Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Пайғамбарлық міндет > Хадис риуаят етудегі асқан жауапкершілік

Хадис риуаят етудегі асқан жауапкершілік

2015-06-23 4908

Сахабалар болсын, олардың сұхбатын тыңдау бақытына ие болған табиғин мүминдер немесе сахабаларды көргендерді көрген тәбәи табиғин деп аталатын мүминдер болсын – қай-қайсысы да естігендерін естіген күйі жүрдім-бардым қабылдай салатын жай адамдар емес еді. Бұлар жүрегі пәк, жаны нәзік болумен қатар, естігендерін елеп-екшейтін, ақыл мен қисын таразысына салатын қырағы, ұқыпты жандар еді. Олар сүннетті зерттеп, зерделеп, елеп-екшеп барып қабылдаған. Риуаяттардың дұрыс-бұрыстығын асқан мұқият-тылықпен тексеріп барып, өздерінен кейінгілерге жеткізген. Осы айтылғандарға қатысты көптеген мысалдан тек бірнешеуін ғана баяндап өтпекпіз.


1. Пайғамбарымыздың ескертуі

Алдымен мынаны жақсылап ұғып алуға тиіспіз: Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) бір хадисінде:  مَنْ كَذَبَ عَلَيَّ فَلْيَتَبَوَّأْ مَقْعَدَهُ مِنَ النَّارِ «Кімде-кім менің атымнан жалған сөйлейтін болса, жаһаннамдағы орнын дайындай берсін» немесе басқа бір риуаятта مَنْ كَذَبَ عَلَيَّ مُتَعَمِّداً فَلْيَتَبَوَّأْ مَقْعَدَهُ مِنَ النَّارِ «Кімде-кім менің атымнан қасақана жалған сөз айтса, жаһаннамдағы орны дайын деп білсін»[1] деген.

Шындық пен жалғанның арасы Расулаллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) пен Мусайламатул-кәззабтың немесе жер мен көктің бір-бірінен алыстығын елестеткендей сол дәуірде ең басты ізгілік шындық болғанын ескерсек, сонау нұрлы ғасырда ешбір мүмин, әсіресе, сахаба мен табиғин Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) атынан жалған сөйлеу тұрмақ, жай өтірік сөздің өзін айтпайтын. Мұны хазірет Алидің мына сөздері дәлелдей түседі: «Мен сендерге Расулаллаһтан естігенімді баяндағанда барынша абай болуға тырысамын, өйткені оның атынан жалған араластырып сөйлегенше биіктен құлап күл-паршамның шыққаны артық»[2].

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) өзі де бұл тұрғыда «Кімде-кім жалған екенін біле тұра менің атымнан бір сөз риуаят етер болса, ол – өтірікшінің нақ өзі»[3] деп ескерткен. Олай болса, шыншылдығымен, адалдығымен танылған, аз ғана уақыт ішінде Ислам дінін айдай әлемге таратып, адамзаттың ізгі тәрбие-шілері атанып үлгерген осынау жамағаттан жоғарыдағы хадиске қайшы келетін әрекеттің шығуы мүмкін бе?!


2. Сахабалар мен табиғиндердің ыждағаттылығы

Сүннетке аса қырағылық танытудың қажеттігін терең түйсінген сахабалар бұл іске аса мұқияттылықпен қарайтын, тіпті кейбіреулері хадис риуаят етуден қорқатын. Мәселен, алғашқы мұсылмандардың бірі Абдуллаһ ибн Мәсғудтың хадис риуаятындағы ықтияттылығы айта кетуге тұрарлық. Сахабалар ол туралы «Біз Абдуллаһ ибн Мәсғудты (р.а.) таныған сәттен бастап Аллаһ расулының отбасының бір мүшесі шығар деп ойлайтынбыз» деген, өйткені Ибн Мәсғуд Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) үйіне емін-еркін кіріп шығатындай жақын қарым-қатынаста болған. Хазірет Омар да (р.а.) халифалығы тұсында оны Куфаға Исламның өкілі ретінде аттандырып тұрып, Абдуллаһ ибн Мәсғудтың қаншалықты қымбат екендігін мына сөзімен білдірген: «Уа, Куфалықтар, егер сіздерді өзімнен артық көрмегенде, Абдуллаһ ибн Мәсғудты арнайы жібермес едім»[4].


