Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Ақида және ғибадат > Имам Матуриди көзқарасында иман түсінігі

Имам Матуриди көзқарасында иман түсінігі

2015-08-21 4921

Иман сөзі тілдік мағынасында сену, растау дегенді білдіреді. Қасиетті Құранда: «...бірақ қанша жерден шынымызды айтсақта, бізге сенбейсіз-ау» (Юсуф сүресі, 17-аят) деген. Имам Әбу Ханифа көзқарасы бойынша, иман – жүрекпен мақұлдап, растау. Ал тілмен «кәлима шаһаданы»* айту иманның шарты. Немесе дүние істеріне үкім беруде «кәлима шәһада» сөзін тілмен айту арқылы мұсылман өзге дін өкілінен ажыратылады. Сол себепті, оны тілмен айту иманның шарты саналады [1, 355 б].   

 

Имам Матуриди: «Әһлү тәуйл ғалымдары Құранда келетін «آمَنُواْ» сөзіне бір ауыздан «олар растады» мағынасын берді. Сол себепті, иман – көңілмен тасдиқдап (растап) бекіту» [2, 252 б] десе, басқа бір жерде: «Иман – тілмен айту, жүрекпен бекіту. Егер бір адам «кәлима шәһаданы» тілмен айтуға мүмкіндігі бола тұра еш айтпаса, ол мүмін болмайды» [3, 49 б] деп, «кәлима шәһада» сөзін тілмен айту иманның шарты ретінде қарастырады.

 

Имам ән-Нәсафи: «Иман – жүрекпен растау екендігін айтқандардың бірі имам Матуриди. Оның бұл көзқарасы Әбу Ханифадан риуаят етілген» [2, 244 б] деп, ұстазының иман туралы түсінігін Әбу Ханифадан жеткен бір риуаятпен қуаттайды.

 

Сондай-ақ, үзірі жоқ адам өмірінде бір рет болсада тілімен куәлік сөзін айту керек. Зәрулік болған жағдайда мүмін адам шынайы сенімін көңілінде жасырып, тілімен күпірлік сөзін айтудың иманына кері әсері болмайды. Бұл мәселе туралы имам Матуриди қасиетті Құранда: «Жүрегінде иманы орныққаннан кейін зорлық көрген біреудің (тілімен күпірлік сөзін айту)  ісі басқа» (Нахыл сүресі, 106-аят) аятын да, мүшріктердің азабынан құтылу үшін күпірлік сөзін айтқан Аммар ибн Ясырға Алла елшісі (саллаллаһу ғәлейһи уә сәлләм): «Жүрегіңді қалай сезіндің» дегенде, Аммар ибн Ясыр: «Жүрегімнің иманға толы екенін сезіп тұрмын» деген сөзін де дәлел қылады [4, 473 б].

         

Адам баласы Жаратушы Иесі Алла тағалаға деген күдіксіз сенімін көңілінде берік орнықтырмай кәміл мүмін болмайды. Имам Матуриди: «Олардың: «Әттең! Біз (дүниеге) қайтарылсақ, Раббымыздың аяттарын өтірікке шығармай, сенушілерден болар едік» дейді» (Әнғам сүресі, 27-аят) деген аят туралы: «Расында иман, ол тек тасдиқ. Өйткені, олар азапты көздерімен көріп, қорыққан сәттерінде Алла разлығы көзделмеген амалдарынан бір пайда жоғын, таза сенім ғана көмек беретінін ұғады. Яғни, иман – жүректе орнығып, жәйғасқан сенім екенін біледі. Бұл, көлгірсіген жалғандықтың антонимы болған ақиқат» дейді [5, 5/40 б]. Ол тағы да: «Міне солардың жүректеріне Алла иман жазды» (Мүжәдала сүресі, 22-аят) аяты туралы: «Олардың көңілдеріне иманды орнықтырды. Енді имандарынан қайтпайды. Міне, бұл иманның мекені – жүрек екендігін білдіреді» [5, 15/56 б] деген. Жүректің қалауы, ол – адамның сенімі. Ал ізгі амардар сол көңілдің қалауы негізінде жемісін береді. Немесе әркім істеген істерінде ықылас-ниетіне сай сауап алады яки сауаптан махрум қалады.   

