылышымның қынын сындырдым, жауға тарпа бас салдым. Олар менің келгенімді көріп, ортадан қақ жарылғанда бір-ақ байқадым. Расулалла солардың қоршауында екен».
Ал Хәндәк соғысы болса, ол жалпы алғанда Ислам тарихы, жекелей алғанда Ислам соғысы тарихында өте маңызды оқиғаның бірі. Өйткені, осы соғыстан кейін құрайыштықтар ашық шабуылдаудан бас тартқан болатын. Расулалла Хәндәк соғысынан соң «Биылдан соң құрайыш сендерге шабуыл ашпайды. Енді сендер оларға шабуыл ашасыңдар» деп ақиқатты жария етеді. Иә, бұдан әрі тарих дөңгелегі теріс айналды және тек мұсылмандардың ыңғайына орай бағыт алды. Ал Хәндәк соғысында Сәлмани Фарисидің ұсынысымен Мәдинаны айналдыра ор қазып, жаудың Мәдинаға бірден кіріп келу жолын кесті.
Бұл соғыста да тап Бәдірдегідей жекпе-жек орын алғанын көреміз. Ол былай: Арабтар арасында мың сарбазға тең саналған Амр ибн Абдиуүдд астындағы атын тебініп ордан қарғып өтеді және «Кім маған қарсы шығады?» деп мұсылмандар жағына дауыстайды. Сосын «Сендердің сенімдерің бойынша шейіт болған адамның жәннатқа кіретіні қайда? Неге маған қарсы біреуін шығармайсыңдар?» дейді. Хазірет Али бірден «Мен шығайын, уа, Расулалла?» дейді. Расулалла «Отыр» деп жауап қатады. Тап осылай үш қайталанғанда да хазірет Али «Мен» дегеннен танбайды. Алла Расулы «Оның Амр екенін білесің бе?" деп хазірет Алиге сұрақ қояды. Хазірет Али шексіз сенім мен Аллаға берілген пішінде «Бола берсін» деп жауап береді де, Амрға қарсы атылып шығады. Амр жекпе-жекке шыққан хазірет Али екенін көріп, «Мен сенің қаныңды төккім келмейді» дейді, бірақ хазірет Алиден «Ал мен, Аллаға ант етейін, сенің қаныңды судай шашқым келеді» деген жауап алған соң, жекпе-жек басталады. Ақыры Алланың бұйрығымен хазірет Али арабтар «мың сарбазға тең» деген Амрды өлтіреді.
Хазірет Алидің Амрды өлтіргеннен кейін қосынға қайтып келе жатқанда былай дегені риуаят етіледі:
«Атты әскер шабуылдамақ па? Оларды да жер жастандырамын. Жарандарым, оларды маған жіберіңдер. Бүгін ызалымын, бас шаппаған қылышым ұрыс алаңын тастап кеткісі жоқ.
Ол мисыздығынан, ақылы шолақтығынан тасқа, пұтқа табынды. Ал мен болсам, Мұхаммедтің Рабына құл болдым.
Оны бос топырақ үйіндісі мен қатты, биік жер арасында құрма дөңбегі құсатып жер құшқан күйі тастап кеттім.
Оның киімін шешім алуға арым бармады. Егер жер құшқан мен болғанымда, ол менің киімімді сыпырып алар еді.
Уа, тайпалар одағы, Алланың діні мен Расулын қолдаусыз қалдырады деп ойламаңдар» (Сира, И. Хишaм, 3/236; әл-Бидая, Ибн Kәсир, 4/106-107).
