http://akikat.kz
Исламдағы заңдылық секілді, қажеттілік те негізгі бастауын Алланың Кітабынан және Расулының (с.а.у.) сүннетінен алады. Бүкіл өмір саласында керек, әрі өтімді осы қағидаға орай, сүннетті ұстану мәселесін Кітап (Құран) пен сүннеттің ашық мысалдары арқылы талдау шүбәсіз табиғи жай.
Құран Кәрімнің сүннетті ұстануды бұйыруы
Құран Кәрімде сүннетті ұстану қажеттілігі сүннетті тұтасымен қамтитындай жалпы, әрі өзгеше мәнерде мына аятта баяндалады: Расул сендерге не жеткізсе, соны алыңдар, соны ұстаныңдар; ал сендерді неден тыйса, одан сақтаныңдар! (Хашр/59: 7). Сахабалар осы аятта сүннет қамтылғанына сенеді. Мәселен, Абдуллаһ Ибн Мәсуд денесіне татуаж салдыруға, әйелдердің қасын жұлуы тәрізді кей түк түрлерін жұлуға тыйым салу Құранда бар ма, жоқ па деген сауалға Пайғамбарымыздың соған қатысты хадисімен жауап беріп, мұны Құранға тән тыйым ретінде бағалау мәселесінде де осы аятты оқыған[1]. Мәвдуди олжа бөлісуге байланысты түскен бұл аятттағы үкімнің жалпы және негізгі мақсаты қай жерде болмасын Хазрет Пайғамбардың (с.а.у.) бұйрығын орындау екендігін айтып, мұның себебін былай түсіндіреді: Расул сендерге не әкелсе, соны алыңдар дейді де, сөйлемнің жалғасында «сендерге нені әкелмесе» емес, «неге тыйым салса, содан сақтаныңдар» делінеді. Бұл үкім тек олжаға қатысты мүліктің бөлісін ғана қамтыса, онда «нені әкелмесе» деген болар еді. Ал нені тыйым салса дегенінен аңғарылатыны – ескертілген жай Хазрет Пайғамбардың (с.а.у.) бұйрығы мен тыйымдарының орындалуы. Расында Хазрет Пайғамбардың (с.а.у.) өзі де «Сендерге бұйырғанымды мүмкіндігінше орындауға тырысыңдар, ал тыйғандарымнан сақ болыңдар» [2] деген.
Хазрет Пайғабарға (с.а.у.) иман келтіруді және Оған ілесуді бұйырған аяттар Хазрет Пайғамбардың және сүннетінің орнын айқындау тұрғысында орындалу керектігін де көрсетеді. «Аллаға және үмми* пайғамбар болған Расулына – өйткені, ол Аллаға және Оның сөзіне сенеді – иман етіңдер және Оған ілесіңдер, сонда тура жолды табасыңдар» (Aғраф/7: 158) деген аяттан мәлімі – Расулаллаға (с.а.у.) иман және Оған ілесу Алла Тағала қалаған жолға сай болу үшін шарт. Расулға иман Ол жеткізген уахи мен көрсеткен сүннетін ұстануды қажет етеді, ал оларды мойындамаудан басталатын адасу имансыздыққа дәлел.
Хазрет Пайғамбардың мұсылмандар үшін ең көркем үлгі екенін баян қылатын «Шүбәсіз, Расулаллада сендер үшін – Аллаға және Ақырет күніне қауышуды үміт ететіндер мен Алланы зікір ететіндер үшін көркем үлгі бар» (Aхзаб/33: 21) деген аятта ұстану қажет сүннеттің «үсуә Һасәнә» (көркем үлгі) екені баяндалып, сол арқылы сүннетту ұстануға ынталандырады. Өйткені, «үсуә» (үлгі) бүкіл амалдарында Оған сай болып, бағалауды, бүкіл бітім-болмысына мән беруді қамтиды[3]. Мұның жанында, аяттар барлық дәуірге үндеу болғандықтан, бүкіл мұсылман баласына арналған. Ол (с.а.у.) барлық кезеңде үлгі алынуға тиіс.
Расуллаллаға (с.а.у.) бойұсыну бұйрығы да сүннетті ұстануды қажет етеді. Мәлім болғанындай, пайғамбарларға қатысты орындалуы керек міндеттер мен оларға ілесу шарттарының бірі бойұсыну. «Кім Расулға бойұсынса, Аллаға бойұсынған болып саналады» (Ниса/4: 80) аяты пайғамбарға бойұсынудың неге керектігін және бойұсынудың мәжбүрлі екенін көрсетеді. Аяттар Расулаллаға (с.а.у.) бойұсынуды Аллаға бойұсыну санаған[4].
