Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Ақида және ғибадат > Матуриди көзқарасында шапағат мәселесі  

Матуриди көзқарасында шапағат мәселесі  

2015-11-13 6546

Шапаға сөзі тілімізге араб тілінен енген сөз болып, сөздіктегі мағынасы жәрдемдесу, араға түсіп, дәнекер болу дегенге саяды. Ал, діни терминологияда ақырет күні Алла Тағаланың рұқсатымен Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) пайғамбар және басқа да иманды жандардың күнәлі бір адамның жәннатқа кіруіне көмектесуін білдіреді.

 

Шапағатты Алла Тағаланың кеңшілігі деп ұққан жөн. Өйткені, бұл Оның ақырет күні күнәхар құлын өзге сүйікті құлдарының өтінішімен кешіріп, рақымына бөлеуі. Мысалы: бір сахих хадисте: «Бірде бір зағип сахаба пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) келіп: «Уа, Алланың елшісі! Менің көзімнің көруі үшін Алла Тағалаға дұға етсеңіз», - деп өтінеді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оған: «Қаласаң көзіңнің айығуы үшін дұға етейін. Ал, қаласаң сабыр ет! Бұл сен үшін қайырлы» дейді. Сонда сахаба: «Дұға етсеңіз» дейді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оған дәрет алып, екі рәкат намаз оқығаннан кейін мына дұғаны оқуын бұйырады: «Алла Тағалам, мен Сенен Сенің рақым пайғамбарың Мұхаммедтің құрметі үшін сұраймын. (Уа, Мұхаммед!) мен сенің құрметіңді тілге тиек етіп мұқтаждығымның өтелуі үшін Раббыма бет бұрдым. Раббым, оны маған шапағатшы ет!»[1]деген.

 

Ислам ғұламалары шапағат туралы келген аят-хадистер негізінде шапағаттың бес түрі болатынын айтады. Олар:

1. Адам баласы есеп беру қарсаңында тұрғанда болатын шапағат.

2. Мүміндердің бір бөлігіне шапағат етілу себепті есеп берместен жәннатқа кірулері.

3. Жәннаттықтардың дәрежелері өсуі үшін болатын шапағат.

4. Мүміндердің тозақ отынан құтылуы үшін болатын шапағат.

5. Тозақта мәңгі қалғандардан кейбірінің азабын жеңілдету үшін болатын шапағат.

    

Шапағат мәселесіне қатысты аят-хадистер

 

Қасиетті Құрандағы: «Сондай-ақ ол күні Рахманның Өзі шапағат етуге рұқсат беріп, сөзіне разы болған жандардан өзгелердің шапағаты ешқандай да пайда бермейді» (Таһа сүресі, 109-аят), «Алланың құзырында Өзі рұқсат еткен адамынан басқаның шапағаты түкте пайда бермейді» (Сәбә сүресі, 23-аят), «Аспан әлемінде қаншама періште бар. Алайда, Алла қаламайынша һәм разылық танытып, рұқсат етпейінше, олардың біреуге жасаған шапағаты титтей де пайда бермейді» (Нәжім сүресі, 26-аят) десе, тағы бір аятта: «Оның (Алланың) рұқсаты болмастан ешкім шапағат ете алмайды» (Бақара сүресі, 255) деген аяттарда ақырет күні шапағаттың болатыны әрі Алла Тағаланың рұқсат еткен адамы ғана шапағат ете алатыны айтылады.

 

Алла Тағаланың барлық ісінде әділдік, тепе-теңдік болғандығы сияқты шапағат жасалуда да әділдік болады. Шапағат етуге рұқсат берілген адам кімге қаншалықты дәрежеде шапағат ететіні де белгіленген. Егер шапағат ету түгелдей адамның өз еркіне берілсе, онда адам шапағат етілуге лайық болмаған бір жақынына шапағат етуі мүмкін еді. Сондықтан шапағат мәселесі де Алла Тағаланың қалуымен, рұқсатымен болады.

