http://akikat.kz
Ұлы Алла жалғыз бола тұра Құран Кәрімде көптеген аятында «Біз» деп көпше түрдегі есімдік қолданады. Тілімізде бұлайша айту көп қолданылмауы себепті осы сөз күрделі мәселедей көрініп жиі әңгіме болатындықтан, осыны бір зерделеп өткенді жөн көрдім. Мақаламыз осы тақырып қызықтыратын жандарды қанағаттандырар деген ойдамыз. Құдіретті Алланың «біз» деп үн қатуы – ұлылықты білдіретін бір стиль. Бұл стиль, әсіресе, елге толық билігін жүргізетін және үкім шығаратын билеушілер қолданатын сөйлеу үлгісі. Арабшада бірінші жақ көпше түр «нун» есімдігі арқылы жасалады. Бастауыш жалғыз болғанменен көптік білдіретін «нунүл-азаме» есімдігінің қолданылуы араб шешендік өнерінде жиі ұшырасады. Бұл тәсілдің:
Құран Кәрімде көптеген аятта Құдіретті Хақтың бірлігі болмысында, амалдарында және сипаттарында ортақ серігі жоқ екендігі ашық ескертілген соң ізеттілік үшін сыпайы үлгіде ара-кідік сөйлеуші жақ өзгеріп тұрады.
Ізеттілік дегенде, көркем сөз саласы терминіндей болған сыпайыгершілік өнері ескерілді. Ізеттілік үшін, мәселен, бірінші жекеше жақтан бірінші көпше жаққа өтіп, «Ол былай етті»,- деп, артынша «Біз былай бағаладық» секілді сөйлемдер жұмсалады. Өйткені, Алланың бірлігі, Алланың жалғыз Тәңір екендігі енді еш шүбә мен күдікке орын берместей айқын нәрсе. Мұндай сөйлемдегі көпше формадан көп орындаушы жайлы емес, жалқы жақтан сөз болып тұрғанына зәредей де күмән тумасқа тиіс. Алланың бірлігі онсыз да жүздеген аятта баян етіледі. Бір аяттың өзінде Алла Тағала туралы үшінші жекеше жақ (Ол) пен бірінші көпше жақ (Біз) қолданылғанын көрсететін есепсіз мысалдар бар. Осылардың кез келген бірнешеуін төменде қарап көрелік:
«Сондай-ақ Ол – сендерді бір жаннан (бір кісіден) жаратқан Алла. (...) Біз расында да, ақиқатты терең һәм кеңінен түсінгісі келетін қауым үшін айқын дәлелдерімізді осылайша егжей-тегжейлі келтірдік һәм аяттарымызды да дәл солай тарқатып баяндадық.» (Әнғам сүресі, 98).
«Көктен белгілі мөлшерде жауын жаудыратын да бір Өзі. Нәтижеде, Біз сол жауынның суымен өлі елді-мекенге қайтадан жан бітіреміз. Міне, сендер де дәл солай қайта тірілген күйде қабірлеріңнен шығарыласыңдар.» (Зухруф сүресі, 11).
«Егер олардың көзін (кітап, пайғамбар жіберіп, алдын ала ескертпестен) өздеріне лайық азаппен бірден жояр болсақ, ондай жағдайда олар: "Уа, Раббымыз! Бізге бір пайғамбар жіберсең қайтер еді? Мұншама масқара әрі қор болмай тұрып, Өзіңнің аяттарыңа ұйысақ болмас па еді", – деп айтар еді.» (Ta-һа сүресі, 134).
«Ол жер бетін сендерге бесік қылды, онда емін-еркін жүріп тұруларың үшін жолдар мен өткелдер төседі, көктен жауын жаудырды. Біз сол сумен жерден түрлі өсімдіктерді жұп-жұбымен шығардық.» (Taһа сүресі, 53).
«(Сонымен кім қайырлы? Олардың жалған құдайлары ма?) Жоқ, әлде, күллі аспан әлемі мен жерді жаратқан және сендер үшін көктен жауын жаудырған (Алла) қайырлы ма? Біз сол жауынның суымен көз жауын алатын бау-бақшалар өсірудеміз. Ал сендер (бау-бақша тұрмақ), оның бір ағашын да өсіре алмас едіңдер. Алламен қатар басқа құдай бар ма?! Әрине, жоқ, анығында, олар хақтан ауытқып кете баратын қауым.» (Нәмл сүресі, 60).