Пайғамбарға (с.а.у.) бойұсынуды тек қана Құранға қатысты ғана бойұсыну қажет деп түсіну аздық етер еді. Өйткені, бұлай түсінуді қажет ететін айқын дәлел жоқ. Хазрет Пайғамбарға бойұсыну қажеттілігі Оған (с.а.у.) бойұсынуды Аллаға бойұсынумен бір санағандықтан әлде қайда кең мағынаны қамтиды. Олай болатыны, Хазрет Пайғамбар Құранда баяндалғандай «тек Алланың ең тура жолына бастайды» (Шура/42: 52) және «тек Алладан өзіне уахи етілгенге ілеседі» (Әнғам/6: 50). Егер Расулға бойұсыну арқылы тек Аллаға ғана бойұсыну көзделген болса, Аллаға және Расулына бойұсынуды бұйырған аяттар болмас еді. Оған бойұсыну Құранда баяндалған жайларда парыз дейтін болсақ, Расулға арналған бойұсыну саналмайды. Алла мен Расулына бойұсыну жеке-жеке аталғанына қарағанда, Хазрет Пайғамбарға тән бойұсынудың ерекше орны бар және Ол (с.а.у.) Құранда айтылмаған мәселелер бойынында үкім жүргізеді. Алла Тағала «Пайғамбарға бойұсыныңдар» деген сөзбен «Пайғамбарға жіберген аяттарға бойұсыныңдар, бірақ Пайғамбардың бұдан тыс түсініктеме, түсіндірмелеріне қарамаңдар» дегісі келсе, мұны ашық айтар еді. Керісінше ашық баянмен, еш бір шектеусіз «Расулаллаға бойұсыныңдар» деп бұйырады. Сондай-ақ, «Расулаллаға бойұсыныңдар» деген бұйрықтың мағынасы Алла Тағаланың Ол арқылы жіберген аяттарына бойұсыныңдар деген болса, онда аяттардың басындағы «Аллаға бойұсыныңдар» сөзі керексіз бос қайталау болған болар еді. Алла Тағала бұйырған бұл бойұсыну тек қана Расулы жеткізген аяттарды қамтумен шектелмей, аяттармен қатар сүннетіне, тіпті жеке басына бойұсынуды да білдіреді[5].
Ислам ғұламалары мәселеге қатысты аяттарды негізге алып Пайғамбарға бойұсынудың Оның сүннетін ұстану және жеткізген бұйрықтары мен тыйымдарын мойындау екенін айтады,[6] «Аллаға және Расулына бойұсыныңдар» аяттарында Аллаға бойұсынудың парызда, ал Расулына бойұсынудың сүннеттерде бойұсыну екені айтылады.[7]
Хазрет Пайғамбарға ілесуді бұйырған аяттар да сүннетке сай болуды қажет етеді. «Ендеше, сендер де Аллаға және Оның барлық сөздеріне (яғни, барлық кітаптары мен үкімдеріне) кәміл иман еткен «үмми» пайғамбары әрі хақ елшісіне иман келтіріп, соңынан еріңдер. Сонда тура жолға түсесіңдер» (Aғраф/7: 158) деген аятта Пайғамбарға ілесу Пайғамбарға иманның жалғасы, әрі қажеттілік есептелген. «Уа, Мұхаммед! Адамдарға): «Егер Алланы (шынымен) жақсы көрсеңдер, маған еріңдер. Сонда Алла тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді», – деп айт. Алла өте кешірімді, (әсіресе мүмін құлдарына) ерекше мейірімді.» (Әли-имран/3: 31) деген аятта болса, Алланы сүюдің және Оның мейіріміне бөленудің шарты Пайғамбарға ілесу екені көрсетілген. Сүйіспеншілік мәселесінде ілесудің шарт етілуі басқа мәселелерде де Пайғамбарға еруді табиғи түрде қажеттілік етеді. Сондай-ақ, Алла Тағаланың Расулына (с.а.у.) бағынышты болуды құлдарына парыз қылуы Расулалланың (с.а.у.) сүннетінің Алла Тағала тарапынан қабылданғанын көрсетеді.
