Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Періштелер > Пайғамбарлар мен әулиелер Аллаһ тағаланың сездіруімен келешекке қатысты ойлар айтқан

Пайғамбарлар мен әулиелер Аллаһ тағаланың сездіруімен келешекке қатысты ойлар айтқан

2015-06-29 4729

Аллаһтың сүйікті құлдары Аллаһтың іліміне сүйене отырып, болашақ туралы хабарлар айтқан. Әсіресе, Ұстаздардың ұстазы, жаратылыстың мақ-танышы – Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осындай сөздері көптеп кездеседі. Ол ақыр заманға дейін болатын оқиғаларды бейне бір теледидар экранынан тамашалағандай үмбетіне айтып кеткен. Хәзірет Әли мен Зүбәйрдің (р.а.) арасында болған қақтығыс (Жамал соғысы), Османның шейіт болуы, Фатиманың (р.а.) өлімі – бәрі Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хабар берген оқиғалардың тек бірнеше мысалы ғана.


Осындай ақпарлардың кейбіреулері түсініктеме беруді қажет етпейтіндей өте айқын. Ал кейбірінің ақиқатына көз жеткізу үшін түсініктемелер мен тәпсірлерге жүгінуге тура келеді. Енді біреулері тек әулие кісілерге ғана түсінікті. Кейінірек әулиелер Құран Кәрімге және Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүннеті мен сөздеріне немесе осы екі нұрдан нәр алған, шабыт алған жан дүниелеріне сүйене отырып, әлгі ақпарлардан түйгендерін, шығарған үкімдерін тілге тиек еткен. Олардың әрбірі Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) терең ілімінен көңіл сарайының кеңдігіне қарай нәр беріп, осы арқылы бәзбір ақиқаттарға көз жеткізуге сеп болады.


Әулиелер болашаққа қатысты ақиқаттарды көріп-білу барысында, кейде арақашықтықты дұрыс белгілемегендіктен, дәлме-дәл нәтижеге қол жеткізе алмайды, кейде оқиғалардың ішкі мағынасын емес сыртқы бейнесін көреді. Ал егер Аллаһ тағала тарапынан оларға осындай оқиғаларды жорамалдауға рұқсат берілмеген жағдайда, әлбетте, қателіктер мен нұқсандықтарға ұрынып жатады. Мұндай жағдайда олардың айтқаны мен Аллаһ тағаланың мұрат-тілегі сәйкес келмей қалады. Бұл – түсті жоруға ұқсайды. Мысалы, түсіңізде алма көрдіңіз. Оны «Аллаһ тағала бізді қамқорына алып, ерекше ләззатқа кенелетін болдық», – деп жоримыз. Алайда алманың символдар әлеміндегі мағынасы нәпсіқұмарлықтың күшеюі болуы мүмкін. Тағы бір түсімізде үйге Жәбірейіл періштенің (а.с.) кіргенін көреміз. Оны «Үйге құт-береке келетін болды», – деп жоримыз. Алайда ол – игі бір кісінің о дүниеге аттанатынының белгісі болуы мүмкін. Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады.


Әулиелердің жағдайлары да осындай. Олар болашаққа қатысты белгілерді жориды, дегенмен жорамалдары кейде дәл шықпай жатады. Түйсігінде бір дән бейнесінде көргенін дәннің ағаш түріндегі бейнесіне қарай жорамалдап, қателесуі де мүмкін. Бұл Пайғамбарлардан басқа жандардың бәріне тән. Пайғамбарларда да осыған ұқсас қателіктер бола қалса, Аллаһ тағала оны сол мезет түзетеді. Өйткені пайғамбарлар өздерінің үмбеттерінің ең сенімді жолбасшылары. Егер қателіктері дер кезінде түзетілмесе, бүкіл үмбеті қателіктерді тура мағынасында қабылдайды. 


Шектеулі болса да, көзді жаратқан және көздің көруі үшін жаратылысты жоқтан бар еткен Аллаһ тағала, әрине, көздің әміршісі болып табылатын рухқа өз әлеміне тән саяхат жасатып, жаратылыстан тыс материялық әлемнен басқа әлемдерге қатысты белгілерді, үлгілерді, көріністерді және болашаққа қатысты оқиғаларды бір-бірлеп көрсетеді.


