http://akikat.kz
Ғайбаттың ішінде оны басқа түрлерімен салыстыруға болмайтындай қауіпті бір түрі бар. Ол бір қауымды, бір қоғамдық қозғалысты немесе жамағатқа жол көрсетуші көрнекті өкілді ғайбаттау. Ол адамның тағдыры сол жамағатпен біте қайнасып кеткендіктен, оның сыртынан ғайбат айту бүкіл жамағатты ғайбаттағанмен бірдей саналады.
Адам көркем мінезі арқылы Алай-ы иллииінге (ең жоғары шыңға) шығатындығы секілді, жаман мінез-құлқы арқылы (төмендердің ең төмені) Әсфәли-сәфилинге де түсе алады. Адамды ең төменге деңгейге құлдилататын күнәлардың бірі – ғайбат айту.
Ғайбат Кітап пен сүннеттің қаншама ескерту жасауына қарамастан, діни, ұлттық және қоғамдық жағынан қаншама залалына қарамастан, мейлі ғалым, мейлі надан болсын, түрлі мәдени дәрежедегі мұсылмандардың душар болған кеселі.
Əбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?» деп сұрайды. Сахабалары: «Алла жəне елшісі жақсырақ біледі» деді. Сонда өзі: «Ғайбат – бір адамның сыртынан оған ұнамайтын сөз айтуың», – деп түсіндіреді. Бір сахабасы сұрайды: «Егер айтқаным өтірік болмаса ше?» Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Егер айтқаның рас болса, ғайбат деген сол. Ал, өтірік болса, онда жазықсыз жала жапқаның»[1], – деп жауап берді.
Құран Кәрімде ғайбаттың қаншалықты жиіркенішті күнә екендігі «өлген бауырыңның етін жегенмен тең» деген теңеумен білдірілген. «Уа, иман еткендер! Ой атаулының көбінен аулақ болыңдар (яғни, өзге адамдар жайлы, әсіресе, мүмін бауырларың жайлы түрлі (жаман) ойларға берілмеңдер)! Өйткені, ой атаулының бір парасы (яғни, өзгелер жайлы ойлаған жаман, яки арам ойлар) күнәға жатады! Бір-біріңді аңдымаңдар және бір-біріңді ғайбаттамаңдар! Қайсібірің болмасын, өлген бауырының етін жегенді ұната ма? Әнеки, бірден жиіркеніңдер. Ендеше, Алладан қорқыңдар! Шүбәсіз, Алла – Тәууаб (құлдарының шынайы тәубелерін қабыл етуші), Рахим (тәубаға келіп, Өзіне бет алған құлдарына ерекше мейірімді), (Хужурат сүресі, 12-аят) делінеді.
Бәдуиззаман Саид Нұрси өзінің Құран тәпсірінде айтылып отырған тәмсілді барлық жағынан қарастырған. Берілген аятта ақыл, жүрек, адамшылықпен, ар-ождан, жаратылыс мінез арқылы және ұлт ретінде ұнатпайтын ғайбатты мәні сондай терең, теңдессіз алты дәрежедегі астарлы ескертуі арқылы жеткізген.
аятының басындағы «Хәмзә» арқылы тыңдаушыларға мынадай сауал қойылуда. «Соншалықты дәрежедегі жиіркенішті нәрсені ұғынбайтындай, сұрақ пен жауапты айыра алатын ақылдарың жоқ па?» Және аяттағы «юхиббу» сөзімен «Тіксіндіретін істі жақсы көретіндей, сүю және жек көруді айыра білетін жүрегіңіз соншалықты бұзылған ба?» – деп сұралады. Аятттағы «әһәдикум» сөзімен «Өміріңізді улайтын бір амалды қабыл ететіндей қоғамдық өміріңіз бен мәдениетіңізге не болған?» – деген сұрақ келеді. Төртінші сұрақ ретінде, «ән уәкулә ләһмә» сөзімен «Адамшылығыңызға не болған жыртқыш жануарлар секілді жолдасыңызды талап жатырсыз?» – делінсе, бесінші сұрақ ретінде «әһиһи» сөзімен «Сізде мейірімділік, жанашырлық, туыстық қатынас деген жоқ па? Қанша қырымен сізге туыс болып келетін бір бауырыңыздың тұлға ретіндегі рухани күйіне ынсапсыздық көрсетіп сыртқа теуіп жатырсыз?» Аяттағы «мәйтән» сөзімен «Ар-ожданыңыз қайда? Ең құрметті кезде де адам етін жеу секілді жиіркенішті істі жасайтындай, жаратылысыңыз бұзылған ба?» – деген [2] сұрақтар қояды және сол арқылы ғайбаттың харам болуындағы хикметтеріне назар аудартады.