Құран Кәрім Хазрет Пайғамбардың (с.а.у.) үкіміне мүлтіксіз бойұсыну және бағыну арқылы зәредей де шүбә келтірмей, жүректен сеніп разы болу қажет екенін бұйырғанда, күмәнсіз сүннеттен айнымауды да бұйырып тұр: «Алла және Расулы бір мәселеде үкім еткен жағдайда, сенген еркек пен әйелдің бұл мәселеде өз қалауларына қарай таңдау қақысы жоқ. Кім Алла мен Расулына қарсы келсе, ашық адасқан болып табылады» (Ахзаб/33: 36) және «Жо-жоқ, Раббыңның атымен ант етейін! Олар араларында туындаған дау-дамайды (оңтайлы шешу үшін) сенің билігіңе жүгініп, әрі шығарған үкіміңе іштей болса да наразылық танытпастан (өзіңе) толық бойсұнбайынша иман етпейді» (Ниса/4: 65) деген аяттарда сүннетті ұстану қажеттігі ашық баяндалады. Өйткені, мәлім болған ақиқат – Хазрет Пайғамбардың Құраннан тыс шығарған көптеген үкімі бар. «Алла мен Расулына сенсеңдер, дау туған мәселелерде Аллаға және Расулына жүгініңдер.» (Ниса/4: 59) деген аят болса, сүннетке жүгіну бұйрығын қайталайды. Алғашқы Ислам ғұламаларының бірі Мәймун Ибн Михран «Аллаға жүгініңдер» дегеннің Алланың Кітабына, «Расулына жүгініңдер» деген бөлігінің болса, Оның (с.а.у.) көзі тірісінде өзіне, қайтыс болған соң сүннетіне жүгініңдер деген сөз екенін алға тартады.[8]
Расуллаланың (с.а.у.) үндеуіне еру қажеттілігін көрсету де сүннет ұстануды бұйыру деген сөз. «Уа, иман еткендер! Алла елшісі сендерді өздеріңе мәңгілік өмір сыйлайтын иманға шақырғанда, Алла пен елшісінің шақыруын қабыл алыңдар.» (Әнфал/8: 24) деген аяттағы Пайғамбардың үндеуінде қандай да бір шектеудың болмауы Оның әр бұйрығы мен тыйымына бойұсыну қажет екендігін көрсетеді. Хазрет Пайғамбардың үндеуі әрине сүннетті де қамтиды.
Құран Кәрімде Хазрет Пайғамбарға (с.а.у.) қарсы шығуға және Оған ермеуге тыйым салынады. Бұл тыйымдар, айналып келгенде, Хазрет Пайғамбарға бойұсыну қажеттігін көрсетеді: «Кімде-кім Аллаға және Расулына қарсы шығып, Ол қойған шектеуден асар болса, Алла ондайларды мәңгіге шыға алмайтын отқа тастайды.» (Ниса/4: 14). Оның бұйрығына қарсы шыққандар бастарына төнер бәленің немесе өздеріне өте ауыр азаптың келуінен сақтансын.» (Нұр/24: 63) және «... Расулға қарсы шыққандар Аллаға ешбір зиян келтіре алмайды. Алла олардың істегендерін зая кетіреді.» (Mұхаммед/47: 32) секілді аяттар бұл мәселеге қатысты аяттардың бірнешеуі ғана. Соңғы аятта Хазрет Пайғамбарға қарсы шығудың Аллаға қарсы шығумен тең екендігі ашық көрсетілген. Бұл жерде, сүннетті ұстанбау Кітапқа бойұсынбау екендігін бағамдау қиын емес.
Сүннеттің бастауы уахи екендігін ескерткен «Ол өз қалауын айтпайды.» (Нәжм/53: 3) деген аяттың сүннетті де қамтитыны ғалымдар мақұл көрген ақиқат[9]. Бұл аят сүннетті ұстанудың маңызды дәлелі.
Хазрет Пайғамбардың (с.а.у.) Құранды түсіндіру міндеті Оның Құраннан тыс сөзі мен ісіне де бойұсынуды қажет етеді. Құраннан тыс Хазрет Пайғамбарға уахи немесе илхам арқылы мәлімет келуін мойындамауға жол жоқ. Құранды түсіндіру Оған жүктелгендіктен, бұл түсіндіру шамасы Құраннан бөлек бір нәрсе болуға тиіс[10]. Мұның жанында, баяндау құзыреті түсіндіру жолдарының бәрін қамтиды. «Адамдарға өздеріне жіберілгенді түсіндіруің үшін және ойланып түсінсін деп, саған да осы Құранды түсірдік» (Нахл/16: 44) деген аят Пайғамбардың (с.а.у.) түсініктемелерінің Құраннан бастау алатынын көрсетеді.
Хазрет Пайғамбардың (с.а.у.) заңдастыру құзыреті де сүннеттен айнымауды қажет етеді. «Сол умми Пайғамбарға ергендер (бар ғой), міне сол Пайғамбар оларға жақсылықты бұйырады, оларды жамандықтан сақтандырады. Оларға таза нәрселерді адал, лас нәрселерді харам қылады» (Aхраф/7: 157) және «Алла және Расулы харам қылғанды харам демейтін, хақ дінін дін деп танымайтындармен масқара болған күйлерінде толық бағыныштылықпен жизия* бергендерінше соғысыңдар.» (Tәубә/9: 29) деген аятта Хазрет Пайғамбардың осы құзыреті мен міндеті көрсетілген.
