Имандылық – ұлттық тәрбие бастауы

Pics.kz

Бүгінде көне көз қариялардың аузынан:         «Бұл заманның балалары не болып барады» деген сөзді жиі естиміз. Шындығында өзгерген заман ба әлде адам ба? Әрине, адам. Адамның пиғылы өзгергені сондай, тіпті  олардың бойындағы адамгершілік, ар-ұят, кішіпейілділік сынды қасиеттер де сиреп   барады. Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) былай деген: «Аллаһ Тағала айтады: Адам баласы мені ренжітеді, ол заманды сөгеді. Ал, заман – ол Менмін. Менің қолымда бүкіл әмір, Мен түн мен күндізді айналдырып тұрамын, – деп айтқан» (Бұхари).

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», – демекші бала да  өскен ортасында көргені мен білгенін санасына түйері хақ. Сондықтан да ұрпақ қамын ойлаған ата-бабаларымыз балаларын дәстүр сыйлауға, ділін, дінін құрметтеп, үлкендерге ілтипат жасауға, арын былғамай өнегелі ортада тәлім алуына үлкен мән берген. Қазақ даналығында: «Тәрбие-тал бесіктен», «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»,- делінген. Ұлттық тәрбие мәселелері қашанда қоғам пікірінен тыс қалған емес. Мәселен, ұлттық дүниетаным қалыптастыруда ана тілі, қазақ тарихы, дініміз, төл мәдениетіміз, салт-дәстүріміздің алар орны ерекше. Сондай- ақ, жас ұрпақты табиғатты сүйе білуге, құрметтеуге үйретіп, жанды- жансыз жаратылысты өз дәрежесінде, өз орнымен бағалауға баулу арқылы тіршілік деген тұтас әлемнің қадір-қасиетін танытқан дұрыс. Жаратылыстың ақиқатын, болмысты ашық, бүкпесіз көрсетіп ұғындырған жөн. Ал, осы айтылғанның бәрі де дініміз – Ислам құндылықтарымен біте қайнасып жатыр емес пе?!

Аллаһқа шүкір, бүгінде «көкірегі ояу, көзі ашық», иман нәрімен сусындаған өскелең ұрпақ баршылық . Алайда әр нәрсенің екінші қыры болатыны сияқты, талай қаракөздеріміз бен қарадомалақтарымыз өзге діннің жетегінде кетіп жатса, енді бірі  діни сауатсыздықтың кесірінен қаннен- қаперсіз өмір сүруде. Осыған қарамастан, әрбір қазақ өзін «мұсылманмын» деп кеуде қағады. Ал, Ислам қағидасымен жүріп-тұруды міндет санамайды. Шындығында, бұл мұсылманшылықтың сыйқы Базар жыраудың сөзімен айтқанда: «Мұсылманшылық кімде жоқ , тілде бар да ділде жоқ» болып тұр ғой.

Әлемдердің Раббысы Аллаһ Тағала қасиетті Құранда Өзіне мойынсұнған құлдарын былай сипаттайды: «Олар: ғибадатты нағыз Аллаһқа шынайы ынтамен бірбеткей түрде орындаулары, намаз оқулары, зекет берулері үшін әмір етілген…» («Бәйина» сүресі, 5-аят). Яғни шынайы мұсылман болу үшін тек ата-баба жолын ұстану аздық етеді. Нағыз мұсылман Аллаһтың тыйым салғанынан бас тартып, бұйырғанына мойынсұнған адам.

«Әрбір нәресте дүниеге мұсылман болып келеді. Ал оны яһуди не христиан, не мұсылман қылатын ата-анасы», – дейді Пайғамбарымыз  Мұхаммед (с.ғ.с.) (Бұхари). Қазіргі жастардың дінімізге ден қойып, оның шарттарын ұстануы жетпіс жыл дінсіздіктің зардабын шеккен кейбір ағайындардың ашу-ызасын келтіретінін байқаймыз. Тіпті, ұл –қыздарының намаз оқып, хиджаб кигенін елестетуге қорқады. Ал тура жолға түскен баласын одан бас тартқызуға барын салады.

Айналаңа қарасаң, жастардың тәні де, сезімі де жалаңаштанып алған. Ғаламдық тәрбие жас ұрпақты  ұлттық ділімізге тән  – сезімді жасыра білу, ұстамдылық сияқты қасиеттерден де айыруда. Қыздарымыздың болашақта отбасын құруға дайын еместігі, адалдығын сақтамай, жетім –тастанды балаларды көбейтіп жатқаны, ұлдарымыздың ар-ұят сияқы жауапкершілікті сезінбейтіндігі жасырын емес. Осындай озбырлықтың алдын алу үшін де Құран Кәрімде былай деген:

«Әй, пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және мүмін әйелдерге айт: «Үстеріне бүркеншектерін орансын. Бұл олардың танылуларына, сондай-ақ кейітілмеулеріне жақынырақ …» («Ахзап» сүресі, 59 аят ).

«Мүміндерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Рас, Аллаһ олардың не істегендерінен хабар алушы.

Мүмін әйелдерге де айт: (Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендері басқа…Және де көмескі зейнеттерін басқаларға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін. Әй мүміндер, түгел Аллаһқа тәубе қылыңдар! Әрине құтыларсыңдар» («Нұр» сүресі, 31 аят).

Жаратқан Иеміз осы аяттарда пенделеріне әмір ете отырып, қазіргі қоғамда белең алып отырған көптеген келеңсіздіктердің алдын алады.

Адам бойындағы бүкіл адамгершілік қасиет анадан тарайды. Бүгінгі қыз, ертеңгі ана, отбасының ұйтқысы. «Елім» деп еңіреген ерді де, Отан үшін отқа түсетін ұланды да тәрбиелейтін – ана. Сондықтан да қыз баланың бойында ең бірінші – имандылық, ибалық қасиеттер болғаны ләзім. «Отан- отбасынан» десек, иманды ұрпақ тәрбиелеуде ата-ананың рөлі ерекше. Иманды  ұрпақ – ұлтжанды ұрпақ .  Аллаһ Тағала Құранда: «Әй адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық . Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық …» («Хұжрат» сүресі, 13-аят) десе, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Отанды сүю- иманнан» деген.

Ислам – кіршіксіз дін. Ол арсыздықтан, жамандықтан тыйып, тек жақсылыққа үндейді. Бүгінде өзге дінді айтпағанда, Исламның атын жамылып, ел ішінде дүрбелең салып жүрген ағымдар көбеймесе азаяр емес. Осының салдарынан дініміз жөнінде кертартпа, теріс пікір қалыптасуда. Мұндай келеңсіздіктің жолын кесу үшін халықтың діни сауатын арттырып, шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету керек. Үстіміздегі жылы «Асыл арна» ағартушылық телеарнасы да ашылып,  дінге сусаған халықтың  көзайымына айналып отыр. Бір әттеген-айы таралу аймағының шектеулігінде. Әрине, еліміздің даласы да, қаласы да Аллаһтың үйі – мешіттен кенде емес. Дегенмен, ондағы имамдардың уағызы жеткіліксіз. Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы діни насихатты күшейту де артық болмас. Әсіресе, өзіндік тұлға болып қалыптасуда мектеп оқушылары үшін әрбір пәннің маңызы зор. Сондықтан да, ақиқат пен жалғанды танып, ақ пен қараны айыру үшін «дін тану» пәнінің маңызы зор. Пәнді игеру барысында әлем діндерімен танысып отарып-ақ, толық әрі хақ дін – Ислам екенін ақылға салған әр бала ұғынары хақ. Ең бастысы, мектеп бітіргеннен кейін арманын арқалап қалаға келген жастар кез- келгеннің жетегінде кетпес еді-ау.

Өз заманында ақын Әбубәкір Кердері :

«Жолы деп шариғаттың ғамал етсе,

Инша Аллаһ сол уақытта азбас халық»- деп жырласа, елбасымыз Н. Назарбаев Аллаһтың ақ жолы турасында былай дейді: «Ислам – тек дін ғана емес, ол – біздің мәдениетіміз».

Расында, намазын қаза етпейтін, жетімнің басын сипайтын, мұқтажға қолын созатын, арсыздыққа бармайтын, ата-анасын құрметтейтін иманды ұрпақ қоғамға зор пайда келтірмесе, зиян шектірмесі анық .

Отанымыздың өркендеуі жолында елінің абыройын ойлап, халқының жоғын жоқтайтын, ар-намысын қорғайтын ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты мәселесі. Ендеше, Отанға және ұлтқа деген сүйіспеншіліктің иманнан екенін ұмытпайық .

Қойбағарова Айсара


2 пікір. “Имандылық – ұлттық тәрбие бастауы” мақаласы үшін

  • unface | 17 Наурыз, 2010, 4:36

    На мой взгляд, это интересный вопрос, буду принимать участие в обсуждении.

  • doprayers | 30 Наурыз, 2010, 4:52

    Чувствуется творческий подход к теме, респект)

Пікір жазу


© 2010 Ақиқат – Имандылық ауылы Әбу-Ханифа мазхабы бойынша жүргізіледі.
Сайттың көптеген материалдары арнайы дайындалады, сайттан мағлұмат алынса сілтеме көрсетілуі тиіс.
Админмен хабарласу үшін: zheniskaz@gmail.com