Хайбар болса – хазірет Алидің атын аңызға айналдырған соғыс. Хайбар Араб түбегіндегі еврейлердің бірден-бір орталығы еді. Мұсылмандарға қарсы жүргізген ұрыстарының басты базасы болған Хайбар еврейлер үшін маңызды, стратегиялық тұрғыда ерекше мәнге ие болды. Осында әскери күшін жинаған еврейлер мұсылмандарға жау басқа күштерге амалын тауып қосылып, соғыс ашпақ болды. Мұндай жағдайда бұрын қимылдап мұндай бүліншілік, сойқанның алдын алу қажет болды. Мәдина қаласының солтүстігіндегі шамамен 180 шақырымдай қашықтықтағы Хайбарды қол астына қаратып, бұл мәселені түбегейлі шешуді көздеген Пайғамбарлар сұлтаны 1400 адамдық жасақ ертіп Хайбарға бет түзейді және ол жерді қоршауға алады. Көп күнге созылған қоршау оң нәтиже бермейді, мұсылмандардың ойы жүзеге аспайды. Ақыры бір күні түнде хазірет пайғамбар «Байрақты енді беретін кісімді Алла мен елшісі жақсы көреді және ол да Алла мен елшісін жақсы көреді» дейді. Мына сөз сарбаздардың барынша делебесін қоздырады. Бәрі Пайғамбардың өз аузынан шыққан Алла мен расулы жақсы көретін адам болуды тілеп түнді ұйқысыз өткізеді. Өйткені бәрі де бағы жанып, абыройға бөленуді қалайтын. Мәселеге сахабалардың дүние мен ақырет түсінігі тұрғысынан қарайтын болсақ, мұның өрескел көрінетін ештеңесі жоқ. Мәрт жандар байрақ ұстаушы болсам деп емес, Алла мен расулы жақсы көретін адам болсам деп аңсады, бұл мәселеде олар өзге ешкімге бұны қиғысы келмеді. Негізі мәселеге өз тұрғымыздан қарайтын болсақ та, біз де соны қалаған болар едік.
Ертеңіне Алла расулы «Али қайда?» деп сұрайды. Көзі ауырып, тынығып жатқанын естіп, оны шықырып келуге бұйырады. Расында хазірет Алидің көзі ауырып жатқан. Пайғамбарлар сұлтаны мүбәрак түкірігін көзіне жағып, дұға оқиды. Хазірет Али көзіне дәнеңе болмағандай сауығып кетеді. Сосын байрақты соған береді. Демек, Алла мен расулын жақсы көретін және Алла мен расулы оны жақсы көретін адам хазірет Али еді. Хазірет Али «Олар да біз секілді мұсылман болғанша солармен шайқасамын ба?» дейді. Алла расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Оларды исламға шақыр. Аллаға ант етейін, сенің қолыңмен Алла олардың біреуін тура жолға салса, бұл сен үшін сансыз қызыл түйені Алла жолында құрбан еткеннен де қайырлы» деп бұйырды (Mүслим, Фәдаилүс-сaхaба, 34).
Хайбарда еврейлердің аты аңызға айналған батыры Мәрхаб пен хазірет Али жекпе-жекке шықты, бұл жекпе-жектің Хайбарды басып алудағы орны ерекше. Болған жекпе-жекте хазірет Али әбжіл қимылдап, Мәрхабтың басын алады. Мұны көріп қуанған әрі қуанышын жасыра алмаған Алла расулы «Қуаныңдар! Хайбарды алу жеңілдеді» дейді. Мәрхабты өлтіргеннен кейінгі орын алған ұрыс кезінде хазірет Алидің қолындағы қалқаны түсіп қалып, қамал қақпаларының бір есігін – ол есікті ұрыстан кейін 40 адам көтере алмаған – қалқан қылып ұстағаны сол дәуірден әлі күнге ел аузында жүрген хикая. Ибн Кәсир бұл риуаятты әлсіз деп есептейді (әл-Бидая уән-Нихая. 4/189-190). Риуаяттың әлсіз не күшті екендігін былай қойып, өте мәшхүр бұл хикаяны – егер рас болса – Әхли сүннет қағидасына сүйенсек, мәселен, «Әулие кереметтері хақ» деген сенім аясында қаралатын қағидалар арқылы еш қиындықсыз түсіндіруге болады.
Хазірет Али көрсеткен қажырлы қайрат неше күннен бергі қоршаудан өтіп, Хайбарға басып кіруге себеп болады.