Мухиддин ибн Араби Осман мемлекетінің құры-луынан бір ғасыр бұрын өмір сүрсе де, османдықтар дәуірінде болатын көптеген оқиғаларды айнытпай айтып кеткен. Бұл туралы Эдирне кітапханасында табылған және Эфрани тарапынан аударылған «Әш-шәжәрәтун-нуғмания» атты еңбегінен оқуға болады. Осы еңбегінде Осман мемлекетінің құрылуы, оның Дамаск пен Мысырды алуы, Явуз Селим Дамаскіге басып кірген кезде өзінің қабірінің табылатындығы сияқты бірталай оқиғалар туралы астарлап айтып кеткен. Аталмыш еңбекте Хафиз Паша тоғыз ай қоршауға алса да, Бағдатты ала алмайтыны, қырық күн ішінде оны ІV Мұраттың алатыны жайлы айтылған. Өзінен бірнеше ғасыр кейін келетін Сұлтан Абдулазиздің қастандықтың құрбаны болатынынан хабар береді. Мухиддин ибн Араби бұл еңбегінде орыс-жапон соғысы туралы хабар беріп, мұсылмандардың дұшпандарымен соғысатынын әрі жеңіске жететінін айтып кеткен. 


Битлистік Мұстафа Мүштак Деде өзінің «Диуанында» Анкараның астана болатыны жайлы жетпіс жыл бұрын хабар берген. Өлең тармақтарының соңғы әріптері осман тілінде «алиф, нун, қаф, ра, һә», яғни «Анкара» сөзін көрсетеді, әрі бұл оқиғаның соғыстың нәтижесінде жүзеге асатынын да тілге тиек ете отырып Анкараның астана болатынын ашық айтып кеткен.


Мәуләна 700 жыл бұрын: «Тынымсыз кеміретін өте кішкентай тіршілік иелерін көріп тұрмын», – деп микроптың пайда болатынына немесе бактерияларға ишарат жасап кеткен. Осы ғасырда өмір сүрген тағы бір тәпсірші көптеген жыл бұрын 1971 жылы Түркияда әскерлер күшпен үкіметті құлатып, билікті қолға алатынын айтып кеткен. Одан: «Қашан болады?» – деп сұрағандарға, «12 наурызда», – деп жауап берген. Дәл сол кісінің 1980 жылғы көтеріліс туралы да хабар бергендігі туралы да айтылады.


Болашақ туралы әулиелердің осындай не осыған ұқсас хабар беруін қандай физикалық өлшеммен, атомның қандай заңдылықтарымен не қандай қисынмен түсіндіре аламыз? Әсте түсіндіре алмаймыз!..


Аллаһ тағаланың көмегі әрі рұқсатымен рух алдын-ала хабар алған демесек бұндай оқиғаларды басқа еш нәрсемен түсіндіре алмаймыз.


Болашақтан хабар беру мәселесі телестезияның бір саласы ретінде сәуегей көріпкелдерде, бал ашатын дінсіз адамдарда да кездеседі. Осы мәселе төңірегінде әлем әдебиеттерінде айтылатын сан мыңдаған оқиға бар. Мәселен, Америкада шыққан журналдарда Мадам Гибсон атты әйелдің көп жыл бойы әлемдегі оқиғаларға қатысты біршама мәліметтерден алдын-ала хабар бергендігі туралы жазылған. Бұл әйел Кеннедидің өлтірілетінін, Үндістан мен Пәкістанның 1947 жылы екіге бөлінетінін осы оқиғалар болмай тұрып-ақ хабар берген. Тіпті Анкарада болатын зілзала туралы да айтып кеткен. Әйелдің әулиелігі жоқ, дегенмен Ұлы Жаратушының рұқсатымен болашаққа үңіле алатын қасиеттері бар. Кейбір жандардың рухы осыған бейім келеді. Олар өздеріне тән қимылдар жасап трансқа кіру арқылы кейбір нәрселерді айтады. Бұл жын-шайтан яки жақсы-жаман рухани болмыстар арқылы жүзеге аса ма, әйтеуір, біздің әлемімізден тыс метафизикалық әлемдермен байланыс орнатып, сол жақтан хабарлар алады. Ақиқатты мына жаратылыс әлемінен іздеген, жатпай-тұрмай «табиғат» деп жағы талғанша сарнағандар осы күндері өздерінің жалаң тұжырымдарымен бірге тарихтың қойнауында қалып, жермен-жексен болып жоғалуда. Ал рух болса, барлық жерде өзінің болмысын сақтауда.


"Иман аясында" кітабынан алынды



Оқи отырыңыз