Әйел үшін бала тәрбиесіндегі маңызды нәрселер

Әрбір дүниеге сәби әкелген ана өзіне жүктелген жауапкершіліктің аса маңызды екенін сезінуі керек. Баланың болашақта қандай адам болатыны және ақыреттегі жағдайы тәрбиеге байланысты. Сондықтан, ана бұл баланың қандай адам болатыны бірінші Аллаға, екінші маған байланысты деп түсінгені абзал. Ал енді тәрбие деген не? Деген сұраққа жауап іздеп көрелік.
Тәрбие төрт нәрсеге байланысты:
- Тәні
- Ақыл ой танымы
- Ішкі жан дүниесі
- Тұлға ретінде қалыптасуы
Бала тәрбиесінде аналар бірінші тән тәрбиесіне көп мән береді де, қалғандарын естен шығарып алып жатады. Әрбір ата-ана бала тәрбиесінде осы төртеуіне де жіті мән беруі керек.
Баланың денінің сау болуы, анасының жүктілік кезінде өзін-өзі күтуіне, дұрыс тамақтануына, витаминдер қабылдауына тікелей байланысты.
Жүктілік кезінде, егер сізге біреу «екі адам үшін жеу керек» десе сенбеңіз. Шындығында, белоктарға, витаминді және минералды заттарға сұраныс күшейеді, әйтсе де сіздің денсаулығыңыз үшін бұлардың барлығы 200 калорияға ғана көп керек. Есіңізде сақтаңыз: болашақ ана үшін әртүрлі витаминді тағамдар жеудің пайдасы мол. Сол сияқты, аш жүру, тым тоя тамақ жеу және үнемі бірдей тағамдар қолдану зиянын тигізеді.
Жүктілік кезіндегі дұрыс тамақтану үлгісі:
- Болашақ ана үшін жиі тамақтанғаны дұрыс болады. Таңертеңгілік жақсылап тамақтаныңыз, түстенуге және кешкі асқа мән беріңіз. Тамақты асықпай, жақсылап шайнап жегеніңіз дұрыс болады.
- Сұйықтықты көбірек қолданыңыз – күніне 6-8 шыны тамақтың алдында немесе ортасында. Асты сумен ішкен дұрыс болмайды.
- Жүктіліктің бірінші триместрінде қолданған тағамыңыздың сапасына мән беріңіз. Ол белоктарға және витаминдерге бай болуы керек. Аз-аздан бірақ жиі-жиі тамақтанған дұрыс болады.
Белоктар
Белоктар жануарлар мен өсімдіктерден алынған тағамдарда көп болады: ет, балық, жұмыртқа, сүт тағамдарында, дәнді-дақылдарда. Бұлар денсаулығымыз үшін өте қажетті және салмақ қоспайды.
Еттің түрлерінің ішінде сиыр еті, тауықтың ақ еті және үндік, қоян етін қолданған дұрыс болады.
Балық белокқа , кальцийге және фосфорға өте бай. Балықтың майлы емес сорттары пайдалы. Қызыл және қара уылдырықтан да құр қалмаңыз.
Сүтті жақсылап қайнатқан дұрыс болады.
- 32- ші аптадан бастап сіздің белсенділігіңіз азаяды, сол себепті калориялы тағамдардан қарағанда жеңіл көмірсу тағамдарын қолданғаныңыз дұрыс болады. Бірақ белокты тағамдарды тоқтатып қоймаңыз.
- 5-ші айдан бастап, бала тез өсе бастайды, жатырдың көлемі өсіп, қан ұлғаяды. Бұл кезеңде кальцийге, Д витаминіне, магни, темір, цинк сияқты микроэлементтерге сұраныс көбейеді.
Көмірсулар
Көмірсулар метобализм(зат алмасу) нәтижесінде глюкозаға айналады. Барлық көмірсілар асқазанға түскеннен соң бірдей жылдамдықпен, 20-30 минут қорытылады.
Көмірсуға бай тағамдар: ұннан жасалған қара нандар, көкөністер, жеміс жидектер, дақылдар.
Ботқалардан гречка, күріш, тары,арпа, жүгері ботқаларын жеп тұрғаныңыз пайдалы. Оларды етпен, капустамен өсімдік майымен араластырған дұрыс.