 

Енді, иман туралы кейбір адасқан ағымдардың көзқарасына жеке-жеке тоқталып, оларға имам Матуриди түсінігімен жауап берер болсақ, карамия ағымының көзқарасы бойынша, иман – кәлима шәһаданы тілмен айту ғана. Имам Матуриди: «(Әй, Пайғамбар!) Ауыздарымен: «Сендік» деп, жүректері сенбегендер» (Мәйда сүресі, 41-аят), және: «Адамдардың кейбіреулері екі жүзді (мүнафықтар): «Аллаға, ақырет күніне сендік» дейді. Бірақ олар сенбейді» (Бақара сүресі, 8-аят)  сынды аяттар карамия ағымының көзқарасының дұрыс еместігіне дәлел. Өйткені, олар «иман – кәлима шәһаданы тек тілмен айту» деп сенімді жүрекпен бекітуді мойындамайды. Ал аталмыш аяттарда құр тілмен «Аллаға, ақырет күніне сендік» деу  екі жүзділік екенін, олар қашан көңілдерінде шынайы сенімді орнықтырмайынша иман еткен болмайды деліліп тұр. Міне, бұл иман – жүрекпен растап, бекітуді білдіретінін, тек тілұшында айту жарамсыздығын білдіреді» [5, 1/35 б] деген.   

 

Жәһмия ағымының құрушысы Жаһым ибн Сафуанның көқарасы бойынша, иман – тану, білу мағынасын ғана білдіреді. Оның бұл көзқарасы да дұрыс еместігін имам Матуриди: «Және саған бұрыңғы пайғамбарларды баян қылдық, сондай-ақ пайғамбарлардан саған баян етпегеніміз де бар» (Ниса сүресі, 164-аят) аятына берген түсіндірмесінде: «Иман, ол – танып, білу мағынасын білдірмейді. Бәлки, растау мағынасында. Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғәлейһи уә сәллам) бүкіл пайғамбарды мойындап, оларға жалпылай иман етуге шақырды. Құран аяттары бүкіл пайғамбардың әрбірін егжей-тегжейлі тануды, білуді иманның шарты қылмады. Егер олардың бәрін тану иманның шарты болғанда, бәрін толықтай баяндар еді. Міне, бұл иман етуде әр нәрсені толыққанды білу шарт еместігін дәлелдейді» [5, 4/110 б] деген.

 

Алла елшісіннің (саллаллаһу ғәлейһи уә сәлләм) хақ пайғамбарлығын білген кітап иелерінің арасында иман етпегендері қаншама. Сондай-ақ, танып-білу иманның өзі емес. Бірақ, ақиқатты көре-білу иман етуге жетелейтін себептердің бірі.   

 

Ал харижид және мұғтазила ағымдарының көзқарасы бойынша, иман – тілмен айтып, жүрекпен бекіту және діннің негізі саналған амалдарды орындау. Бұл үш шарттың біреуін орындамаған кісі иман еткен болып саналмайды. Имам Матуриди олардың бұл көзқарасы да дұрыс еместігін айтады. Әрі олардың дәлел ретінде келтірген: «Шынайы мүміндер – Алланың аты аталғанда жүректері діріл қағады» (Әнфал сүресі, 2-аят) сынды аяттарға түсіндірме бере отырып: «Мүміннің бойында аятта айтылған сипаттың болуын бәріміз айтамыз. Алайда бір мұсылман парыз амалды білімінің таяздығы, нәпсісінің жетегінде кетіп қалуы немесе жалқаулық танытуы себепті орындамаса иманы бойынан ажырады, имансыз болды демейміз. Алла тағала: «Әйтсе де, Алла қабыл алуды уәде еткен тәубе – жамандықты (бір сәт нәпсіге еріп немесе) білместікпен істегеннен кейін (ол істің күнә екенін білген бойда) дереу тәубе етіп, Аллаға бет бұрғандардың тәубесі. Міне, солардың тәубесін Алла міндетті түрде қабыл алады. Алла (құлдарының ниетін, қай істі не үшін істегенін жақсы білетін) шексіз ілім иесі» (Ниса сүресі, 17-аят) аятымен сөзін растайды. Сондай-ақ, мүміндер тақыуалық ұстанымы мен жасаған ізгі амалдарына қарай дәрежесі әртүрлі болады. Кейбір күнәкар құлын Алла тағала кешіріп, рахым пайғамбарының (саллаллаһу ғәлейһи уә сәлләм) шапағатын нәсіп етеді. Сыртқы көрініс негізінде үкім беру дұрыс емес. Үкім беру бір Алла тағаланың іліміне тән...» [5, 6/170 б] деп жауап береді.   