«Ол көктерді, өздерің көріп тұрғандай, тірексіз жаратты. Айналғанда сендерді шайқалтып, теңселтпесін деп, жерге мызғымас берік қазықтар (таулар) қағып қойды әрі онда сан алуан тіршілік иелерін жаратып, жайды. Сондай-ақ, аспаннан жауын жаудырып, онда жұп-жұбымен (түр-түсі, иісі, дәмі, жемістері жағынан) неше алуан өсімдіктер өсірдік. (Лұқман сүресі, 10).
Мұнымен қатар Әнғам 5, 38, 99, 106; Фатыр 27 және басқа да көптеген аяттарға қарауға болады.
Негізінде бұлай бейнелеуді өте жақсы білетін болғандықтан, Жахилия* араб мүшріктері де бұлай сөйлеу үлгісінен ширкке* апарар саңылау табамыз деп ойламаған да. Тілден ондай бір үйлесімсіздік табылған жағдайда олар ширк үшін сол жерге сүйенуге тырысар еді.
Дегенмен, кей Нәзран христиандарының, үштік бірлігіне дәлел таппай, осы сөз үлгісіне сылтау артқандары жайлы аңыз бар. Бұл да, атап өткеніміздей, үштік бірлігіне ойға қонымды дәлел таппай қиналған кезде ауызға алған болмашы сылтаулары ғана.
Бұл ұлылықты білдіретін стиль әлемге арналған сөз Құран Хакімге тіпті жарасып тұр. Өйткені, бұл стильдің айтпағы мынау: "Қайда адам болса, қайда тірі жан болса, ол жерде Біз бармыз. Біз әр кезде және әр жерде басы-қасындамыз." Көкте күнді көру оның бар екенінің дәлелі. Көкке қараған көктегі күнді көріп, бірден күннің жалғыз екенін түсінеді. Бірақ әйнек құсаған жылтыраған әр бір нәрседе, әр бір қар түйіршігінде, әр бір су тамшысында құдды бір күн тұрғандай болуы, бүкіл осылардың бастауы бір, тек жалғыз күн екендігі оның бар екендігін ерекше әсерлі түрде көрсетеді. Көптік мағынаны білдіретін жалғыздың дәл өзі деген дұрыс болады.
Тап осы сияқты, Алла Тағаланың қалауымен, құдіретімен, рақымымен, ілімімен, қайырымен және тілімен әр бір тіршілік иесінің жанынан табылып, оларға қамқорлық көрсетуі, көптің қызметін жеке өзі атқаратын. Көптеген мысалдардың ішінен тек мына үзіндіге ғана тоқталып өтелік: «Сонда олар төбелеріндегі аспанға бір мәрте болса да зер салып қарамай ма? Сөйтіп, Біздің оны қалай көтергенімізді және (жұлдыздармен) қалай безендіргенімізді һәм онда титтей де сызаттың жоқ (екенін көріп, ғибрат алмай ма?!). Сондай-ақ, жерді көсілте жайып, оған тауларды қазық қылып қақтық және онда көздің жауын алып, көңілге қуаныш ұялататын сан алуан өсімдіктерді жұп-жұбымен өсірдік. (Міне, бұлар) Аллаға бар ықыласымен бет алған әрбір құлдың көкірек көзін ашу һәм ақыл-ойы мен жүрегін ғибрат алуға бағыттау үшін. Сондай-ақ, Біз көктен (белгілі уақыттарда һәм қажет болған жағдайда) берекелі жауын жаудырып, сол арқылы бау-бақшалар мен уақыты келгенде орылатын дәнді дақылдар және мәуесі шоқ-шоқ болып бітетін биік құрма ағаштарын өсірудеміз. Құлдарымызға ризық болсын деп, сол жауын суымен өлі өңірге (жерге) жан бітіреміз. Өлілердің қабірлерінен шығуы да, міне, солай болмақ.» (Қаф сүресі, 6-11).