Осынау саңлақ сахаба Абдуллаһ ибн Мәсғудтан хадис риуаят етуін өтінгенде, көзі жасаурап, басын төмен иіп قَالَ رَسُولُُ اللّٰهِ «Расуллалаһ былай деді» деп бас-тайтын. Сәлден кейін қайта өз-өзіне келіп басын көтеріп, терең тыныс алатын. Сосын жейдесінің түймелерін ағытып, кеудесін ашып сонан соң ғана хадисті риуаят ететін. (Ең соңында أَوْ دُونَ ذَلِكَ، أَوْ فَوْقَ ذَلِكَ أَوْ قَرِيباً مِنْ ذَلِكَ، أَوْ شَبِيهاً بِذَلِكَ (Мен жадымнан айтып шықтым, алайда мынаны да қаперге алғайсыздар), Расулаллаһ осы менің айтқандарыма өте ұқсас, жақын мағынада сөздер айтты»[5] деп ескерту жасауды да ұмытпайтын.


Расулаллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) хауариі, яғни жақын жәрдемшісі саналатын, қаһарман апасы хазірет Сафияның (р.а.) ұлы, тұңғыш мұсылмандардың бірі, көзі тірісінде жаннаттық екендігі сүйіншіленген он сахабаның арасында аты аталған Зүбәйір ибн Аууам да өте аз хадис риуаят еткен. Бір күні ұлы одан: «Әке, сен неге хадис риуаят етпейсің?» – деп сұрағанда, ол: «Аңдаусызда Пайғамбарымыз айтпаған сөз қосып қоямын ба деп қорқамын, себебі Расулаллаһ: «Менің атымнан жалған айтқан адам, жаһаннамдағы орны дайын деп білсін»[6], – деген еді деп жауап қатқан[7].


Табаны күректей он жыл бойы Расулаллаһқа қызмет жасаған Әнәс ибн Мәлік (р.а.) те: «Егер қате жіберем деп қорықпасам, Аллаһ елшісінен мұнан да көп хадис жеткізер едім»[8], – деген.


Бес жүз сахабамен жүзбе-жүз танысып, халық арасында «Бес жүз сахабамен кездескен адам» ретінде танылған табиғиннің алдыңғы қатарлы ұстаздарының бірі, Имам Әбу Юсуфқа, тіпті Әбу Ханифаға Куфада үлкен ықпал жасаған Абдуррахман ибн Әбу Ләйла: «Жүз жиырма сахабамен таныс болдым. Жүз жиырмасы түгел мешітте бірге отырғанда, олардан бір мәселе жайлы сұрай қалсаң, әуелі бәрі бір-бірінің жүзіне қарасады, ондағылары – Расулаллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) сөзіне артық бір сөз қосып алам ба деген қауіп: ешқайсысынан жауап болмаған соң ақырында біреуі батылданып, әуелі Аллаһқа сыйынып, Ибн Мәсғуд сияқты أَوْ دُونَ ذَلِكَ، أَوْ فَوْقَ ذَلِكَ، أَوْ قَرِيباً مِنْ ذًَلِكَ، أَوْ شَبِيهاً بِذَلِكَ деп алдын-ала ескертіп барып риуаят жасайтын»[9], – деген.


Пайғамбарымызбен сұхбаттас болумен қатар, Әбу Бәкірмен, Омармен (р.а.) етене жақын араласқан Абдуллаһ ибн Әрқам (р.а.) халифалардың тұсында қаржы істерін басқарып, қалтқысыз адал қызмет жасады. Алайда күндердің күнінде Османның (р.а.) қазынаға өткізген өз малынан бір бөлігін алып, жақын туыс-тарының біріне бергенін көріп, қазынаның кілтін хазірет Османға (р.а.) тапсырады да, «Уа, мүминдердің әміршісі! Халық осы істегеніңді көрсе, сен туралы да, мен туралы да жаман ойлайтын болады. Мені бұл жауапкершіліктен мұнан былай босатсаңыз», – деп, соған дейін атқарып келген ісінен өз еркімен бас тартады.


Міне, осынау абзал жаннан Абдуррахман ибн Әбу Ләйла бір хадис риуаят етуін өтінгенде, ол: «Қарағым, қартайдық, ұмыттық қой... Расулаллаһтан хадис риуаят ету өте ауыр әрі қиын шаруа»[10], – деп, қынжыла жауап берген.