Хазрет Пайғамбардың (с.а.у.) тәблиғ (дінге үгіттеу) міндеті де сүннеттен айнымауды қажет етеді. Сүннет Расулалланың (с.а.у.) Раббынан алған пайғамбарлығын хабарлауынан тұрады. Алла Оған осы пайғамбарлықты хабарлауын бұйырып былай дейді: «Уа, (ардақты) Елші! Раббыңнан өзіңе түскенді (үмбетіңе бұлжытпай) жеткіз. Егер мұны істемесең, елшілік міндетінді атқармағаның» (Mәида/5: 67). Хазрет Пайғамбар (с.а.у.) дінді жеткізгенде тек Құранды айтумен ғана шектелмеген, Құранмен қатар сүннетті де түсіндірген, Құран мен сүннетті бірге ұстанып, сахабаларға солай үйреткен.
Бүкіл осы аяттар мен талдаулардан түсінуге болатыны – сүннеттен айнымау ең әуелі Құран Кәрімнің нақтыланған бұйрығы. Құран сүннетке ілесуді бөліп-жармай бір бүтін күйінде ұстануды ұсынады. Хазрет Пайғамбарға иман келтіру бұйрығы және Оған иманның иман шарттары арасында орын алуы, Онсыз (с.а.у.) иманның толық болмауы, шынайы болмауы Расулалланың орнын көрсетіп, Оған ілесуді міндет етеді. Сүннеттен айнымауды бұйырған Құран Хазрет Пайғамбарды нақты түрде мұсылмандарға үлгі еткен. Өйткені, Ислам адам өмірінің бүкіл кезеңдері мен бағыт-бағдарын бірге қарастырады. Хазрет Пайғамбарға жүктелген миссия әрине Оның өз сүннетінің болуын қажет етеді. Пайғамбардың (с.а.у.) шариғи зандарды белгілеу құзыреті бар. Сонымен қатар, сүннетінің уахиге негізделуі немесе уахимен мақұлдануы Сүннеттің бастауы уахи екендігін білдіреді. Құранның Оған қарсы шығуға және бұйрығын орындамауға тыйым салуы да сүннеттің негізгі бастау көзін көрсетіп қана қоймай, Оның (с.а.у.) жолы болып табылатын сүннетке бойұсынуды да парыз қылады.
Келтірілген осы аяттар Расулалланың (с.а.у.) мәртебесін анықтаумен қатар сүннетінің де қадірін көрсетеді. Алла Тағала Құранға бойұсынуды қалай парыз қылса, Пайғамбарының (с.а.у.) сүннетіне де солай бойұсынуды бұйырады.
Сүннеттің сүннетті ұстануды бұйыруы
Тура жолды көрсетуші және жалғыз үлгі ретінде жіберілген Хазрет Пайғамбардың (с.а.у.) Алланың жолына шақырушы сипатында өзіне еруді айтуы өте табиғи жай. Құран сүннетке бойұсынуды бұйырған соң, сүннеттің де осы бұйрықты қайталауы оның Құраннан алған қуатын көрсетіп және оны нақтылап тұр.
Хазрет Пайғамбар (с.а.у.) Сүннетті ұстануды Қоштасу құтпасында үмметіне өсиет ретінде ашық айтады. «Сендерге оны ұстанатын болсаңдар, мәңгіге адастырмайтын екі нәрсе қалдырып барамын. Алланың Кітабы және елшісінің сүннеті. Бұлар (Кітап пен Сүннет) Кәусарда маған жеткенше ажырамайды»[11]. Хазрет Пайғамбар (с.а.у.) осы өсиеті мен ұсынысы арқылы Құранмен бірге сүннетті ұстануға да шақырып, оған сай болуды қалаған. Заңдастыру (шариғи зандар) құзыреті сөз болатын хадисте бойұсыну шарттарын сүннеттің күшімен және алар орнымен нақтылайды. Хазрет Пайғамбар (с.а.у.) тағы өсиет ретінде өзінен кейін сүннетіне бойұсынуды ұсынады. Ол (с.а.у.) «Мен сендерді түні күндіздей жап-жарық болған дін үстінде қалдырдым. Менен кейін тек қор болғандар, ол діннен адасқандар болады. Сендердің сол күнге жеткендерің талай алауыздыққа куә болады. Сол үшін танып білген сүннетіме және тура жолға ілескен Хақ дінінің жолындағы халифалардың сүннетінен айрылмаңдар. Соларды мықтап ұстаныңдар.»[12] деп бұйырған.