Бұл үзіндіден байқалатыны, Алланың рубубиет* және ахадиет* сипаттарының ғаламның бұрыш-бұрышын толтырған сансыз амал нәтижелері аталады және бұлар 10 (он) жерде ұлылық сипатымен көпше түрде баяндалады. Осылайша, бұл ғажап амал нәтижелері жарасымды көркем тәсілмен кестеленіп байыпталған.
Екінші бір жағынан, көпше формасы сөздің ықпал еті қуатын арттырады. Өйткені, есебі жоқ сансыз орындалған амалдардың куәгердің көз алдында болғанын көрсетеді. Мысалы, Нәбә сүресінен мына бір үзіндіні алалық: «Біз жер бетін бесік қылмадық па?! Тауларды (жерді мықтап ұстап тұратын) қазық етпедік пе?! Сендерді жұп қылып жараттық. Ұйқыларыңды дамылдап, тынығудың бірден-бір жолы қылдық. Түнді (бейне бір) жамылғы, ал күндізді тіршілік уақыты қылдық. Төбелеріңе жеті бірдей берік аспан тұрғыздық. Сондай-ақ (оған) жарқырап жанған шамшырақ орнаттық. Қою бұлттардан жаңбыр жаудырдық. Дәнді дақылдар мен өсімдіктер өсіп шықсын деп (бұлттардан жауын жаудырдық).» (Нәбә сүресі, 6-16). Көріп отырғанымыздай, Алла Тағала адамдардың әр бірін жеке-жеке жаратқанын, жерді төсек қылып, оларды ризықтандыру үшін жаңбыр жаудырғанын, бау-бақша, жеміс-жидек өсіріп, өнім шығарғанын, т.б. үнемі миллиардтаған адам мен мақұлық куәлік ететін триллиондаған іс-амалын атап, адамдардың бұлармен тығыз байланыста екенін, бұларды бүкіл адам баласы дем алып-шығарғандай үздіксіз сәт сайын бастан өткеретіндігін иландыра түсіп тартымды тәсілмен баяндайды. Ал бұл ұлық сипаты көпше жақтан жүзеге асырылуда. "Біз солай мақұл көрдік.", "Біз білеміз" деген тәрізді сөздер арқылы "Уа, тыңдаушылар! Әр бірің көріп жүрген бүкіл осы нәрселерді біз жараттық." деген ұғым білдіреді.
Алла Тағала Құранда кейде "Мен" дейді. «Мен жындар мен адамзатты тек қана (Мені танысын һәм) Маған құлшылық етсін деп, жараттым.» (Зәрият сүресі, 56) аяты секілді.
Кейде оған "Сен" деп үн қатамыз. «Шүбәсіз, Сен – шынайы тәубелердің барлығын қабыл етушісің һәм (тәубеге келіп, Өзіңе бет алған құлдарыңа) ерекше мейірімдісің.» (Бақара сүресі, 128), «Шүбәсіз, Сен ұлысың, бәрінен үстемсің һәм (әр ісің мен әрбір үкімің көптеген хикметтерге толы болған) асқан даналық иесісің.» (Бақара сүресі, 129) секілді.
Бірнеше мәрте үшінші жақ жекеше түрі қолданылады. "Ол істеді, Ол жаратты, Ол мақұл көрді." түрінде қолданылады.
Сирек те болса, Алла Тағала жалғыз бола тұра ұлықтау мақсатында Өзіне қарата Сіз дейді. Мәселен, мына аяттан осы жайды көруге болады: «Егер ол кәпірлердің біреуіне ажал жетсе: "Уа, Раббым, мені дүниеге кері қайтарыңыз! Игі істер істеп, зая болған ғұмырымның орнын толтырайын." Деп жалбарынады.» (Mуминун сүресі, 99-100).
Бүкіл осы бес түрлі (біз, мен, сен, ол, сіз) жіктеу есімдігі қолданыла тұра, Құран Кәрімнің ешбір жерінде Алла Тағалаға қарата "олар" есімдігі жұмсалмайды. Осыдан оның көп емес, тек жалғыз өзі екені көрінеді
Міне, осы бүкіл айтылғандардан мынадай тұжырым шығаруға болады: Улухият* пенде тіліндегі санаулы жақ және форма түрлеріне сыймайды. Осы қолданыстар аясында тілдің шектеулі қалыптары айқындалып, Алла Тағаланың сипаттарын, амалдарын және іс нәтижелерін баяндауға біз қолданып жүрген тілдің мүмкіндігі жетпейтіндігін түсіндіру көзделеді[1].