а. Сөзбе-сөз жеткізудегі ықтияттылық

Хадисті риуаят етуші, яғни рауи алдымен тілді өте жақсы білуі керек. Кей жағдайларда Расулаллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) аузынан шыққан сөзді қаз-қалпында болмаса да, мағынасынан ауытқымай жеткізуге рұқсат етілгенімен, сахабалар Расулаллаһтың аузынан шыққан сөзді дәлме-дәл, сөзбе-сөз, бірде-бір сөзін, тіпті бірде-бір әрібін өзгертпестен жеткізуге тырысып баққан. Мысалы, Убайд ибн Умайр бір күні Абдуллаһ ибн Омардың қасында мынадай хадисті риуаят қылады:  مَثَلُ الْمُنَافِقِ كَمَثَلِ الشَّاةِ الرَّابِضَةِ بَيْنَ الْغَنَمَيْنِ «Мұнафық екі отардың арасында қалып қойған (қайсысына қосыларын білмей әрі-сәрі күй кешкен) қой сияқты», яғни мұнафық – кәпірлер мен мүминдердің арасында не әрі емес, не бері емес екі ортадағы екі жаққа да жақпайтын сүйкімсіз жан. Мүминдермен бірге болғаны үшін кәпірлер оны жек көреді, иманды бойына толық сіңіре алмағандықтан, мүминдер арасында да ол өзін жайсыз сезінеді.


Мұны естіген Ибн Омар (р.а.) дереу ашуланып: «Жо-жоқ, Расулаллаһ олай демеген», – деп қарсы дау айтады. Умайр: «Ал қалай деді?» – дегенде, Ибн Омар тұрып «Мен Расулаллаһтан бұл хадисті былайша естіген болатынмын», – деп, өзі естігені бойынша, مَثَلُ الْمُنَافِقِ كَمَثَلِ الشَّاةِ الْعَائِرَةِ بَيْنَ الْغَنَمَيْنِ деп айтып шығады[11]. Сондағы екі сахабаның риуаятындағы айырмашылық тек اَلرَّابِضَةِ мен اَلْعَائِرَةِ деген сөздің айырмашылығында ғана туындады. Осы хадис «Мүснәдта» былайша баяндалған:

Убайдуллаһ ибн Умайр:


إِنَّ مَثَلَ الْمُنَافِقِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ كَالشَّاةِ بَيْنَ الرَّبِيضَيْنِ مِنَ الْغَنَمِ، إِنْ أَتَتْ هَؤُلاَءِ نَطَحَتْهَا، وَإِنْ أَتَتْ هَؤُلاَءِ نَطَحَتْهَا


«Мұнафықтың жай-күйі екі отар арасында қалған қойға ұқсайды: бір отарға қосылмақшы болса, оны сүзіп шығарып тастайды, екіншісіне барса, олар да сүзеді»[12], – деп риуаят етеді. Ал Абдуллаһ ибн Омар كَالشَّاةِ بَيْنَ الرَّبِيضَيْنِ – дың орнына كَالشَّاةِ بَيْنَ الْغَنَمَيْنِ болуы керектігін айтады, өйткені ол Пайғамбарымыздан солай естіген еді.

Сахабалардың хадис риуаятындағы мұқияттылығын табиғин де, тәбәи -табиғиндер де берік ұстанған. Мысалы, мәшһүр Суфиян ибн Үйәйна мынадай хадис жеткізген:   نَهَى رَسُولُ اللّٰهِ e عَنِ الدُّبَّاءِ وَالْـمُزَفَّتِ أَنْ يُنْتَبَذَ فِيهِ


«Расулаллаһ іші шайырмен сыланып, қауақтан жасалған ыдыстарда (жүзім, құрма секілді) жеміс шырынын құйып, ашытуға тыйым салды». Дәл осы хадис бірде Суфиянның жанында сәл өзгертіліп أَنْ يُنْبَذَ فِيهِ деп айтылады, сондағы айырмашылық – хадисте етіс-тіктің басқа формасының қолданылуы, яғни мағынада ешқандай өзгеріс болмаса да, Суфиян мұны естіп тұрып үнсіз қала алмайды, Расулаллаһтан естігенін сол күйінде оқып береді[13].


Иә, шынында, сахабалар болсын, табиғин немесе тәбәи-табиғин дәуіріндегі мүминдер болсын, хадистерді риуаят еткенде, Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) аузынан шыққан сәттегідей, еш өзгеріссіз болуына баса мән беретін.


Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, баз біреулердің «Сахабалар, табиғин және тәбәи табиғин заманындағы мұсылмандар Аллаһ расулынан естігендерін өз сөз-дерімен жеткізген, сондықтан хадистер шариғат үкімдеріне негіз бола алмайды» деп айтқан жайдақ пікірлерінің қаншалықты негізсіз екенін өздеріңіз бағамдай беріңіздер.


Бұхаридің «Китабуд-дағуат» тарауында Бәра ибн Азиб былай дейді: «Расулаллаһ маған «Жатар кезде намазға дәрет алғандай дәрет ал, сосын оң жағыңмен жатып мына дүғаны оқы деді:


اَللّٰهُمَّ أَسْلَمْتُ نَفْسِي إِلَيْكَ وَفَوَّضْتَ أَمْرِي إِلَيْكَ وَأَلْجَأْتَ ظَهْرِي إِلَيْكَ رَغْبَةً وَ رَهْبَةً إِلَيْكَ لاَ مَلْجَأَ وَلاَ مَنْجَى مِنْكَ إِلاَّ إِلَيْكَ آمَنْتُ بِكِتَابِكَ الَّذِي أَنْزَلْتَ وَبِنَبِيِّكَ الَّذِي أَرْسَلْتَ

Мен осы дұғаны Расулаллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) құзырында жақсылап жаттап, қайталап шықпақ болдым да وَبِرَسُولِكَ الَّذِي أَرْسَلْتَ «Уә би расуликәл-ләзи әрсалта» дедім, Пайғамбарымыз وَبِنَبِيِّكَ الَّذِي أَرْسَلْتَ «Уә би нәби-икәл-ләзи әрсалта» деп түзетті»[14].


Осы мысалдан байқағанымыз, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) жоғарыдағы жағдайда бізге мәлім я беймәлім себептермен «расул» атауынан гөрі «нәби» сөзін қолданудың дұрыстығын ұқтырған.


Иә, адам баласы ұйықтағанда не түс көргенде, нәбиліктің қырық алтыдан біріне сапар шегеді, өйткені ұйқы мен түс көру бір жағынан алғанда, нүбууатқа  (пайғамбарлыққа) қатысты, алайда рисалетке мұның қатысы жоқ, рисалет – көздің ашықтығы мен көңілдің ояулығын қажет етеді. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) жоғарыда айтылғандай, ыждағаттылығын сахабалар да қал-қадарынша сақтап, хадистерді асқан ықтияттылықпен қабылдап алып, дәл солай өзгелерге де жеткізген.


ә. Өзара талқылау

Сахабалар Расулаллаһтан (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) қабылдап алғандарын өзгелерге таратып, жеткізумен ғана шектелмей, үйренген, бойларына сіңірген мәліметтерді өз араларында ортаға салып, пікірлесіп, өз көзқарастарын білдіретін. Өздері пікір білдіргені сияқты, кейіннен шәкірттерінен де ортақ мәселеге қатысты көзқарас білдіруін талап еткен. Мысалы, сахабалардан Әбу Саид әл-Худри мен Ибн Аббас шәкірттеріне: «Осы хадистерді жаттап алыңдар, ол жайлы ойларыңды ортаға салыңдар. Бір хадисті қозғағанда, басқа бір хадис еске түсуі мүмкін. Сол себепті хадистерді өз араларыңда ұдайы еске түсіріп, жеке көзқарастарыңды білдіруді әдетке айнал-дырыңдар»[15], – дейтін.


Хадис пен сүннеттің маңыздылығын жете түсінген әрі хадисте баяндалғандай, періштелердің ілім иелерінің жолына қанаттарын төсеп, құрмет қылатынын[16] жақсы білетін сахабалар әр хадисті сөзбе-сөз жаттап, оның мағынасын түсіну үшін өз араларында пікір таластырып, содан кейін ғана басқаларға айтатын.


Міне, хадистер осындай ортада адамдардың жадында жатталып, өмірдің мәні мен мағынасына айналып, саф халде бізге дейін жеткен...


3. Сахабалар мен табиғиндердің хадистерді анықтауы (тахқиқ)

Сахабалар хадистерді өзара талдаумен қатар кез келген діни мәселе қозғалғанда, әуелі сол мәселеге қатысты сүннеттің үкімі бар-жоғын толық қарастыратын. Қай-қайсысы да өтірікке жуымайтын шыншыл бола тұра, сүннеттің маңызын, шариғат үкімдерін белгілеудегі рөлі зор екенін білгендіктен, естігендерін бірден қабылдай салмай, әуелі дұрыс-бұрысын нақтылағанды жөн көретін. Яғни олар есте сақтау қабілеті мықты болумен қатар анық-қанығын зерттеуді де өздеріне әдет еткен.