Үлкен тәпсіршілердің бірі Алуси өзінің тәпсірінде осы аяттың тәпсірін жасаған кезде «Исламның қол астында өмір сүрген мұсылман емес қауымдарды ғайбаттау да харамға жатады. Өйткені, олардың малы, жаны мен ар-намысы, дін және құқықпен қорғалған. Бірақ исламға қарсы соғысқа шыққандар туралы ғайбат айтуға рұқсат етілген» деп көрсетеді. Бұған қоса, Ибн Хиббанның «Сахихінен» «христиан немесе яхудиді келемеждеу мақсатында яхуди немесе христиан деп атағанның да есебін беретіндігі» туралы хадисті келтіреді[3]. Бұдан шығаратын қорытынды, мүміндердің бір-біріне деген әдебі мен ұстанымдары қаншалықты маңызды болса, олардың иман иелері болмағандармен қарым-қатынасы да соншалықты маңызды.
Ғайбат – қоғамдағы өмірімізге зиянын тигізіп, адамдар арасындағы жақсы қатынастарға, адалдық пен сенімге балта шауып, бауырластықты жоятын қылық. Залалы ұзақ уақыттан кейін белгілі болады, көбінесе әңгіме барысында орын алады, сын айтып жатқандай болып көрінеді және іштей рақат сезімге бөлейді. Содан болар адамдар ғайбат жасап жатқандығын аңғармай да қалады. Хазірет Ибн Аббас пен Зәйнәлабидин «Ғайбат ит мінезді адамдардың ісі»[5] деген.
Қарым-қатынас құралдарының өте тез жылдамдықпен дамып, әлем кішкентай ауылға айналған заманда, ғайбат жаһандық деңейге көтеріліп кетті. Қазіргі уақытта жақсы не жаман істерге қолданылатын телевизия, интернет секілді БАҚ құралдары арқылы адамдардың қателіктері мен кемшіліктері миллиондаған адамдарға танылып, сол миллиондаған адамдар тағылған айыптар мен ғайбатқа куә болуда. Сондықтан адамдар осы жаһандық күнәдан қалай тәуба ететіндерін, орынсыз айыптаулар мен кінә тағудың есебін қалай бере алатындығын ойлап ес жиюы керек.
Ғайбаттың ішінде оны басқа түрлерімен салыстыруға болмайтындай қауіпті әрі құрдымға түсіруші зілдей ауыр күнәға жататын сондай бір түрі бар. Ол бір қауымды, бір қоғамдық қозғалысты немесе жамағатқа жол көрсетуші көрнекті өкілді ғайбаттау. Ол адамның тағдыры өзі бір мүшесі болып табылатын жамағатпен біте қайнасып кеткендіктен, оның сыртынан ғайбат айту бүкіл жамағатты ғайбаттағанмен бірдей саналады.
Ғайбаттың ымы-жымы білінбей, күнәсіз көрінетіндігі Пайғамбарымыздың Айша анамызға (р.а.) жасаған ескертулерінен нақты көрінеді: Бір күні Айша анамыз (р.а.) «Уа, Алланың елшісі! Сафияның пәлен-түген жай-күйінің өзі сізге жеткілікті» дегенде (кейбір риуаяттарда оның бойының қысқалығын айтқан делінеді), Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қабақ шытып: «Сондай ауыр сөз айттың, егер ол теңізге араластырылса, теңіз суын да ластап жіберетін еді», – деген.