Біз есімдігінің жұмсалуының тағы бір жағы: Құдіретті Алла жасаған ісіне кейде перде етіп оған баса мән беретінін көрсету үшін де осы сөзді қолдануы мүмкін. Мысалы, «Шүбәсіз, осынау зікірді (Құранды) Біз түсірдік және оның сақтаушысы да Өзіміз.» (Хижр сүресі, 9).
Тағы бір қырына бір мысалмен тоқталып өтейін: Құдіретті Алла Бақара сүресінде «бір (үкім жүргізетін) халифа жаратамын»[2] дегесін біраздан соң «қулнә» (дeдiк)[3] бұйырады. Бұл жерде Алла жарату етістігі тек өзіне тән болғандықтан, жаратуда еш бір себеп, еш бір дәнекер болмағандықтан мұнда "Мен жараттым" дейді. Бірақ "дeдiк" сөзінде Құдіретті Алланың сөзін адамдарға жеткізуде Уахи періштесінің, хазірет Пайғамбардың және басқа дәнекерлердің қатысы аталатындықтан Құдіретті Алла ол жерде көптік тұлғада «Бiз дeдiк»,- деп бұйырады[4]. Мұның басқа да ашық мысалдары бар, бірақ осымен қанағат етелік.
Құдіретті Алланың күллі рубубиятының көрінісі ретінде адамзатты түгел қамтитын мәселелерде ұлықтық үлгідегі көпше есімдікті қолдану өте орынды болып тұр. Мысалы: «Біз Тәураттан кейін Зәбурде де: " Жер бетіне (бір Аллаға иман етіп, игі істер істейтін) ізгі жандар мұрагер болады (яғни, қиямет-қайымнан және қияметтің орнауына себеп болатын құбылыстардан бұрын жер бетіне солар иелік етеді. Сондай-ақ ақиретте де жұмақтың жеріне солар мұрагер болады)" – деп жаздық.» (Әнбия сүресі, 105) "Ізгі жандар" деп аударылған тіркестің арабшасы "салихиин". Элмалылы М.Хамди Языр осы аяттың тәпсірінде қысқаша былай дейді: "Жер беті бүлік-жанжал шығарғандардан алынып, ізгі және өкілетті үлгіде Құдіретті Хаққа құлшылық қылатындарға беріледі. Яғни ұзақ өмір сүру сыры әділ болу қағидасына сүйенеді, бұзықтардың өмір сүру қақысы жоқ. Зәбурде аталғандай, Алла Құранда да жер бетінің мұрагерлігі Алланың бірлігіне сенім мен ширктен және алауыздықтан аулақ болып ең көркем, әрі мықты амал ететін жандарға тиесілі."[5]
Бұл аят ұлылық қырларының әр түрлі сипаттарын көрсетеді: Әуелі, бір аяттың бір сөйлемінің ішінде Алла Өзін әрі "Мен" (құлдарым), әрі "Бiз" деп (жаздық) атап көрсетеді. Өзін "Бiз" деп сипаттағаны секілді жаратқан пенделерін де көпше түрде "сaлихиин" деп атауы тамаша үндестік тауып тұр. Мекен мен мезгіл тұрғысынан ғаламдық, жер жүзілік және жалпы адамзат деңгейінде бір белгі-нышаннан сөз болып отыр.
Көпше түр үлгісі кейде Алла Тағаланың адамдарға ықылас танытып, оларды құрметтеп, жоғары бағалауының белгісі ретінде қолданылады. Мысалы: «Шүбәсіз, осынау зікірді (Құранды) Біз түсірдік және оның сақтаушысы да Өзіміз». (Хижр сүресі, 9). Бұл сөз бізді мынадай ойға жетелейді: Құдіретті Хақ Құранның иесі, сондай-ақ бұл сөздің жалғыз иесі де Ол. Бірақ Құранды Жәбірейіл арқылы жіберген. Қабылдаушы қасиетті Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм). Ал Пайғамбарымыз Құран Кәрімнің мәтінінің қорғалуы үшін қаншама шара қарастырған, қаншама көлемді үйлестіру амалдарын атқарған, жай-жапсары көп кітапқа жүк болардай.