Бірде әлдебір әйел немересінің мирасынан өзіне үлес алмақ ниетпен Әбу Бәкірге (р.а.) жүгінеді. Әбу Бәкір (р.а.): «Құранда немеренің мирасынан саған үлес тиетіні жайлы ешбір аят жоқ, сонымен қатар Расулаллаһтың да бұл мәселеге қатысты пәтуасы жоқ деп білемін», – дейді. Мұны естіген Муғира ибн Шуғба (р.а.): «Расулаллаһ әжелерге немересінің мирасының алтыдан бірін беруші еді», – дейді. Әбу Бәкір (р.а.) «Бұл мәселеге куә болған, айтқаныңды айғақтап, нақтылайтын басқа адам бар ма?» – деп сұрайды. Сонда Мұхаммед ибн Мәслама: «Мен де Расулаллаһтан дәл осылай естігенмін», – деп Муғира ибн Шуғбаны қолдайды. Хазірет Әбу Бәкір (р.а.) мәселені нақтылаған соң, әлгі кейуанаға немересінің мирасының алтыдан бір бөлігін бергізеді[17].


Әлсіз хадистердің бірінде Расулаллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) «Дін-деріңнің жартысын мына Хумайрадан үйреніңдер»[18] деп көрсеткен асқан зерек әрі ақылды, әрбір нәрсенің түп негізін барынша нақтылап зерделеуде алдына жан салмайтын Айша анамыз (р.а.) Аллаһ расулының «Есепке тартылған кісі міндетті түрде азапқа душар болады» дегенін ести сала, «Сіз солай дейсіз, бірақ Құранда кейбіреулерді меңзеп فَسَوْفَ يُحَاسَبُ حِسَاباً يَسِيراً «Сосын есеп береді де, жеңіл тергеуге алынады»[19] делінген емес пе?» – деп жоғарыдағы хадисін нақты түсіндіріп беруді өтінеді. Сонда Пайғамбарымыз: «Уа, Айша, сенің айтып отырғаның – арз мәселесі (яғни есеп беру, қолда барды тапсыру дегенді білдіреді). Баршаның есебі Аллаһқа апарып тапсырылады. Ал менің айтқым келгені – тергеу, есеп алу сәтінде Аллаһ алдында құл істегендерін мойындамай қарсылық білдірсе, сонда Аллаһ оның істегендерін жеке-жеке санамалап шығатын болады, мұндайда әлгі құлдың шаруасы бітті деген сөз»[20], – деп жауап береді.


Осы орайда сахабалардың естігендерін міндетті түрде нақтылап, айқындайтындығына қатысты және Құранның 7 түрлі оқылу түрімен (уәжһ) түсірілгендігі туралы көптеген қайнар көздерде баяндалатын бір оқиғаны мысал ретінде келтіре кеткенді жөн санаймын.


Бұл оқиғаны жеткізген көптеген хадисшілердің қатарында, Бұхаридің риуаятында хазірет Омар былай дейді: «Бір күні намазда Хишам ибн Хакимнің «Фурқан» сүресін оқып тұрған сәтіне тап келдім. Расулаллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) бұл сүрені маған бөлектеу, басқаша әріптермен, өзгеше мақаммен үйреткен болатын. Намазын бітіріп, сәлем бергенге дейін қасында күтіп отырдым. Сәлем бере салысымен, жағасынан алып: «Бұл сүрені осылай оқуды саған кім үйретті?» – дедім. Ол сүренің оқылуын Расулаллаһтан естігенін айтуы мұң екен, мен оған дес бермей: «Өтірік айтпа, өйткені Расулаллаһ маған бұл сүрені басқаша үйреткен», – деп оны қолынан жетектеген күйі Аллаһ расулына алып келдім. Келе салысымен, «Уа, Расулаллаһ! Мына кісі «Фурқан» сүресін сенің маған үйреткеніңнен басқаша әріптермен оқыды», – дедім. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) «Қоя бер оны» деді де, Хишамға қарап: «Уа, Хишам, қане, «Фурқан» сүресін оқышы», – деді. Хишам әлгінде оқығанындай, мен естігендей қылып, сүрені аяғына дейін оқып шықты. Оқып болғанда, Пайғам-барымыз: «Дұрыс оқыды, сүре осылай түскен», – деді. Сосын маған қарап: «Ал, енді сен оқышы, Омар!» – деді. Мен де әуелде маған өзі үйреткендей етіп, оқып шықтым. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) бұл жолы да «Иә, осылай түсірілді», – деді де, «Күдіксіз, Құран кәрім жеті әріптің[21] негізінде түсірілді. Сендерге қайсысы оңай тисе, солай оқыңдар», – деп сөзін аяқтады»[22].


