http://akikat.kz
Жер бетінде болып жатқан өзгерістерді бақылай
отырып, қоршаған ортамыздың, бар жаратылыстың тіріліп құлпыра түсетінін көреміз. Бейне бір бәрі Аллаһ
Тағаланың салтанатының алдында әдейілеп қатар түзегендей иық тіресе тұра
қалады. Ағаштар, шөптер, өсімдіктер мен бүкіл жасыл алқап құдды бір формаларын
киген әскер секілді, Шаһид Әзәли (Мәңгілік Куәгер) алдында сап түзейді.
Ағаштар жапырақтарынан айырылып, жаратылыстар үйінді секілді болып, кең жазық дала шөлді аймаққа айналатын уақыт та келеді. Көктемде жер бетінің көздің жауын алған көгілдір сұлулығы мен әсемдігіне куә болсақ, ал күздің өңмеңінен өтер өкпек желі мен қара суығынан айналамыз қарақошқылданып, сұрғылт түске енеді. Күзде өзіңді шөлде жападан жалғыз қалғандай сезінесің. Әсіресе, қыс түсіп, қар жауған жерлерде тіршілік тынысы тіптен сезілмейді. Ағаштар қу сүйекке айналып кеткен сияқты. Шөптер қурап, жер қойнауына көміледі. Содан кейін топырақ бауырына түскен тұқымдарды шірітеді.
Алайда көктем келісімен жансыз көрінген шартарап қайтадан жанданады. Қурап қалған ағаштар кенеттен жібек пен барқыттан көйлек кигендей, барлық әшекейлерін тағып, Шаһид Әзәлидің алдында бар сән-салтанатымен бас иіп тұра қалады. Ағаштардың түбінде қураған шөптер, гүлдер мен топырақ қойнауында шіріген тұқымдар қайтадан тіріліп, жер бетіне өніп шығады. Барлық құрт-құмырсқа мен жанды мақұлықтар өлім ұйқысынан оянып, тіршілікке көзін аша қарайды. Өздері кең тыныс алатын таза ауаның самал желдей беттерін сипап, аялап өткенін сезінеді. Жер бетіндегі рызықтарының қамбаға үйілгендей жиналғанын көреді. Әр көктемде Аллаһ Тағала мыңдаған мақлұқаттың түрлерін осылайша тірілтеді.
Міне, жалпы осы хашірдің жанды түрде көз алдымызда буырқанып өтіп жататыны сондай осыған назар аударғаннан кейін әрбір пенде: «Біз де өлгеннен кейін дәл осылар секілді о дүниенің көктемінде қайтадан тірілеміз» деген ой түйеді. Жаратылыстар мен құбылыстардың әрбір бөлшегі осы мәселеге өте саналы түрде дайын және осы мәселе бойынша әртүрлі көріністерді бізге ұсынып келеді. Бірақ, олардың бәрін жеке-жеке алып қарастыру бір кітаптың аясына сыймайды. Біз тек бір мысал ғана келтірейік: Ағаштардың басынан бізге үзіле қараған, кейде бұтақтарының арасынан, кейде тікендердің арасынан көзімізді қызықтырған жемістер дастарқанымыздың сәні екені рас. Иә, аузымызға дәм, ағзамызға нәр болған жемістер қалай өсіп, жетіледі екен? Мұны жақсы түсіну үшін фотосинтез процесі туралы түсінігіміз мол болуы керек.
Фотосинтез өте жеңіл түрде әрі мол мөлшерде жүзеге асады. Қазіргі заманғы техника мен технологияның бас айналдырар жетістіктері мен қарқынды дамуына қарамастан адамзат әлі күнге дейін бір ағаш жеңіл атқаратын осы фотосинтез құбылысына қол жеткізе алған жоқ.