Өте жақсы мәлім болғанындай, адамзат тарихының ең ұлы оқиғасы –Құранның яғни әмбебап хабардың жіберілуі. Құран Алланың адам баласы үшін бір дәлелі. Сондықтан, мәтін қияметке дейін мәңгілік сақталып, әрі жер жүзінің әр тарапына бірдей ұғыммен жететіндей болуға тиіс. Құран мәтінінің қорғалуында Жәбірейілдің оқуы, хазірет Пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) есте сақтауы, хабарлауы, хатшыларға жаздыруы, кейін уахи тоқтаған соң сүрелерді бір жерге жинақтауы, әрі Рамазан айында Жәбірейіл екеуінің бір-біріне кезектесіп оқуы, сахабалардан Құран мұғалімдерін дайындап, солар арқылы үмметіне Құран үйретуі, сахабалардан Құран мәтінін жатқа білетін хафыздардың шығуы, кейін келер әр ұрпақтан Құран оқушылар, жатқа білетіндер шығып, келе-келе қазірдің өзінде әр буындағы Ислам үмметі арасында миллиондаған хафыз, Құран үйретуші және үйренуші мүміндер Құран мәтінінің бір сөзін де өзгертпей әлемнің жүз мыңдаған жерінде оқуы маңызды рөл ойнаған. АллаТағала әлемдік деңгейдегі бұл амалда Құран оқушылар мен оқытушыларға қызмет жүктегендіктен, үнемі ұлықтық үлгіде "Бiз түсірдік" дейді, бір жағынан "сақтаушылар" (хафизун) сипатын да көпше түрде қолданып сол миллиардтаған мүміндердің қажыр-қайратын да тілге тиек етіп, оларды жоғары бағалайтындығын көрсеткен.
«Шүбәсіз, Біз саған (көптеген жеңістердің басы болған) ап-айқын жеңіс нәсіп еттік. Міне, осылайша, Алла сенің өткен һәм келешек күнәларыңды кешіреді, (...)» (Фатх сүресі, 1-2) аятында ұлылықты білдіретін жұмсалған сөздің көпше түрі жеңіске жетуде Алла Тағаланың қызмет жүктеген мүміндерге ықылас танытатындығын білдіреді. Ал Алуси бұл жайында былай дейді: «Aлла Тағаланың ұлықтық көрсететін көпше түр арқылы жеңісті Өзіне арнаған соң, кешіру амалын есімі ұлы Алла мәртебелі сөзіне арнауы мынаны көрсетуі мүмкін: Рақымшылық етуде еш бір себептің қатысы жоқ. Бірақ жеңісті Алла кей құралдарды қолдану арқылы береді. Кейбір ғұламалар былай деген: Үлкендердің әдеті сөйлегенде бірінші көпше түр жіктік жалғауын қолдану. Өйткені, көбіне істеген амалдарын, атқарған қызметтерін біреуге жүктеп жүзеге асырады».[6]
Ұлылықты білдіретін көпше түр кейде мына аят сөздеріндегі секілді күшейту мағынасында да беріледі: «Алланың сертін арзан бағаға (жалған дүниенің болмашы қызығына) сатпаңдар! Егер біле білсеңдер, Алланың құзырындағы нығмет пен сый-сыяпат сендер үшін әлдеқайда қайырлы, (артық). Сендердің қолдарыңдағы дүние түгелдей таусылып бітеді. Ал Алланың құзырындағылар мәңгілік. Біз (өмірдегі түрлі қиыншылықтарға әрі әмірімізге бағынып, тыйғандарымыздан тыйылып) сабырлылық танытқандарды дүниеде істеген ең игі, ең жақсы істерін негізге ала отырып сөзсіз сый-сыяпатқа бөлейміз». (Нахыл сүресі, 95-96). Алуси бұл аятты былай түсіндіреді: "ве ленежзийеннеһүм (сый-сыяпатқа бөлейміз) сөзінде үшінші жекеше жақтан бірінші көпше түрге өтуі «Егер біле білсеңдер, Алланың құзырындағы нығмет пен сый-сыяпат сендер үшін әлдеқайда қайырлы, (артық.» деген сөйлемде орын алған айтылған сертке екпін түсіру үшін қолданылып, өз сөзінде тұрудың маңызын ескерту мақсатына арналған.[7]