 

Ал, қасиетті Құрандағы: «Уа, иман еткендер! Сауда-саттық, достық және біреудің біреуге болысып, ара түсу (шапағат) деген нәрсе атымен болмайтын алапат күн (қиямет күн) келмей тұрып, өздеріңе берген (дүние-мүлік, күш-қуат, ақы-білім сияқты) ризық-несібемізден Алла жолында жұмсаңдар. Кәпірлер (күнә арқалап өз-өздеріне обал қылған) нағыз залымдар» (Бақара сүресі, 54-аят), «Иман еткен құлдарыма: «Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей оқысын және сауда-саттық та, достық та жүрмейтін алапат күн келмей тұрып, өздеріне ризық етіп бергендерімізден жасырын және жария түрде (Алла жолында) жұмсасын», - деп айт» (Ибраһим сүресі, 31-аят) деген аяттардың мағынасы туралы имам Матуриди: «Бұл жерде сөз мүміндер туралы болғанымен дүниеде ақырет күніне иман етпеген, құлшылық-ғибадатын орындамаған және сауда-саттық пен достықтың мәніне жетпеген кәпірлердің сипаты айтылады. Олар Алла Тағаланың құзырына барғанда, оларға ешкімнің достығы да, шапағаты да бұйырмайтыны айтылады. Бұл аяттар мүміндерді ұнамсыз сипаттардан сақтандырып, жол көрсетуде»[2] деген. Сонымен қатар иман еткендерге құлшылықтарына ықтияттылық таныту керектігін ескертеді.    

 

Шапағат жайлы пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір хадисінде : «Әрбір пайғамбардың Алла қабыл ететін бір дұғасы бар. Олар сол дұғасын бұл дүниеде жасауға (іске асыруға) асықты. Мен болсам бұл дұғамды қиямет күні үмбетіме шапағатта қолдану үшін ақыретке қалдырдым. Алла қаласа, үмбетімнен Аллаға серік қоспай дүниеден қайтқандар одан несібелерін алады»[3]деп, шапағатынан Аллаға ортақ қосқандардың махрұм қалатынын ескертеді.

 

Басқа бір хадисінде: «Мен үмбетімнен  үлкен күнә жасағандарға шапағат етемін»[4]деген. Бұл хадисті «Үмбетім! Қандай ауыр күнә болса да, алаңсыз, қорықпай істей бер. Сізге өзім шапағатшы боламын» деген мағынада түсінбеуіміз керек. Бәлки, рақым пайғамбары (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ауыр күнә істеп, тозақ отына жанып, шырылдаған үмбеті үшін Жаббар Иесіне жалбарынып,  кешірім тілеуі деп ұққан жөн. Әрі Алла Тағалаға иман етіп, ауыр күнә жасаған кісімен бүкілдей иман етпеген кәпір тең еместігін де ашық баяндап тұр. Сол себепті, әһлі сүннә уәл жамаға сенімі бойынша, ауыр күнә жасаған адам тозақта мәңгі қалмайды.           

 

Шапағат турлы Ислам ғұламаларының көзқарасы

Шапағат мәселесінің хақ екендігі әһлі сүннә уәл жамаға ғалымдары тарапынан бір ауыздан келісілген мәселе. Бұл жайлы имам Әбу Ханифа: «Жәннаттық әрбір мұсылмандарға, тіпті, ауыр күнә жасағандарға да Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) шапағаты тиері хақ»[5]десе, имам әл-Бәздәуи: «Әһлі сүннә уәл жәмаға ғалымдарының көзқарасында, бұл дүниеде ауыр күнә істеген мұсылман адамға ақыретте шапағаттың болатыны ақиқат. Оларға тозақ азабы берілмей тұрып елшілер, пайғамбарлар және ғалымдар тарапынан шапағат етіледі. Сөйтіп, Алла Тағала оларды тозаққа кіргізбестен, бірден жәннатына кіргізеді. Кейде шапағат ауыр күнә істеген жандардың тозақта азап тартып жатқан кездерінде болады да, олар тозақтан шығарылып, жәннатқа кіргізіледі»[6] деп, пайғамбарлар, әулиелер мен шейіттердің шапағаты дәрежелеріне қарай болатынын айтады.

Мүғтазила және харижит ағымдарының сенімі бойынша, ауыр күнә жасап, тәубе етпегендер мәңгі тозақта қалады. Оларға шапағат етілмейді. Шапағат күнәсі болмаған немесе күнәсына тәубе еткен жандардың жәннаттағы мәртебелерінің өсуі үшін жасалады.

 