Үмметтің жікке бөлінетін кезінде өзінің және асхабының жолын ұстанғандардың аман қалатын топ екенін айтқан Хазрет Пайғамбар (с.а.у.)[13] қай кезде, қай жерде болмасын, әсіресе қиын жағдайда, сүннетті ұстанудың қорғаушы сипатына назар аударып отырады.
Расулаллаға (с.а.у.) еру, еліктеу де сүннетті ұстануды қажет етеді. «Маған ерген менен»[14] деген хадисте Хазрет Пайғамбар (с.а.у.) ашық түрде өзіне ілесуді бұйырады.
«Сендерге бірдеңені тыйым салсам, дереу одан қашыңдар. Бірдеңе бұйырсам, шамаларың жеткенше оны орындаңдар.»[15] деген хадис те қашан да сүннетті ұстану қажеттілігін ескертеді. Көріп отырғанымыздай, Хазрет Пайғамбар (с.а.у.) жалпы нұсқау береді. Соған орай, Ол (с.а.у.) бар мәселеде тыңдауға тиіс тұлға. Онсыз да, әсіресе жаһандық миссиямен келген пайғамбардың жалғыз бір салада үлгі және өлшем болуы, бір саламен шектеліп қалуы мүмкін емес.
Хазрет Пайғамбар (с.а.у.) «Сөз біткеннің ең көркемі Алланың Сөзі, ал жолдардың ең түзуі, ең көркемі Мұхаммедтің жолы.»[16] деп бұйырып, сүннеттен дұрыс және одан асқан жол болмайтынын көрсету арқылы оны орындауға үндейді.
Ал «Кім сүннетімді жандандырса, оның мені сүйгені. Кім мені сүйсе, Жәннатта менімен бірге.»[17] хадисінде қасиетті Пайғамбарымыз (с.а.у.) әрі сүннетті сақтауды, әрі сүннеттен айнымауды өзімен байланыстырады. «Кім менің жаратылыстағы бітім-болмысымды жақсы көрсе, сүннетімнің жолымен жүрсін.»[18] хадисі де осы мағынада. Ол (с.а.у.) өзіне деген сүйіспеншіліктің де иманға қатысы барын атап көрсеткен. «Аллаға серт, ешкім де мені әкесі мен баласынан және барлық адамнан артық жақсы көрмейінше (шын мағынада) иман келтірген саналмайды.»[19] хадисінде бұл ап-ашық баяндалады.
Сүннеттің бастауы уахи екенін білдіретін хадистер де сүннетті ұстануға үндейді. Хазрет Пайғамбардың (с.а.у.) «Ұмытпаңдар! Маған Кітап және оның теңі берілді. Ұмытпаңдар! Маған Кітап және оның теңі берілді.»[20] хадисінде сүннеттің маңызына және алар орнына бастау көзін көрсете отырып назар аударады.
Хазрет Пайғамбардың (с.а.у.) заңдастыру құзіреті бар екенін көрсетуі мәселеге қатысты маңызды дәлел. Ол келешекте сүннетті мойындамайтындардың шығатынын ескерткеннен кейін, «Ұмытпаңдар! Алланың Расулының харам қылғаны Алланың харам қылғанымен тең» деп бұйырған[21].
Хаз. Пайғамбар (с.а.у.) Құран мен сүннеттің бір-бірінен ажырамайтынын ескерткен[22]. Мұнымен қатар, Ол (с.а.у.) Құраннан тыс та уахи алғанын, бұған қарамастан заңдастыру құзіретін мойындамай, сүннетті мақұлдамайтындар болатынын, сүннетке қарсы болатын топтардың белең алатынын, хадистерге мән бермей бар мәселені Құраннан іздеуге бейімділік танытатын қате пікірлердің шығатынын хабар беру арқылы үмметін ескертеді және мұндайларды мына сөздермен сақтандырады: Мен бұйырған немесе тыйым салған бір жай алдарыңнан шыққанда, байқаңдар, араларыңнан біреу жастығына жантайған күйінде «біз анау-мынауды білмейміз. Алланың Кітабында не көрсек, соны орындаймыз, бары осы.» деп жүрмесін[23]. Хазрет Пайғамбар (с.а.у.) осылайша сүннеттің діннің екі бастауының бірі екенін мойындамайтындарды жария еткен[24], сүннетті мойындамау және сүннетсіз Ислами ізденістер болатынын ескертіп үмметін сақтандырған, Ислам дінінде тек Құранмен ғана шектелуді мақұлдамаған. Хазрет Пайғамбардың (с.а.у.) мұндай адамдарды сынауы осы пікірді ұстанатындардың Құранға сенімі де шынайы еместігін көрсетеді. Мәселенің маңызы хадистің басқа риуаяттарын да келтіруді қажет етуде.