Кейде бұл форма субъектінің ұлылығын ескертумен қатар, объектінің маңызын да көрсету мақсатында жұмсалады. «Ал иман етіп, игілікті істер істегендер болса, (Алла) олардың қарымын толық қайтарады. Алла (айдан анық аяттарын жоққа шығарып, күпірлік қылған һәм Өзіне серік қосқан) залымдарды жақсы көрмейді.» (Әли-имран сүресі, 57) аятының тәпсірінде Ибн Ашур былай дейді: "Нүвеффихим деп ұлықтық түрдегі көпше жақты жалғау субъектінің істеген амалының ұлылығына назар аудару үшін. Өйткені, Ұлының амалы да үлкен болады."[8]
Бұған тағы бір мысал мына қасиетті аят сөздері: «Аллаға қалтқысыз бағыныңдар, пайғамбарға да қалтқысыз бағыныңдар. Егер бағынудан бас тартатын болсаңдар, біліп қойыңдар, елшіміздің міндеті дінді ашық насихаттап жеткізу ғана». (Tағабун сүресі, 12) Алуси бұл аяттың тәпсірінде былай дейді: "Есімдік арқылы оның міндеті деудің орнына ұлықтық түрде көпше жақта елшіміз деуі хазізет Пайғамбарға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) құрмет көрсету мақсатында. Бұған қоса, үкімнің себебіне яғни хабаршылық міндетіне және де бағынудан бас тартудың қандай үлкен күнә екендігіне (тура Аллаға бағынудан бас тартумен тең) назар аудару үшін."[9]
Көріп отырғанымыздай, ұлылықтың үлгісіндегі көпше түр формасында. Сол арқылы:
Бұл тәсілдің қолданылуы Алланың ауқымды рубубиятын және Құран Кәрімнің әмбебаптық ролін өте тамаша көрсетуде әрі Алланың бірлігіне зәредей де шүбә тудырмайды. Көптеген мысалдар талданып, бұдан да терең зерделенер болса, Құран Хакімде АллаТағаланың ұлықтық үлгідегі көпше түрді (бізді) қолдануында бұдан да басқа қырларының табылатындығы анық. Бұл мақаламызда осымен тоқталуды жөн көрдік.
www.akikat.kz
* Исламға дейінгі араб тарихы (ауд.)
* Көп құдайға табынушылық, политеизм (ауд.)
* Рубубият- Алла Тағаланың күллі жаратылысты бәрін бір мезетте басқарып, өз үкімін жүргізуі
* Ахадиет - жаратылыстағы әрбір нәрсенің Алла Тағаланың жалғыз екеніне дәлел болуы
* Улухият - құлшылық қылуға және бойұсынуға жалғыз лайық Құдіретті Алла (ауд.)
[1] Суат Йылдырым, Құранда Улухият, Ыстанбул, 1997, 57 б.
[2] Бақара сүресі, 30
[3] Бақара сүресі, 35
[4] Б. Саид Нурси, Ишаратүл-Ижаз, Бақара, 30 тефсиринде (297 б., Ихсан Касым нешри, 1409/1989).
[5] Элмалылы М.Хамди Языр, Хақ діні Құран тілі, Әнбия сүресі, 105 тәпсірінде.
[6] Рухүл-Меани, Фатх сүресі, 1-2 тәпсірінде (26/91).
[7] Рухүл-Меани, Фатх сүресі, 95-96 тәпсірінде (14/225).
[8] Тефсирүт-Тахрир вет-Тенвир, Әли-Имран сүресі, 57 тәпсірінде (1/761).
[9] Рухүл-Меани, Тағабун сүресі, 12 тәпсірінде (28/125).