Айша анамыз (р.а.) айтады: «Бір жолы әлдебір кісіні келемеждеу масқатында оның қылықтарын салып едім. Расулалла дереу «Ей, Айша! Ғайбат жасадың! Маған сондай дәрежеде дүние берілсе де басқа біреудің айбы мен кемшілігін сыртқа білдірмеймін, оны мазақтамаймын», – деп қарсылық білдірді.
Ғайбаттың мұндай жағдайына қатысты құрметті М. Фетһуллаһ Гүленнің айтқан пікірі өте маңызды. «Кейбіреулер ғайбаттан сақтанған боп көріну үшін: «Одан да бетері бар. Бәрін айта берейін десем, ғайбат болады ма деп қорқамын» деп жұмбақтап сөйлеуі – ашық айтылған ғайбаттан да ауыр күнә. Ол – адамға харам ойларды құртша қаптататын, әртүрлі жорамал жасауға итермелейтін, ашық айтылған мың жаладан да бетер ауыр күнә. Өйткені, ол тыңдаушының санасын сан саққа жүгіртіп, неше түрлі жаман ойларға жетелейді».
ҒАЙБАТТЫҢ ЖОЛДАСТАРЫ
Ең алдымен ғайбат – мүмінді құрметтеу не көкке көтеріп мадақтау емес, оның намысы мен арын былғап жасалатын күнә. Осы себепті бір мүмінді қор санап, өзінен төмен санау ғайбатты дайындайтын амалдардың бірі [9]. Негізінде пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Ол бауырына қиянат етпейді, өтірік айтып алдамайды жəне масқараламайды. Мұсылманның ар-намысы, мал-дүниесі жəне қаны мұсылман үшін харам (қол сұғуға тиым салынады). Тақуалық, міне, мұнда (жүректе). Адамның мұсылман бауырын қорлауы жамандық ретінде жетіп артылады» [10] деген.
Бауырына тіл тигізу және оны масқаралау болса теріс атылған қаруға ұқсайды. Адам осы әрекетінің жазасын көп уақыт өтпестен не өлмей тұрып алады. Кейде бір нәрсемен сыналады. Бауырын айыптау мен масқаралау (ләмз) күнәсі сөзбен ғана емес, іс-әрекетпен, ым-ишара арқылы да болады. Бір дененің мүшелері секілді болған мүміндер бауырларын айыптап, масқаралаған кезде, негізі өздерін айыптағандай болады. Бұған қоса, ғайбатпен бірдей дәрежедегі пасықтықтың бір түрі діндес бауырының ашуына тиетіндей, ар-намысын таптайтындай лақап таңу және лақап атпен шақыру болып табылады. Білуімізше, хазірет Омарға «Фаруқ», хазірет Әлиге «Әбу Тураб», хазірет Халидке «Сайфуллаһ» делінгендігі сияқты, адамды келемеждеп, мазақтап, масқараламайтындай, ашуына тимейтіндей лақап атпен атаудың ешқандай әбестігі жоқ.
Ғайбат көбінесе суизан (жаман ой) арқылы пайда болады, адамдар көбінсе суизан ететін (жаман ойлайтын) адамдары туралы ғайбат айтады. Расында да ғайбатқа жол ашатын немесе оны тудыратын күнәлардың басында, мүмін бауырының іс-әркеттері туралы негізсіз күмәндарға сүйенген, жаман ой мен жорамалдан тұратын суизан келеді. Нәтижесінде тізбекті шеңбер қалыптасады, кейде суизан ғайбатты тудырса, кейде ғайбат суизанды тудырады. Сондықтан Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Суизаннан сақ болыңыздар. Өйткені, ой (орынсыз айыптау) сөздердің ішіндегі ең жаманы»[11], – деп айтқан.