Бір күні Әбу Мұса әл-Әшғари хазірет Омардың үйіне келеді. Табалдырыққа жақын келіп, есікті үш рет қағады. Іштен «кір» деген дауыс естімеген соң, келген ізімен кері қайтады. Омар (р.а.) шаруасын бітірген соң «Абдуллаһ ибн Қайстың даусын құлағым шалғандай болды, рұқсат етіңдер, ішке кірсін», – дейді. Қасын-дағылар оның қайтып кеткенін айтады. Хазірет Омар (р.а.) артынан адам жіберіп, Әбу Мұсаны шақыртып алады да, «Неге күтпедің?» – деп сұрайды. Сонда Әбу Мұса (р.а.) тұрып: «Расулаллаһ бізге: «Бір жерге кірмек болсаңдар, алдымен есікті үш рет қағып рұқсат сұраңдар, егер рұқсат берілмесе, кері қайтыңдар», – деген еді» – дейді. Хазірет Омар: «Мен бұл айтқаныңды естімеппін, бұған куәң бар ма?» – деп сұрайды. Әбу Мұса (р.а.) Пайғамбар мешітіне келіп, мән-жайды сол жерде жиналған сахабаларға баяндайды. Үбәй ибн Кағыб: «Мұны нақтылау үшін жасы үлкендерді жіберіп әурелеудің қажеті жоқ, өйткені мұны жастардың өзі жақсы біледі», – деп куәлікке Әбу Саид әл-Хұдриді Омарға (р.а.) жібереді.


Омар (р.а.) мән-жайдың анық-қанығына көз жеткізген соң: «Мен саған кінә артайын деген ниеттен аулақпын. Бар ойым кез келген біреудің «Расулаллаһ айтқан» деп өтірік қауесет таратуынан қауіптенемін»[23], – дейді.


а. Хадисті нақтылау үшін жасалған саяхат – рихлә

Сахабалар хадистерді нақтылауда әрі риуаят етуде осыншалықты ықтият көрсетіп қана қоймай, керек кезде бір хадис үшін ұзақ жолға арнайы сапарға («рихлә») шығудан да бас тартпаған. Табиғин дәуірінің ең үлкен фақиһы саналатын зәңгі мұсылман Ата ибн Әбу Рабахтың жеткізуінше, бірде Әйюб әл-Ансари бір хадиске анық көз жеткізе алмай дал болады. Сол сәт есіне Мысырда тұратын Уқба ибн Амир (р.а.) түседі. Себебі бұл хадисті тікелей Расулаллаһтан естіген көзі тірілерден Уқба ибн Амир екеуі ғана қалған еді. Әйюб әл-Ансари көп кідірместен, Мысырға сапар шегеді. Бір хадис үшін, онда да өзі біле тұра, соның анық-қанығына көз жеткізу мақсатында Мәдинадан Мысырға баруды қиынсынбаған ардақты сахаба алдымен Мәслама ибн Махладтың үйіне соғады. Ол жерден қасына осы өңірді жақсы білетін біреуді ертіп алып Уқбаға барады. Бір қызығы, Әйюб әл-Ансари досы Уқбаны ойламаған жерден кездестіреді. Екеуі көрісіп, құшақтасып мауқын басқан соң, іздеп келудегі бұйымтайын жеткізіп:


مَنْ سَتَرَ مُؤْمِناً فيِ الدُّنْيَا عَلَى خِزْيِهِ سَتَرَهُ اللّٰهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ


«Кімде-кім дүниеде бір мұсылманның айыбын жасырар болса, Аллаһ та қиямет күні оның айыбын жасыратын болады»[24] деген хадисті Хақ елшінің (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) аузынан тікелей естігендерден екеумізден басқа ешкім қалмады, бірақ көңіліме күмән ұялап, хадистің дұрыстығын нақтылағым келді», – дейді. Уқба да хадисті дәлме-дәл қайталаған соң, Аюб әл-Ансари: «Менің келгендегі бар шаруам осы еді»[25], – деп басқа ешқайда қайырылмастан, келген ізімен кері қайтады.