«Араларыңнан біреу жастығана жантайып алып Алланың мына Құранда харам қылғандарынан басқа нәрселерді харам қылмады деп ойлай ма? Ұмытпаңдар! Уаллаһи, мен үгіт жүргіздім, бұйырдым және тыйым салдым. Бұлар (бұйрықтар мен тыйымдар) Құрандағылармен тең, тіпті саны жағынан одан да көп.»[25]
Мәселеге қатысты тағы бір риуаят былай: Сендердің (үмметімнің) біреулерің (жастыққа, шынтағына) жантайған күйі мені теріске шығаруы (өтірікші ету) мүмкін бе? Менің бір хадисім риуаят етілгенде «Расулалла (с.а.у.) мұны айтпаған» дейді[26]. Осыған қарағанда, Хазрет Пайғамбар (с.а.у.) хадисті мойындамаудың өзін теріске шығару есептелетінін ескертеді. Басқа бір риуаятта болса, мойындамаушыларды былай түсіндіреді: Менен бір хадис айтылғанда «Расулалла (с.а.у.) мұны айтқан жоқ. Бұған бізге кепіл болатын біреу бар ма?» дейді[27]. Бұл сөз хадис риуаяттарының зерттелуіне қатысты емес, негізінен сүннетті мойындамайтындардың мінез-құлқын, олардың өздерінен басқа ешкімге сенбейтіндіктерін көрсетеді. Хазрет Пайғамбар (с.а.у.) сүннетті мойындамаушыға хадис жеткенде, ол шалқайып отырған күйі хадисті айтушыға «Біз бен сіздің арамызда Алланың Кітабы бар! Осы Кітапта нені адал десе, соны қабылдаймыз, нені харам етсе, соны харам қыламыз.» дейтінін айтқаннан кейін, ал Алланың Пайғамбарының (с.а.у.) харам қылған нәрсесі Алла тарапынан харам қылған нәрсемен тең.[28] деп бұйырып, мәселенің маңызына және сүннеттің бастау көзіне назар аударады. Расулалла (с.а.у.) тағы басқа бір сөзінде сүннетті мойындамаушылардың «Бұл – Алланың Кітабы, ондағы адалды адал санаймыз, ондағы харамды харам санаймыз.» дейтініне назар аударып, «Ұмытпаңдар, кімге менің сөзім жетсе және ол адам сөзімді теріске шығарса, Алланы, Расулдың өзін және Расулалланың (с.а.у.) сөзін жалған деуші» деп бұйырады[29]. Мойындамаушы бұл сөздерімен Алланың Пайғамбарына (с.а.у.) берген құзіретіне шек келтіріп, дінде Пайғамбардың (с.а.у.) өз бетінше амал ететінін және Оның сөздеріне сенуге болмайтынын айтқан болады. Сүннетке шек келтірушілер хадистегі бар нәрселер мен Құрандағы нәрселерді құдды айна-қатесіз бірдей деп ойлап, Хазрет Пайғамбардың (с.а.у.) бұйрығы мен тыйымы өздеріне жеткенде, «Алланың Кітабы қолымызда, бұл онда жоқ.» дейді[30]. Ислам ғұламасы Шатиби мәселеге қатысты «Сүннет Кітапты тәпсір етеді/түсіндіреді. Кім сүннетті білмей Құранды алса, сүннетте сүрінгеніндей Құранда да сүрінеді» дей келе, Исламнан бұрынғы қауымдардың осыған орай адасуға ұшырағанын атап өтеді[31]. Бәгауи болса, жоғарыдағы хадистерге қатысты «Бұл хадистер хадистің Құранға сілтеме жасау қажеттілігі жоқ екеніне дәлел. Сүннеттің жеке өзі де растаушы дәлел екені нақтыланған. «Маған Кітап және оның теңі берілді.» хадисі де осыны көрсетеді» деп, ойын ортаға салады. Хадисте аталған жастық (кресло, тақ, орын) сөзі арқылы Хазрет Пайғамбар (с.а.у.) дін және ақырет мәселесінде уайымсыз, жайлы өмірге құмар, ілім-біліммен шұғылданбайтын және дәулеті тасқан адамдардың нені мұрат ететінін көрсетеді. Мұндай адамдар қамсыз және жайбарақат күйлерінде өздері білмейтін мәселелерге араласатындар[32].