Имам Матуриди: «Мұғтазилиттер айтқандай, кешірім сұрау тек ұсақ күнәлар үшін болғанда, онда Құран пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) олар үшін кешірім тіле, бірақ, қайғырма. Себебі, олар күнәсіз деген болар еді. Бұл әлбетте қисынсыз, теріс. Сонымен қатар олар (мұғтазилер) азаптан құтылуға амалдарын жеткілікті санайды, Алланың рахметіне және біреудің шапағатына мұқтаж емеспіз деп ұғады. Ал, біз азаптан құтылуға жасаған құлшылығымыз жеткіліксіз, Алланың рахметіне және өзге біреудің шапағатына мұқтажбыз деп есептейміз. Мұғтазилиттер қырағылықпен күнәдан сақтана аламыз, құлшылығымызда кемшілік жібермейміз деген түсініктеоі арқылы күнә табады. Бұл әрберден соң менмендік болмақ. Бұл туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бірде:  «Алла Тағала рахым етпейінше жәннатқа ешкім кіре алмайды», - деді. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың елшісі, тіпті сен де кіре алмайсың ба?», - деді. Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Алла Өз рахметіне алмаса, мен де кіре алмаймын», - деді. Демек, шапағат күнәсі бар адам үшін болады. Күнәсі жоқ адам шапағатқа мұқтаж емес. Құранның: «...Тәубеге келіп, Өзіңнің жолыңа түскендерді кешіре гөр, оларды жәһаннам азабынан сақтай гөр!» (Ғафир сүресі, 7-аят) деген аятында иман етіп, тәубеге келгендер үшін кешірім сұралатыны айтылып тұр. Демек, пенде қанша құлшылық жасаса да, Алланың сансыз нығметінің шүкірін өтей алмайды. Алланың рахметіне және Оның сүйікті бір құлының шапағатына зәру»[7] деп, шапағатты күнәкар адам үшін Алла Тағаланың бір рахметі екенін түсіндіреді.

 

Имам Матуридидің көзқарасын құптаған имам ән-Нәсафи: «Олар Алла разы болған жандарға ғана шапағат етіп, солардың тілеуін тілейді» (Әнбия сүресі, 28-аят) деген аят туралы: «Біз «әр мүмін иман келтіріп, құлшылық-ғибадат етсе және Алла разы болатын ізгі амалдар жасаса Алла Тағала ол кісіден разы болады» дейміз. Егер Алла разы болған жандарға ғана шапағат етілетін болса, онда сендер (мұғтазилиттер) неліктен, олар мұсылман бола тұра ауыр күнә істегені үшін «Алла разы емес» дейсіңдер»[8] деп, мұғтазилиттерге тегеурінді жауап береді.

 

Имам Матуриди: «(Уа, Мұхаммед!): Түн ішінде тұрып Құран оқы һәм өзіңе парыз ретінде міндеттелген тәһәжжуд намазын өте. Сонда Раббыңның сені «Мақаму Махмудқа» (ең биік һәм ең ауқымды болған мақтаулы шапағат тұғырына) шығаратындығынан үміт ете аласың» (Исра сүресі, 79-аят) деген аятында айтылған «Мақаму Махмуд» сөзін Алла елшісі Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) күнәхар үмбетіне шапағат етуі деп тәпсірлейді[9].

 

Бұл аятта айтылған «Мақамы Махмуд» мәртебесі болса, ақырет күні рахым пайғамбары Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) шапағаты бәрінен артық, орны үстем екені білдірілген. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Мен қиямет күні адамзаттың мырзасы боламын. Неліктен бұлай екенін білесіз бе?» – деп,  Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ақыретте, адамдар басына қауіп төнгенде Адам (алейһис сәлләм) пайғамбардан бастап, барлық абзал пайғамбарларды жағалап қауға сұралатынын, алайда олар ешкімге арашашы бола алмайтындықтарын айтып, бір-біріне сілтейтінін, олар ақыр соңында айналып Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) пайғамбарымызға келетінін, оның (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Алладан олар үшін кешірім сұрап, Оның (Алланың) рұқсатымен әлгі адамдарға шапағат ететінін, осылайша оларды азаптан арашалап қалатыны айтылады. Міне, бұл пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Мен қиямет күні адамзаттың мырзасы боламын» деген сөзінің мағынасы.

 

Имам Матуриди Құрандағы: «Ендігі жерде оларға шапағат етушілердің шапағаты түк те пайда бермейді» (Мүддәссир сүресі, 48-аят) деген аятты мынандай екі түрлі жолмен түсінуге болатындығын айтады. Егер аяттың «Оларға шапағат етушілердің шапағаты түк те пайда бермейді» деген сөзіндегі мақсат кәпірлер болса, онда олар үшін қияметте бір арашашы, шапағатшының болмайтыны ашық айтылып тұр. Ал, аятта мұсылмандарды меңзеген болса, онда кейбіреуге шапағат етушінің шапағаты пайда бермеді деген сөз. Бұл иман еткен жандар үшін қияметте мүлдем шапағат болмайды деген ұғымды білдірмейді. Себебі, Әнбия сүресінің, 28-аятында; Таһа сүресінің,109-аятында қияметте шапағаттың болатыны ашық білдірілген. Аяттар бір-біріне ешқандай кереғар келмейді. Бұл аяттарда Алла Өзі рұқсат еткен кейбір жандарға шапағаттың пайдасы болатыны айтылса, жоғарыдағы аятта Алла Тағала қаламағандықтан кейбір адамдарға шапағаттың пайда бермегендігі меңзеледі» дейді[10].