- Ащы, тұзды, майлы және тәтті тағамдарды көп қолданып кетуден сақтаныңыз.
- Жеміс жидектер, көкөністер сіздің күнделікті ас мәзіріңіз болу керек.
- Етті тағамдарды асылған, буға піскен күйде қоланғаныңыз дұрыс болады.(Тефтели, буға піскен котлеттер т.б.)
- Міндетті түрде аптасына бір рет балық жегеніңіз пайдалы. Асылған түрде болса жақсы.
- Егер жүктілік бір қалыпта өтіп жатса, сұйықтықты көп қолданғаныңыз дұрыс, минералды сулар, көк шәй, шөптер.
Баласының болашағына алаңдаушылық білдірген әрбір ана өзінің ішіп жеген нәрсесінің адал жолмен табылған және халал ас болуына мән беруі керек. Бұл оның денсаулығына да, рухани қалпына да қатты әсерін тигізеді. Бұған мына хикая мысал бола алады: Бірде бір кісінің баласы өте бұзық болады. Ол сүт сатушылардың ыдыстарын тесіп, сүттерін далаға ағызып жібереді. Баланың неліктен бұндай сотқар болғанын түсінбеген әкесі бұның сырын анасынан сұрағанда ол ойланып, сосын былай деді: «Мен осы балаға жүкі болып жүргенде бір зат сұрау үшін көршімнің үйіне бардым. Содан ол маған сол затты әкелуге кеткенде үстел үстінде тұрған апельсинді қатты жегім келіп, шыдамай оны бір жерін тесіп, шырынын сорып, қайта орнына қойған едім.» деді. Бұның мән жәйін түсінген әкесі «Дереу тәубаңа келіп, Аллаһтан кешірім сұра» деді.
Осы хикаядан көргеніміздей біздің істеген амалдарымыз, жеген тамағымыз баланың тәніне ғана емес, рухына да әсерін тигізетінін байқадық.
Жүктілітің 17-20 аптасынан бастап, бала анасының және сырттағы дауыстарды ести алады. Сондықтан, ананың құранды көп оқуы көп тыңдауының маңызы зор. Баланың құранды жаттау қабілеті осы кезден басталады. Сол себепті, құранды дауыстап оқуды дағдыға айналдырып, бір іспен шұғылданып, қолыңыз тимей жатқанда да, тынығып жатсаңыз да үнтаспаға құран аяттарын қосып тыңдағаныңыз бала үшін өте пайдалы.
Әйел затының өмірінде толғаныстар мен толқуларға толы сәттерінің бірі – дүниеге сәбиінің келуі. Баласының ең алғаш шыр етіп жылауы, ең алғаш құшағына алуы, емірене емуі – ананың ұмытылмас сезімге толы кездері болып есінде қалады. Бірақ, бұл Аллаһ Тағаладан келген үлкен міндет, аманат екенін көп адам сезе бермейді. Кез келген аманатқа қиянат жасамау керек болса, Аллаһтың аманатының сұрауы ауыр болатыны хақ.
Перзент дүниеге келгенде алдымен Аллаһқа сансыз шүкірлер айтып, Оның берген нығметі екенін сезінген жөн. Ана жаңа туған сәбиіне Ханна Фақуза қызының Мариямды босанғанда жасаған дұғасын айтқаны жөн. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Қандай да бір нәресте туса шайтан оған тиіседі, кімде-кім осы дұғаны оқитын болса, шайтан оған тиіспейді»- деген екен. Бұл дұға Құранда «Әли-Ғимран» сүресінің 35-36 аяттарында келеді, мағынасы: « Ғимранның әйелі: Раббым, мен Саған құрсағымдағыны азат етіп, атадым. Менен қабыл ал, шынында Сен Естуші, Білгірсің, – деді. Сонда ол, қыз тапқан сәтте: «Раббым, мен оны (Саған атаған нәзірімді) қыз босандым», деді. Аллаһ оның не тапқанын жақсырақ біледі. Ұл қыздай емес. Мен оның атын Мариям қойдым. Өзіңнен оған және оның ұрпағына қуылған шайтаннан пана сұраймын».