Жасыл ағаштардағы хлорофилл, су, көмірқышқыл газы және күн энергиясының әсерінен карбонгидрат деп аталатын қант түзіледі. Жасыл жапырақтар өздеріндегі ауа тесіктері арқылы көмірқышқыл газын жұтып, ағаштың осылайша тыныс алуына жәрдемдеседі. Бұл құбылыс абсорбция деп аталады. Көмірқышқыл газы жапырақ ішінде диффузия жолымен хлорофилл бар жерге енеді. Негізінде жасыл түсті құрайтын осы хлорофилл. Тамыр арқылы келген сумен бірігіп, қант түзейді. Бұл – қарапайым бір процестің нәтижесі. Міне, Аллаһ Тағала өте қарапайым түрде осыларды жүзеге асырады. Алайда, осы қарапайымдылық өте жеңіл көрінгенімен адамдардың қолымен жүзеге асуы мүмкін емес. Бұның қарапайымдылығы, жеңілдігі сондай бола тұра адам баласының құп-құрғақ ағаштан аузымыздың сілекейін ағызып, тамағымызды жұтындырған тәтті шырынды жемістерді өсіруге шамасы жетпейді.
Фотосинтез құбылысы жүзеге асып жатқанда ағаш тыныс алады және тыныс алған сайын күш-қуатын жұмсайды. Алайда өзіне қажет нәрсені 5-10 есе артығымен ассимиляциялайтыны тағы бар. Себеп мынада: ағаштың алдында қараңғы бір түн бар. Түн қараңғылығында оның тыныс алуы мүлдем өзгереді. Сондай-ақ, алда ұзақ қыс мезгілі бар. Қыста ол бұл операцияны жасай алмайды. Сонымен қатар, ағаштың жасыл емес бөлшектерінің де энергия шығындайтынын есепке алу керек. Бұл не деген ғажап ақыл, не деген ғажап сана!.. Ал бұл процесті санасы жоқ ағаштың өз қалауымен жүзеге асып жатыр деу нағыз ақымақтық болар еді.
Тіпті құрғақ ағаштың бұтағындағы жемісті назарынан тыс қалдырмайтын Құдіреті күшті Аллаһ Тағала «ғалам» атты алып ағаштың жемісі болған адамды қараусыз қалдырып кетеді дейсіз бе? Ең кішкентай жаратылыстардың ең кішкентай қажетін өтеген Жаратушы адам сияқты ең үлкен жаратылыстың «мәңгілік» деген ұлы арман тілегін орындамайды деп ойлау – адасқандық емес пе?!
Жоқ, мәңгілік үшін жаратылған және Хақиқи Бақи, яғни Аллаһ Тағаладан басқасына көңілі толмаған адам қабірде шіріп, жоқ болып кетпейді. Ол басқа әлемде, өзіне тән өмірді сүру үшін қайта тіріледі.
Құран Кәрім:
«Сен былай деп айт: «Жер жүзін аралаңдар. Аллаһтың жаратылысты қалай бастағанын түсінуге тырысыңдар. Кейін қайтадан жаратады. Өйткені, Аллаһтың барлық нәрсеге құдіреті жетеді»[1].
«Аллаһтың рақымдылығының ұлылығына көз жіберіңдер, қаңсыраған жерге қалай жан бітіреді? Шүбәсіз Ол өлілерді де тірілтеді. Оның барлық нәрсеге құдіреті жетеді»[2], – деп осы ақиқатты көрсетеді.
Бір параққа миллиондаған кітапты бір-біріне араластырмай сыйдырып, жазып назарымызға ұсынған Хақ Тағала бір кітапты парақтап жыртып тастап, қайтадан екінші мәрте тура сол қалпына келтіре алатынына уәде берсе, Оның құдіреті жетпейді деуге бола ма?
Жоқ жерден бір мәшинені ойлап тауып, құрастырған бір ұста, әлгі мәшинені бөлшектеп тастап, сосын қайтадан құрастыра алатынын айтса, оған күмән келтіруге бола ма? Жоқ жерден әскер жинап, тәртіп орнатқан бір капитан жауынгерлерін дем алу үшін таратып жіберіп, сосын бір сырнайдың үнімен қайта жинай алатынын айтса, оған «жоқ, ол қолыңнан келмейді» деуге бола ма?
Міне, осы қарапайым мысалдар ақыретті мойындамай теріске шығарушыларға ой тастау үшін әбден жеткілікті. Асылында мұндай мысалдар жүз мыңдап, миллиондап саналады.
"Ақырет ақиқатына сенім" кітабынан алынды
[1] Әнкабут сүресі, 29/20.
[2] Рум сүресі, 30/50.