Ғайбатқа итермелейтін күнәнің бір түрі – тәжәссус, яғни басқалардың кемшіліктерін іздестіру. «Хужурат» сүресінің 12-аятында алдымен суизан (жаман ой) содан кейін тәжәссус (кемшіліктерін іздестіру), содан кейін барып ғайбат харам қылынған. Аяттағы тыйымдардың жүйесі, күнәға баратын жолдағы қадамдардың нақты белгіленуі назар аудартады [12]. Тәпсіршілер де осы жүйеге баса назар аударған. Кімде-кім бауырының кемшілігін іздестіріп айтар болса, тура сонымен жазаланады. Өйткені, Алланың елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): ««Ей, тілімен иман келтіріп, жүректерімен сенбегендер! Мұсылмандардың сыртынан сөз айтып, кемшіліктері мен кінәларын тізбелемеңдер. Кімде-кім мұсылмандардың құпия халдерін іздесе, Алла тағала да оның кінәларын ашады, тіпті, үйінде тығылып отырған күннің өзінде оны жұртқа масқара қылады»[13], – деген. Тағы бірде «Ешкім сахабаларым жайлы жағымсыз сөз айтпасын. Өйткені, мен алдарыңа ішімде ешқандай жаман сезімсіз шыққым келеді»[14], – деп өзгелерді сырттай жамандағысы келгендерге ескерту жасаған. Оның бойында қай мәселеде болсын жақсы үлгі-өнеге бар. Бұл тақырыпта да біздің жолбастаушымыз, әрине, Расулалла болмақ. Адам баласымыз, осал тұстарымыз жоқ емес. Біреудің сыртынан айтылған сөздер жүрегімізге жара салып жаман сезімнің, өшпенділіктің тууына жол ашады. Қайсыбір мұсылманның Алла тағаланың құзырына өз бауырына деген жағымсыз не ренішті оймен аттануы жақсылықтың нышаны емес.
ҒАЙБАТТАН ҚОРҒАНУ ШАРАЛАРЫ
«Ғайбаттан қалай сақтануға болады?» деп сұралған кезде ең алдымен қандай жағдай болса да ғайбатқа бастайтын күнәлардан мүмкіндігінше алыс тұру керек. Иә, негізгісі жақсы ойда (хуснизан) болу керек. Мүмін бауырың туралы тырнақ астынан кір іздеп, кемшіліктерін тізбектеп әшкере қылғанша, хадисте айтылғанындай «Кімде-кім ғайбаттаушы бір мұнафықтан (екіжүзді) мұсылманды қорғаса, Алла оған денесін жаһаннам отынан қорғайтын бір періште жібереді. Кімде-кім мұсылманды жамандау мақсатымен бір жала жапса, Алла оны жаһаннам көпірлерінің бірінің үстінде сөйлегендерінің күнәларынан арылғанға дейін ұстайды», – дегендей ұстанымда болу керек. Әркім өзгенің кемшіліктеріне өз кемшіліктерін назарға ала отырып қарасын. Сонда өзінің де судақ таза, сүттен ақ еместігін байқайды. Өз мінін білген адам өзгеден мін іздемейді.
Ғайбаттан сақ болу үшін алдымен мына аятта айтылған жауапкершілік сезімі мен ыждаһаттылыққа ие болу керек. Барлығы не айтса да, қандай әрекет жасаса да оны Алла тағаланың көріп, біліп тұрғандығын және жасаған барлық амалының есебін беретіндігін ойдан шығармауы керек. Өйткені Құдіретті Алла: «Алланың күллі аспан әлемі мен жердегінің бәрін білетіндігін көрмеймісің?! Үш кісі жасырын бас қосып құпия сөйлессе, сөзсіз олардың төртіншісі Алла болмақ. Сондай-ақ, бес кісі жасырын бас қосып, құпия сөйлессе, сөзсіз олардың алтыншысы Алла болмақ. Тіпті, одан да аз яки көп адам қай жерде болмасын жасырын бас қосып құпия сөйлессе, Алла міндетті түрде олармен бірге болмақ. Кейін қиямет күні пенделерін дүниеде не істеп, не қойғандарынан хабардар етіп, жаппай жауапқа тартады. Шүбәсіз, Алла барлық нәрсені білуші» (Мүжәдәла сүресі, 7- аят) деп бұйыруы арқылы әрдайым бізбен бірге екендігін есімізге салуда. Иә, Алла тағала бізге күре тамырымыздан да жақын. Ол нәпсіміздің бізге не сыбырлағанын біледі. Барлығын білетіндігіне қарамастан, әрбір айтқан сөзіміз бен жасаған іс-әрекеттерімізді жазып отыратын бақылаушы куәгерлер мен періштелерді тағайындаған. «Оның оң жағы мен сол жағында отырған екі бірдей хатшы періште жақсы-жаман барлық істерін жазып алуда. Сондай-ақ адам баласының аузынан нендей сөз шықса да дәл қасында оның аузын бағып, бірде-бір сөзін қалт жібермей жазып алып тұратын бақылаушы періште бар». (Қаф сүресі, 17-18- аят) Қиямет күнінде барлық амалдарымыз жазылған дәптер бізге көрсетіледі және жасаған әрбір іс-әрекеттер, сөзімізбен бетпе-бет келіп, есебін береміз.