Сол сияқты Бұхаридің риуаятында, ансардың алдыңғы толқыны Жабир ибн Абдуллаһтың «Абдуллаһ ибн Унайс айтты» деген бір хадистің дұрыс-бұрысына көз жеткізу үшін айшылық алыс жолға шығып, «Пай-ғамбардың өз аузынан естімеген бір хадисті сенің риуаят еткеніңді есіттім. Екеуміздің біреуміз о дүниелік болып кетпей тұрғанда, осы хадистің анық-қанығына көз жеткізейін деп асығыс сені іздеп келдім» дейтіні бар. Хадисті Абдуллаһ ибн Унайстың өз аузынан естіген соң, көңілі орнына түсіп, Мәдинаға қайта оралған[26].


ә. Табиғинның хадис үшін ұзақ жолға аттануы

Хадисті нақтылау мақсатында қуана-қуана жасалған бұндай сапарлар сахабалармен ғана шектеліп қалмаған, кейінгі дәуірлерде де жалғасын тапқан. Саид ибнул-Мусаййабтың қажет кезінде бір хадис үшін ұзақ сапарға шыққаны[27], Мәсрук ибнул-Әжданың бір әріп үшін сапар шеккені[28]; Кәсир ибн Қайстың риуаятына қарағанда Әбуд-Дәрдадан бір ғана хадис алу үшін ілімқұмар бір кісінің Мәдинадан Шамға ат арытып келуі[29] және т.б. көптеген сапарлар – сөзіміздің нақты дәлелі.


Хадис риуаятындағы сахабалардың қырағылығы, табиғиндерде де жалғасын тапты. Бұл ілім мұрагер-лерінің мұқияттылығы сонда, Ағмаштың баяндауынша, олар хадиске бір «уау», бір «алиф» немесе «дал» әріпі артық қосылғаннан гөрі, қара аспанның айналып басына түскенін таңдар еді[30]. Олар хадис риуаятының Пайғамбарымыздан тұнық күйінде жетуі, яғни түп-нұсқамен бірдей болуы үшін жан беруге әзір-тін. Керек десеңіз, қарапайым ғана «уау» мен «фә» әріптерінің орны ауысып кетпесін деп қатты алаңдайтын. Бұған алда арнайы тоқталмақпыз.


Сахабалардың қай-қайсысы да шыншыл, қылдай өтірікке қас болғандығына қарамастан, табиғин имамдары бір сахабадан естіген хадисті басқалардан да сұрап-біліп, нақтылауды дағдыға айналдырған-ды. Бұл жайлы табиғинның үлкен имамдарының бірі Әбул-Алия: «Біз (Басрада, Бағдатта, Мауереннахрда немесе Хорасанда) қайда болсақ та, Расулаллаһтың сахабаларынан бір хадис естісек, соны нақтылау үшін сол жаққа барып, (Меккеге, Мәдинаға барып, мәселені түпкі бас-тауынан зерттеп) өз ауыздарынан еститінбіз (басқа сахабалардан да сұрап әбден нақтылған соң ғана көңіліміз орнына түсетін)»[31] деп баяндаған.


Мүслимнің риуаятында Мұхаммед ибн Сирин: «Біз әу баста иснад[32] жайлы сұрамайтынбыз, кейін арамызда алауыздық туған соң барлық хадистің түп негізін сұрастыратын болдық»[33], – деген. Әу баста хадистің дерек көзі сұралмайтын, яғни Расулаллаһтан бір хадис риуаят етілгенде, оны кім риуаят еткені зерттеліп нақтыланып жатпайтын, өйткені сахабалар бір-бірінің хадис риуаят етудегі мұқияттылығына шәк келтірмейтін. Алайда хазірет Омардың шейіт болуы, Османның (р.а.) дұшпан қолынан қаза табуы және хазірет Али (р.а.) заманындағы алауыздыққа жол ашқан оқиғалар бірінен соң бірі орын алған тұста жалған хадис ойлап шығару секілді бүлікке бастайтын жаман әдет қылаң бере бас-тады. Хазірет Османға қарсы хадис ойлап шығару-шылармен ерегескен кейбір парықсыздар Османды жақтайтын хадистер ойлап табудан тартынбаған.