Хаз. Пайғамбар (с.а.у.) «өзіне бойұсынуды бұйырған» (Ниса/4: 13, 80) және «бүлікке тыйым салған» (Ниса/4: 14) аяттары қайталау және нақтылау мағынасында өзіне бойұсынуды бұйырып, бүлік, бағынбаушылыққа тыйым салады; «Кім маған бойұсынса, Аллаға бойұсынған, кім маған қарсы шықса, Аллаға қарсы шыққан болады» деп бұйырады[33]. Тағы да «Үмметімнің бәрі Жәннатқа кіреді, алайда тартынғандар кіре алмайды.» хадисінде Расулалла (с.а.у.) тартынғандардың кім екендігін «Кім маған бойұсынса, Жәннатқа кіреді, кім маған қарсы шықса, бұл оның тартынғаны.»[34] деп бұйырып, түсіндіреді. Бұл хадис «Расулалланың (с.а.у.) сүннетінен тартынған адамның Оған (с.а.у.) қарсы шығушы»[35] саналатынын көрсетеді.
Ибн Хиббән Расулалланың (с.а.у.) сүннетіне бойұсынуды «ойдан шығарылған дәлел, себептермен сүннетті жоққа шығару үшін амал іздейтіндердің айтқандарына мән бермей, Алланың дініне қатысты бұрын-соңды пікір білдіргендердің пікірлерін де бір жаққа ысырып қойып, көлемі мен мазмұнына қарамай сүннетті мақұлдаудан тұрады» деп түсіндіреді[36].
Расулалланың «Осында тұрғандар мұнда жоқтарға естіртсін.»[37] және «Алла сөзімді тыңдап, жаттаған және кейін оны естімегендерге жеткізген адамның алдынан жарылқасын!»[38] хадистері секілді, сүннеттің хабар берілуіне және таралуына шақырған бұйрықтары да сүннетті ұстануға пәрмен. Бұл жерде Расулалланың (с.а.у.) өз сөзінің басқа сөздерден өзгешелігін ескертуі де сүннеттің және сүннеттің хабар берілуінің маңызын көрсетеді. Хазрет Пайғамбардың (с.а.у) мәселен, Қоштасу құтпасында әрине бәрі Құранда ең болмағанда айқын көрсетілмеген кей мәселелерді де түсіндіргеннен соң, «Байқаңдар, хабар бердім бе?»[39] деп сұрауы және парыз ғибадаттардан тыс құлшылық түрлерін естіртуді бұйырғаны[40] да сүннеттен айнымау керектігін білдіреді.
Расулалла (с.а.у.) өз әкелгендерінен тыс басқа діндерге тән мәліметтерге ықылас қоюға немесе өз орнына басқа бір пайғамбардың қойылуына үзілді-кесілді рұқсат етпеген. Оның бұл әрекеті сүннетті ұстанудың қажеттілігін білдіретін күшті дәлел. Мәселен, Ол (с.а.у.) «Ант етейін, мен сендерге кемшіліктен ада дін әкелдім. Кітап иелерінен ештеңе сұрамаңдар; өздері адасып жүріп, сендерді тура жолға сала алмайды, олардан сұрасаңдар, не бір жалғанды растайсыңдар, не болмаса, бір ақиқатты жоққа шығарасыңдар. Мұса тірі болса, маған бағынудан басқасы оған адал болмас еді. Мұса араларыңда болса, мені тастап, оған бағынсаңдар, азапқа ұшырайсыңдар. Сендер үмметтердің менің үлесіме тигенісіңдер, ал мен елшілерден сендерге тиесілісімін.» деп бұйырған[41]. «Өздеріне сен оқыған осы Кітапты саған түсіргеніміз оларға жеткілікті болмады ма?» (Aнкәбут/29: 51) аяты да осы хадисте айтылған ақиқатты нақтылайды[42]
Қорыта келе, қасиетті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өз сүннетіне қатысты бұл хадистері сүннет болмаса, Ислам дінін ұстану мүмкін еместігін көрсетеді. Дініміздің екі бастау көзі бар. Құран Кәрім және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеті. Тек жалғыз Құранмен діннің шарттарын орындау мүмкін емес. Құранның қалай өмірлік ұстанымға айналып, орындалуын Хазрет Пайғамбарымыз көрсеткен. Расулалланың (с.а.у.) мұсылман ретінде қалай өмір сүргеніне мән бермей мұсылманша жасау мүмкін емес. Пайғамбар (с.а.у.) дінді бастан өткергенде шүбәсіз бұл өмір сүру үлгісін өз бетінше ойдан шығармаған. Негізінде, бір пайғамбардың Алла Тағаланың мақұлдауынсыз діннің атына бірдеңе айтуы, бірдеңе істеуі мүмкін емес.
[1] Бухари, Либас 82, 84, 85, 87, тәпсір 59/4.
[2] Мәвдуди, Тафхимул Кұран VI, 191.