Сұхбаттар мен жиналыс өзінің әдебіне қарай болуы керек, әсіресе, керексіз бос әңгімелерге үйір болмау керек. Басқаша сөзбен айтар болсақ, дұрыс әрекет етіп, игі істер, тақуалық, адамдардың арасын жарастыру, жомарттық және жамандықтан тыйып жақсылыққа шақыру секілді негізгі діни ахлақ шеңберінде бір арада жиналуы керек. Тура мына аятта айтылғандығы секілді: Олардың күңкілдерінің, оңаша бас қосқан құпия жиналыстарының көбінде қайыр жоқ. Алайда мұқтаждарға садақа беруді, ізгілікті, жақсылық жасауды және араздасқан адамдардың арасын жарастыруды бұйыратындардың оңаша бас қосып, сырласып, өзара кеңес құрғанының жөні бөлек. Кімде-кім мұны Алланың разылығына бөленуді қалап істесе, оны зор сауапқа (сый-сияпатқа) бөлейміз (Ниса сүресі, 114-аят)
Ғайбат және соған ұқсас күнә орын алған жағдайларға кезіккен кезде мүмкіндігінше жақсы сөзбен насихат арқылы жамандықтан тыю керек. Оны жасамаған жағдайда тура сондай күнә жасағандай болады. Егер ғайбаттаушыға күші жетпесе, ділімен оны айыптап, шамасы келсе ол жерден кеткені жөн. Егер әлдекімдердің Алланың аяттарын мазаққа айналдырып отырғанын естісеңдер, олар басқа әңгімеге көшпейінше қастарында отырмаңдар. Ал егер түк болмағандай отыра берсеңдер, демек, сендер де солар сияқтысыңдар (Ниса сүресі 140; Әнғам сүресі, 68). Жаман сөз немесе әрекетке кезігіп, оның күнә екендігін түсіндіргіміз келсе, дереу оны ашық айтпай ғайбат еткен адам немесе адамдарды басқаларға білдірмей жалпылама айтқан дұрыс. Сонда ғана «Басқаларды ғайбат айтудан сақтандырамыз» деп өзімізде ғайбатқа жол беруден аман боламыз. Өйткені, пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол іске қатысты адамның есімін атамастан «кейбіреулер неге былай-былай жасайды»[22] деп оларды түзету мақсатында ескерту жасап отырған.
Ар-намысызды қорғауымыз қаншалықты маңызды болса, тілімізге де иелік ету соншалықты маңызды, хазірет Иса (а.с.) секілді тілімізді жаман сөздерден таза ұстау керек. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Мәриямұлы Иса жолда кетіп бара жатқан кезде доңызды кездестіріп оған: «Амандықпен өт» дейді. Сол кезде «Бұл сөзді доңызға қалай айтып жатырсың?» деп қарсылық танытқандарға: «Мен тілімді жаман сөзге үйір қылудан қорқамын», – деп жауап берді деген.