 

Олардың тағы бір дәлелі: «Иман еткендер және игілікті істерді атқаратындар, сондай-ақ бір-біріне ақиқатты насихаттайтындар және (қиындықта) бірін­бірі сабырға шақыратындар ғана зиян тартпайды» (Аср сүресі, 3-аят) аяты. Бұл аят туралы имам Матуриди: «Алла тағала бұл аятта иман етіп ізгі амал істеген жандарға жәннатты уәде етті. Басқа бір аятта тек иман еткен құлдары үшін де жәннатты уәде етті. Демек, иманы бар құлдың сыйы жәннат болмақ... Әрі аятта «Иман еткендер», «игілікті іс істегендер», «ақиқатты насихаттағандар» және «сабырға шақырғандар» деп әр топқа бөліп атады. Әрбірінің өзіне тән сыйы болса, онда бұл аят олардың «амал жасамаған иман еткен болмайды» деген сөздеріне дәлел болмайды. Бәлки, біздің көзқарасымызды қуаттайтын дәлел» [5, 17/320 б] деген.    

 

Қорыта айтар болсақ, Матуриди мәзһабы бойынша, иман мен амал екі бөлек. Амал иманның рукуны есептелмейді. Бәлки, шарты. Бұл имам Матуриди амалды қабыл етпейді немесе тек иман жеткілікті, құлшылық жасамай-ақ қойсада болады дегендік емес. Керісінше, оның көзқарасында, иман – халалды халал, харамды харам деп қабылдау. Алла тағаланың тыйымы мен әмірін міндет деп мойындау. Әрі әмір етілгендей орындау. Кімде-кім Алла тағаланың әміріне қарсы шығып, халалды харам, харамды халал десе діннен шығады. Алайда бір мұсылман парыз болған бір амалды мойындай тұрып, оны орындауда жалқаулық танытып немесе пенделіктің құрығынан құтыла алмағаны себепті мұсылман емес дей алмаймыз. Бірақ, күнәкар, пасық мұсылман болып саналады. Оның күнәсін Алла қаласа кешіреді немесе қаласа соған лайық жазалайды.   

Абдусамад Оқан 
     


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

 

1.     Әли Абдулфаттах әл-Мағриби, Имамү әһлис сүнна уәл жәмаға Әбу Мансур әл-Матуриди уә әраүһул кәламия, «Мәктаба уаһба» баспасы, Қаһира. – 2009. 455 бет.

2.     Мұхаммед Халил ән-Науайһи, Әл-Усит фи ақайди имам әл-Матуриди, «Дәрун нұр» баспасы, Йордания. – 2013. 336 бет; Қараңыз: Ән-Нәсафи, Тәбсиратул әдиллә, 2-том, 406-бет.

3.     Тәжүддин әс-Субки, «әс-Сайфул-машһур фи шархи ақидати Әби Мансур», 49-бет. Қараңыз: Иман және амал мәселесі, Жұмағұл Қанат Әділханұлы. www.muslim.kz.

4.     Әбу Мансур әл-Матуриди, Китәбут таухид, «Дәру садыр» баспасы, Байрут. – 2007. 538 бет.

5.     Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, «Дәрул мизан» баспасы, Стамбул. 17 томдық тәпсір кітабы.

 


* «Алладан басқа тәңір жоқ. Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі» сөзі.




Оқи отырыңыз