Дәл осы сияқты хазірет Алиді қаралау үшін хадис ойлап шығарғандарға наразылық танытқан жақтастары оны мақтаған хадистерді ойдан шығарды. Міне, осы сияқты алауыздықтарға куә болған әділетті имамдар хадистің қайнар бастауын, түп негізін тәптіштеп сұрап, нақтылауды міндет санаған. Иә, ол дәуірде хадисті нақтылап қадағалау ісіне Шуғба сынды, Шағби және Сәури сияқты Исламның хас тұлғалары шындап кіріскен еді.


Мүслиммен қатар, табиғиндер арасындағы айтулы имамдардың бірі Мүжахид ибн Жәбирдің риуаятында да осыған ұқсас тағы бір оқиғаға куә боламыз:


Бушайрул-Адауи атты кісі Ибн Аббаспен кездесіп, оған хадис риуаят етеді, алайда Ибн Аббас сенімсіздік танытады. Мұны сезген Бушайрул-Адауи: «Неге құлықсызсың? Мен саған хадис риуаят етіп отырған жоқпын ба?» – дейді. Сонда Ибн Аббас: «Біз бұрындары «Расулаллаһ былай деген» деп сөз бастаған адамды жан салып тыңдайтынбыз. Соңғы кездері кім көрінген осылай әңгіме айтуды шығарғандықтан, өзіміз анық білген хадистен басқасын қабылдамайтын халге жеттік», – деп жауап берген[34].


Андалусиялық ірі ғұлама Ибн Абдулбәрр табиғин-дердің үлкен имамдарының бірі Амир ибн Шарахил әш-Шағбиден былайша риуаят етеді:

Раби ибн Хусайм «Кімде-кім он рет لاَ إِلَهَ إِلاَّ اللّٰهُ وَحْدَهُ لاَ شَرِيكَ لَهُ، لَهُ الْمُلْكُ وَلَهُ الْحَمْدُ يُحْيِي وَيُمِيتُ وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ (Лә иләһа иллаллаһ уахдаһу лә шәрикә ләһ, ләһул мулку уә ләһул-хамду йухиу уә йумит уә һууә алә кулли шәйин қадир) деп айтса, бір құлды азат еткенмен бірдей сауап алады» деген хадисті риуаят еткен. Шағби салған жерден: «Мұны саған кім айтты?» деп сұрайды. Раби ибн Хусайм: «Абдуррахман ибн Әбу Ләйла» деп жауап береді. Мұны ести сала, Шағби табиғинның үлкен имамдарынан саналатын Абдуррахман ибн Әбу Ләйланы тауып алып, естіген хадисінің дұрыс-бұрыстығын анықтамақ болғанда, Абдуррахман ибн Әбу Ләйла аталған хадисті Әйюб әл-Ансариден (р.а.) естігенін айтып, дұрыс екендігін нақтылайды[35].



"Сүннет жолы - үмбет жолы" кітабынан алынды

Мақала жалғасы


[1]     Бұхари, Илм, 38; Мүслим, Зүхд, 72.

[2]     Бұхари, Иститаба, 6; Әбу Дәуіт, Суннә, 28.

[3]     Тирмизи, Илм 9; Ибн Мажә, Мұқаддима, 5.

[4]     Табарани, әл-Мұғжамул-кәбир, 9/86.

[5]     Ибн Мажә, Мұқаддима, 3; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 1/452.

[6]     Бұхари, Илм, 38; Мүслим, Мұқаддима ¼; Зүхд, 72.

[7]     Ибн Мажә, Мұқаддима, 3.

[8]     Дарими, Мұқаддима, 25.

[9]     Ибн Сағыд, әт-Табақатул-кубра, 6/110.

[10]    Ибн Мажә, Мұқаддима, 3.

[11]    Ахмед ибн Ханбәл, Мүснәд, 2/88.

[12]    Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 2/68.

[13]    Хатиб әл-Бағдади, әл-Кифая фи илмир-риуая, 177 б.

[14]    Бұхари, Дағуат, 6.

[15]    Дарими, Мұқаддима, 51.

[16]    Тирмизи, Илм, 19; Әбу Дәуіт, Илм 1; Ибн Мажә, Мұқаддима, 17.

[17]    Тирмизи, Фараиз, 10; Ибн Мажә, Фараиз 4; Муатта, Фараиз 4.



Оқи отырыңыз