Тәбүк соғысына хазірет Алидің Алла расулының бұйрығымен қатыспағандығын бұдан бұрын да айтқанбыз. Тәбүк ұрысы Византия империясына қарсы мұсылмандар жүргізген алғашқы айтулы жорық десе болады. Византия әлемнің басым бөлігін әрі әкімшілік-саяси, әрі әскери тұрғыда билеп тұрған өте үлкен күш еді. Пайғамбарлар сұлтаны одан бұрынғы барлық жорықтарын жасырын ұстағанмен, бұ жолы жорық әзірлігін ашық, әрі мақсатты түрде жүргізді. Меккені өздеріне қаратып, Хунәйн соғысы аяқталған соң жүргізілген бұл жорықтың шаршау, жердің шалғайлығы, ауа райының қолайсыздығы (ыстық, құрғақшылық) секілді жағымсыз ахуалдарға қарамастан, қалай да болатындығы анық еді. Қаншама қиыншылық күтіп тұрса да, сахабалар бұл жорыққа қатысу үшін бір-бірімен жарысты. Мүмкіндігі көтермей жорыққа шыға алмағандар келіп Алла расулының алдында жылаған. Құран бұл жайды бізге мына аят арқылы көрсетеді: «(Уа, Мұхаммед!): Сондай-ақ, өзіңмен бірге жорыққа ала кетуіңді өтініп алдыңа келгендерінде: «Өкінішке орай, сендерді мінгізетін артық көлігім жоқ» дегеніңде, Алла жолында беретін еш нәрсе таба алмағандықтан қатты мұңайып, көз жасын көл қылып кері қайтқандар да (жорыққа шықпағаны үшін) күнә арқаламайды» (Tәуба сүресі, 92-аят).
Міне, осындай кезде Расулалла хазірет Алиді Мәдина басшылығына өзінің орнына тағайындайды. Яғни, уәкілі етіп қалдырады. Бұған орай, хазірет Али келіп, «Уа, Расулалла, мені әйелдер мен бала-шағаның қасында қалдырмақсыз ба?» дейді. Адамзат ардақтысының мынадай оймен өзіне келген хазірет Алиге берген жауабы оның тіпті үш ұйықтаса түсіне кірмегендей дәрежеде көңілін жайландырады: «Сен Мұсаның жанындағы Харунның орнында болғың келмей ме? Анығы сол, менен кейін пайғамбар келмейтіні анық» (Mүслим, Фaдаилүс-сахaба, 30).
Хазірет Алидің Бәдірден бастап Тәбүкке дейін шолу жасап өткен ұрыстардағы орнынан тыс, оған Пайғамбарымыз тарапынан сол Мәдинә кезеңінде түрлі міндеттер де жүктелген. Қысқаша тоқталып өтер болсақ; Хижраның 9-жылында әлі де «Фүлс» атты пұтқа табынып жүрген Тай тайпасына, осы пұтты қирату тапсырмасымен хазірет Али аттанады. Тағы сол хижраның 9-жылында хазірет Әбу Бәкір басшылығымен қажылық үшін Меккеге кеткен керуеннің артынан жаңа түскен «Тәубә» сүресін хабарлау үшін де хазірет Алиді жібереді. Тәбүк ұрысынан кейін Йеменде хазірет Халид ибн Уәлидтің мінезінен діттеген мақсат орындалмағанда, исламды таныту үшін тағы да хазірет Али аттанды және Хамадан тайпасы хазірет Алидің сыпайы ұстанымы, жөн-жораға жүйріктігі нәтижесінде исламды қабылдайды. Мұнымен қатар, хазірет Алидің Худайбия бейбіт келісімі кезінде хатшылық қызметін атқарғаны және өмір бойы уахи хатшылары арасында болғандығы жалпыға мәлім ерекшеліктері қатарында. (жалғасы бар)
akikat.kz
* Әбу, Үмму (әкесі, анасы) сөздерімен бірге айтылатын атау