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) немерелері Хасан мен Хусейінге былай деп дұға еткен. «Сен екеуіңді бүкіл шайтаннан, әрі түрлі зиянкестерден және сұқ көзден сақтай гөр деп, Аллаһтың кәміл сөздерімен сыйынамын»
Таңертең және кешке баланың басына қолыңызды қойып, осы дұғаны айтсаңыз, Аллаһ Тағала оларды тіл көзден, бәле жаладан Өзі қорғайды. Ширк болатын көз-моншақ, тұмар немесе күйе жағып қою оларға не зиян, не пайда әкелмейді. Сондықтан, бұл әдеттерден арылып, керісінше Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетіне ілескеніміз дұрыс.
Бала туылған соң жеті күннің ішінде оның оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтып, ат қойылады. Қойылатын ат мағыналы болғаны немесе тақуа кісілердің аттары қойылғаны абзал. Себебі, Қиямет күні әрбір кісі есімімен шақырылады. Сонда есімі жаман болғандар ұялып қалады. Жаман мағына беретін, ойдан шығарылған есімдер қоймаған абзал.
Жеті күн толғанда нәрестенің шашы алынады. Шашының ауырлығы мөлшерінде алтын, не күміс, не болмаса осыған тең бағада теңгедей садақа беріледі. Ұл болса- екі, қыз болса- бір қой сойылып садақа ретінде кембағалдарға үлестіріледі. Міне, осыны ақиқа дейді. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с) немересі Хасан туылған соң жетінші күні ақиқа жасап, шашын алдырып, садақа таратқан. Ақиқа он төртінші күні де орындалуы мүмкін. Балиғатқа жеткенше істесе де болады деген сөз де бар. Бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) : «Иә, Аллаһым! Қаны қанына, еті етіне, сүйегі сүйегіне, түгі түгіне, терісі терісіне төлем. О, Раббым! Бұл ақиқаны ұлым үшін жаһаннамға пида ет»,- деп дұға еткен.
Жаңа туған сәби үшін дүниенің тағамдарының ішіндегі ең асылы – ана сүті. Ана сүті – жаңа туған нәрестені бірден-бір қоректендіретін және кез келген жұқпалы аурулардан қорғайтын Аллаһ Тағаланың жаратқан теңдессіз ғажайып тамағы. Оның құрамында болатын қоректік заттардың пропорциясы толықтай қалыптасып үлгермеген сәби ағзасының қалыпты деңгейде өсуі және қорғалуы үшін дәлме-дәл мөлшерленген. Ана сүті әсіресе жаңа туған сәбидің ми жасушаларының көбеюін және жүйке жүйесінің дамуын жеделдететін қоректік заттарға өте бай.
Тіпті қазіргі заманғы технологияның көмегімен дайындалатын балаларға арналатын жасанды қоспалардың ешбірі де Аллаһ Тағала жаратқан ана сүтінің қоректік және бактерияға қарсы сапасына мүлдем тең келе алмайды.
Осыдан аз уақыт бұрын ана сүтінің тағы бір тамаша қасиеті ашылды. Сәби дені сау боп өсуі және интеллектуалдық жағынан дұрыс дамуы үшін толық екі жыл емшек емуі тиіс екенін қазіргі заманғы ғылым анықтап берді. Ал ғылымның бұл ашылымы осыдан он төрт ғасырдан астам уақыт бұрын Құранда айтылып қойған болатын: «Ана баланың емшектегі уақытын толық сақтағысы келсе – оның мерзімі толық екі жыл» («Бақара» сүресі, 233 аят).
Пайғамбарымызды (с.ғ.с) хадисінен білетініміздей: «Харамнан сақтан. Өйткені хараммен құрылған құрылыс ерте ме, кеш пе апатқа ұшырайды»- деген сөздерден баланың бойына даритын ана сүтінің оның тұлға болып қалыптасуы үшін қаншалықты маңызды екенін байқаймыз.
Тағы бір хадисте: «Балаң емген сүтіне қарай мінез-құлықты болады», – деген. Баласын дәретсіз емізбеген Зере анамыз осының үлгісі. Аллаһ тағала Абайдай данышпандарды туатын аналарымыздың санын көбейтсін деп тілейік.
Айнұр Сарбала


masha Allah
Alla razi bolsin masha Allah