 

Қорыта айтар болсақ, шапағат – шындық. Иманды жандардың барлығы Алла Тағаланың қалауымен, Оның белгілеген өлшемінде бір-біріне шапағат етулері мүмкін. Мұнымен қоса, қияметте олардың бір-біріне ізгілік жолында куә болатынын біз дін ілімінен білетінбіз. Ақыретте олардың бір-біріне ізгілік жолында куә болуын белгілі дәрежеде шапағат ету деп қарастыратын болсақ, бұл мағынада пайғамбар (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) үмбетінің барлығы да бір-біріне шапағат ету мүмкіндігіне ие екенін аңғарамыз.

 

Махшар майданында Ұлы Алла Тағала иман еткен құлдарын ардақты елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм), ғұламалардың, шейіттердің және салихалы құлдардың шапағаты арқылы мерейін үстем етіп, жан төзгісіз азаптан құтқарады. Қиметтің қиын сәттерінде «Үмбетім, үмбетім» деген рахым пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) және оның үмбеттерінің шапағатына қауышу әркімнің көкейтесті арманы болмақ. Шапағат – иманды адамның күнәларының жеңілдеп, жәннатқа ертерек кірулеріне бір дәнекер болатын бір мүмкіндік. Сол себепті, әркім бұл жеңілдікке лайық болудың жолын қарастырып, шариғат шеңберінде әрекет етулері керек.

 

Ал, Ислам дінінің түп мәнін түсінбеген адам жайла имам әл-Ғаззали былай дейді: «Ақыретте шапағатқа лайық боламын деген үмітпен күнә істеп, діннің талаптарын орындамаған мұсылманның ұқсасы ауру кісінің білікті дәрігер туысқанына сеніп, көңілі тартқан зиянды нәрселерді жей бергені тәрізді. Әлбетте бұл, білімсіздік. Өз саласын қанша жерден жетік меңгерген дәрігер болса да, оның жасаған емі бір ауруды емсе, екіншісіне қауқарсыз болып жатады. Мұнымен қатар дәрінің немесе дәрігердің тек себеп қана екендігін ұмытпауымыз қажет. Иә, пайғамбарлардың, салихалы адамдардың және жақын туысқандардың шапағат етуін осы мағынада түсінуміз харамнан сақтанып, Алладан қорқу сезімімізді жоғалтпауға септігін тигізеді»[11] деген.         

Абдусамад Оқан

 


[1] әс-Сунанул-Кубра лин-Нәсәи, 6-том, 169-бет.

[2] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, «Дәрул мизан» баспасы, Станбул. – 2005. 2-том, 577 бет. 151-бетте.

[3] Ахмад ибн Әли ибн Хажар әл-Асқалани, Фатхул бари фи шархи сахих әл-Бұхари, Китабу дағауат 6082-хадис. «Мактабатул малик» баспасы, Рияд. – 2001. 11-том, 631 бет. 99-бетте.

[4] Әш-Шайх Әли ибн Хайдар әс-Сыддиқи, Ғаунул Мағбуд ала шархи сунану Әби Дәуіт, Китау сүнна, бабу әш-Шафаға 23, «Дәру Ибн Хазм» баспасы, Байрут. – 2005. 1-том, 2419 бет. 2191 бетте.

[5] Мұхаммад әл-Бабурти, Шарху уасияти Әби Ханифа, «Дәрул фатх» баспасы. – 2009. 155 бет. 137-бетте.

[6] Мұхаммад әл-Баздауи, Ұсулуддин, «Мәктабатул азһария лит-тұрас» баспасы, Қаһира. – 2003, 271 бет. 166-бетте.

[7] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, «Дәрул мизан» баспасы, Станбул. – 2006. 13-том, 15-бетте.

[8] Ән-Нәсафи Әбу Муғин Мәймун, Тәисиратул әдилла фи ұсулуддин. – 1990. 2-том. 399-бетте.

[9] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, «Дәрул мизан» баспасы, Станбул. – 2006. 8-том, 340-бетте.

[10] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, «Дәрул мизан» баспасы, Станбул. – 2006. 16-том, 272-274 бетте.

[11] Әбу Хамид әл-Ғаззали, Ихияу ғұлумуддин, «Мәктабатул асрия» баспасы, Байрут. – 1992. 3-том, 482-бет.



Оқи отырыңыз