* үмми - Үмми сөзі «үмм» түбірінен тарайды. Қандайда да бір сауат ашпаған, шешесінен туылғандай пәк әрі жаратылыс негізін сақтап қалған адам дегенді білдіреді. Пайғамбарлық ғимаратының маңызды негізі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) жаратылыс негізіне сай таза қалпын сақтаған. Сол себепті санасы Құран ақиқатын түсінуіне кедергі келтіретін ешқандай бөтен жайттармен былғанбаған. «Пайғамбарымыз үмми еді, өзге философия мен мәдениеттердің ықпалында қалмаған. Санасы кіршіксіз таза еді. Алланың қолдауы әрі хикметімен жаратылыс негізіне сай тап-таза күйінде сақталған» (Ф.Гүлен, Үмит буржу, 168). «Бұл иләһи бұйрықтардың жорамалында санада сақталған жайттар мен өзге мағлұматтардың тұнық мәселені былғамауы, өзге түс пен формаға ауытқып кетпеуі үшін Алланың әуелде тіке өз бұйрықтарын, екіншіден елшісінің жаратылыс қасиеттерін сыртқы ықпал мен идеялардан қорғауы деген сөз» (Ф.Гүлен. Кенди дүниямыза доғру, 159.(ауд.)
[3] Құртуби, Жәми , VII, 5237.
[4] Құртуби, Жәми, I, 32.
[5] M. Яшар Кандемир, Ики Жиһан Гүнеши, б. 245.
[6] Қады Ияз, Шифа, II, 17.
[7] Құртуби, Жәми , II, 1445; V, 3042; IX, 6473; Қады Ияз, Шифа II, 18.
[8] Ибн Әбдилбер, Câmi , II, 190.
[9] Құртуби, Жәми , IX, 6255; Эльмалылы, Хақ Дини VII, 4572; Мәудуди, Тафхимуль Кұран VI, 13-14.
[10] Хусейн Атай, Кураның Анлашылмасы , Эржис Университеті Дінтану Факултеті Журналы, б. 26.
* жизия - мұсылман елдерінде мұсылман еместерден алынатын әрі мемлекеттің қорағауында болудың құны ретінде салық түрі.
[11] Муатта , Тағдыр 3; Ибн Әбділбер, Жәми , II, 24, 110, 180; Хәкім, Мүстәдрәк, I, 93. Бұл мәселеге қатысты маңызды кей риуаяттарда сүннет орнына Әһлі Бәйіт делінеді, дегенмен, Бәдиүззаман хазретінің айтқанындай Әһлі Бәйіттің де мақсаты сүннет. Бұл тұрғыдан, шынайы Әһді Бәйіт сүннетке сай және сүннетті орындаушы. Әһлі Бәйіттің ең басты қызметі сүннетті мойындау және орындау.
[12] Дарими, кіріспе 16; Ибн Мәжә, кіріспе 6.
[13] Тирмизи, иман 18.
[14] Мүснәд, V, 409.
[15] Бухари, итисам 2; Мүслім, ілім 2.
[16] Бухари,тәпсір 34/2, 111/2; Мүслім, жұма 43.
[17] Тирмизи, шдшь 16.
[18] Абдурәззақ, Мүсәннәф, VI, 169; Бәйхаки, Сүнен, VII/77.
[19] Бухари, иманг 8; Мүслім, иман 69-70.
[20] Абу Даут, сүнне 5; Ибн Хиббан, Сахих, I, 173.
[21] Ибн Мэжэ, Кіріспе 2; Тирмизи, ілім 10.
[22] Дәракутни, Сүнен, IV, 245; Хәкім, Мүстәдрәк, I, 93.
[23] Дәріми, кіріспе 49; Әбу Дәуід, сүннә 5.
[24] Исмаил Лютфи Чакан, Хадистермен шындықтар -2-, б. 138
[25] Әбу Дәуід, хараж 31(33).
[26] Әбдірәззақ, Мүсәннәф, X, 453.
[27] Әбдірәззақ, сонда, X, 453.
[28] Тирмизи, ілім 10.
[29] Табарани, әл Мұжемул аусат, VII, 313; Ибн Әбділбер, Жәми II, 189.
[30] Мүснәд, VI, 8; Ибн Хиббан, Сахих I, 174.
[31] Шатыби, Итисам, I, 59.
[32] Бәғауи, Шәрху суннә, I, 201.
[33] Бухари, аһхкәм 1, жихад 109.
[34] Бухари, итисам 2.
[35] Ибн Хәжәр, Фәтхуль Бәри, XV, 180.
[36] Ибн Хиббан, Сахих I, 180.,
[37] Бухари, ілім 37, 39.
[38] Дәріми, кіріспе 24.
[39] Мүслім, күсуф 1.
[40] Әбу Дәуід, татавву 10.
[41] Әбдірәззақ, Мүсәннәф, VI, 113, 114; X, 313-314; Мүснәд, III, 387, 338, 471; IV, 266.
[42] Дәріми, кіріспе 42.