БІРЕУДІҢ СЫРТЫНАН СӨЗ АЙТУҒА РҰҚСАТ БЕРІЛЕН ЖАЙТТАР
Ислам ғалымдары айтып жеткізудің басқа жолдары болмағанда, немесе адамды түзету мақсатында мына жағдайларда ғайбатқа рұқсат екендігін айтуда:
А) Жәбірленуші ақысын алу үшін өзіне жәбір көрсеткен адамның үстінен арызданып, «ол маған мынаны-мынаны істеді» деп мемлекет басшысына, сотқа немесе сол залым адамнан ақысын алып беруге шамасы келетін адамға сыртынан сөз айта алады.
Ә) Залалдың алдын алу, зиянға жол бермеу мақсатында мұсылман бауырына ескерту үшін насихат жасаған кезде. Біреу екінші бір адаммен ортақ жұмыс істегісі келіп, оны танитын адамдарынан келешекте бірге жұмыс істейтін адамы жайлы пікір сұраса, оны танитын кісі ешқандай жаман ниетсіз оның кемшіліктерін ашық айтып, ол жайлы мәлімет бере алады.
Б) Іштей еш дұшпандық ойлап кемсітпестен тек қана таныту мақсатында «ана ақсақ кісі ше» немесе «ана соқыр кісі бар еді ғой, сол пәлен жерге кетті» деп айту ғайбатқа жатпайды.
Д) Ашықтан-ашық күнә істеп, бұдан еш ұялмаған, тіпті, жасаған күнәларын мақтан тұтқан пасық адамның сыртынан сөз айтуға болады. Пасық пен күнә жасаудан қысылмай жария ететін адам болса, мысалы, арақ ішетін болса, ол ішімдік ішеді деп айту ғайбатқа жатпайды. Бірақ ашықтан-ашық ішімдік ішеді, барып тұрған ұятсыз екен өзі деп басқа да кемшіліктерін жария ету ғайбатқа жатады. Міне, осы аты аталған жағдайларда іштей дұшпандық ойламастан, тек қана залалдың алдын алу, зиянға жол бермеу мақсатымен ескерту үшін насихат жасау мақсатында ғайбатқа рұқсат етілген.
ҒАЙБАТТЫҢ ДҮНИЕЛІК ЖӘНЕ АҚИРЕТТІК ЖАЗАЛАРЫ
Ғайбаттың ақиреттік жазасына келер болсақ, ол ең алдымен кісі ақысын жеуі. Кісі ақысына аса сақтықпен қарамаған мүміннің ақирет күніндегі жағдайын түсіндірген кезінде Алла елшісі оны «муфлис» (тақырға отырушы) деп атаған. Бірде сахабалармен болған кезде «Муфлис кім?» деп сұрайды. Сахабалар «Муфлис біздің арамызда ақшасы мен мал-мүлкі жоқ адам»,— деп жауап береді. Сонда Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Муфлис деген мынау: «Қияметте амал дәптерінде өте көп намаз, ораза, зекет сауаптары болады. Бірақ кейбір адамдарға түрлі жолмен зияны тиген. Сауаптары бұл ақы иелеріне беріледі. Ақыларын өтеп бітпей тұрып сауаптары таусылса, ақы иелерінің күнәлары мұның мойнына жүктеліп жаһаннамға тасталады», – дейді.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) басқа бір хадисінде: «Миғражда жез тырнақтарымен беттері мен кеуделерін осып тырнап жатқан адамдардың қасынан өттім. Сонда мен: «Уа, Жебірейіл! Мыналар кімдер?» – деп сұрадым. Ол: «Бұлар адамдардың ар-намыстарына тиіп, олардың етін жегендер» деді», – деген.
Енді ғайбаттың осы дүниедегі жазасына келер болсақ, ол ең алдымен қоғамдық өмірдегі бірлік пен берекетті, адамдар арасындағы жылылықты жояды және бір-біріне қол үшін созу, көмектесу секілді қаншама жақсы істерге кедергі болады. Аяттардың біріндегі өлтіруден де ауыр саналатын іріткіге себеп болады. Арадағы іріткі көптеген күнәні өзімен бірге әкеледі. Бұған қоса, басқалардың күнәларын іздестіріп, оны жария ету теріс атылған қаруға ұқсайды. Мұндай адамдар дүниеде кімнің айыбы мен кемшілігін ашатын болса, Алла олардың үйлерінде болса да соған ұқсас жағдаймен масқарасын шығарады. Ғайбаттаушы тура сондай кемшілікпен сыналады және тура сондай жағдайды басынан өткізбейінше бұл дүниемен қош айтыспайды. Кімде-кім біреуге жамандық қылса, осы дүниенің өзінде-ақ жазасын көреді. Өйткені, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Кімде-кім бір мұсылман бауырын айыптаса, оны өзі жасамай жатып жан тапсырмайды» деген [22].
ҚОРЫТЫНДЫ СӨЗ
Ғайбат айтқан жан алдымен тәубе етіп, Алладан кешірім тілеуі керек. Содан кейін ғайбатын жасаған адамға жағдайды айтып, кешірім сұрап, болған жағдайды айтқаны жөн. Мысалы, «Мына нәрсені сенен рұқсатсыз алдым, сенің сыртыңнан ғайбаттадым» т.б. Егер жағдайды баяндау барысында айтылған сөздер өткенді еске салып, кісінің жүрегін қайта жаралайтын болса, онда тек «ақыңды кеш» деп, кешірім сұраған жөн.
Жалпы мұсылманға жарасатын іс ғайбат айтпау, ғайбатқа жоламау, ғайбат айтқан кезде немесе өз еркімен ғайбатты тыңдаған кезде «Раббым мені сыртымнан жамандағандарды кешір» деп жалбарыну және ғайбаттаған адамына кезіккенде одан кешіруін сұрау. Өйткені, ғайбат бауырластық сезімін, бірлік пен татулықты, оттың ағашты жағып тауысқандығы секілді жоқ ететін динамитті мұнафықтық (екіжүзділік )амал және мұнафықтың жасайтын күнәсі.
www.akikat.kz
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Әбу Дәуіт, Әдәб, 40; Муслим, Бирр, 70
2. Бәдиуззаман Саид Нұрси, Мәктубат, 22 Мәктуб, 312 б.
3. Алуси, Руһул-Мәғани, 26/241.
4. Терең әрі жан-жақты білу үшін Фетһуллаһ Гүлен, Фикир атласы, Инанчсызлара кафир демемели, 84
5. Алуси, Руһул-Мәғани, 26/242.
6. Фетһуллаһ Гүлен. Қандай қорқынышты қылмыс, 187 б.
7. Әбу Дәуіт, Әдәб, 40, Тирмизи, Сифатуль-қияма, 52.
8. Фетһуллаһ Гүлен, Фасылдан фасыла, Измир 1995, 1/130.
9. Гиубетин махиети ве себеплери ичин: Имам Ғазали,Ихияюулмуддин терж: Ахмет сердароглу, 3/327.
10. Әбу Дәуіт, Әдәб, 35, Термизи, Бирр,18.
11. Бухари, Әдәб, 57; Муслим, Бирр 28-34; Әбу Дауд, Әдәб, 40, 56, Термизи, Бирр 18.
12. Әбу Һаянн, Баһрул-Муһит, Бейрут 1992, 9/521; Алуси Руһул-Мәғани, Бейрут 1997, 16/242.
13. Тирмизи,Бирр, 83; Әбу Дауд, Әдеб 34.
14. Әбу Дәуіт, Әдеб 33.
15. Фетһуллаһ Гүлен, Фасылдан фасыла, Измир 1995, 1/77.
16. Әбу Дәуіт, Әдеб 36; Ахмед ибн Ханбал, 3/441.
17. Бухари, Итисам 5.
18. Имам Малик, Муатта, Кәлам, 4.
19. Алуси, Руһул-Мәғани, 26/242. 2. Бәдиуззаман Саид Нұрси, Мәктубат, 22. Мәктуб 313 б.
20. Муслим, Бирр,Әдеб 40.
21. Әбу Дәуіт, Әдеб 40.
22. Тирмизи, Қиямет 53.