Бір тамшы


Жаңбырлы күндердің бірінде бір тамшы су дүниеге келеді. Өзі кішкентай әрі мұнтаздай тап-таза. Ол өзінің Жаратушысы – Аллаһ Тағала екенін ғана білетін, басқаның бәрінен хабарсыз еді.
Ол жерге түсіп келе жатып, Жаратушының мейірімімен күннің шуағына бөленіп, жайқалып тұрған егістіктер мен көгілдір өзендерге қарап таңқалады. Тамшы үлкен жапыраққа түсіп, қайтадан серпіліп шалғын шөпке қарай ұшып кетеді. Көгалдың үстімен сырғанап барып, кішкентай көгілдір жылғаға қосылады.
Адамдардың көпшілігінде әлемді осылай тамашалау мүмкіндігі бола бермейді. Нөсерлеткен жаңбырдың бір тамшысы жайқалған жапырақтарды жуып, жерге сіңеді де, аса Мейірімді Аллаһтың қалауымен әр түпті суарады.
Ал, жылғалар біздің жолаушымызды орманға қарай ағызып келеді. Жолда Тамшы көптеген қызықтарға кезігеді, түрлі аңдар мен құстарды көреді. Олардың ішінде өздерімен ұзын таяқ алып жүрген екі аяқтылар болды. Бір мезетте сол таяқтан бір жалын ұшып шықты да суатқа келген бұғыны шарпыды. Бұғы қансырап жерге құлады. Мұны көрген Тамшы қатты қорықты. Ал, жануарды қызық үшін өлтірген Адам сықылықтап күле бастады. Оның адам туралы жағымсыз пікірі қалыптасқандай болды…
Бір кезде кішкентай баланың анасы шелегін көтеріп, бұлаққа қарай беттеді. Анасы шелегін суға батыра толтырып алып, үйіне қарай асықты.
Шелектегі мыңдаған тамшының арасында кім бар деп ойлайсыздар? Әрине, біздің сүйкімді тамшымыз. Бірақ, ол қазір біз алғаш кездестіргендей емес, көп нәрсе білетін еді.
Анасы есікті ашып, күлімдеп ішке енді. Ол ұлының кесесін қолына алып, өзін күтіп отырғанын білетін еді. Себебі, баласы бұлақтың суын әкелген бойда ішкенді ұнататын еді.
Алайда, өкінішке орай, осы сәтте шелекте көңілсіздік орнаған болатын. Тамшылар адамды танып, бір-біріне: «Байқаңдар, ол суды ішкелі жатыр. Мүмкін, ол да әлгі адам сияқты жануарларды аямайтын қатыгез шығар. Біз ол үшін дәмді бола алмаймыз. Қане, оған зиян келтірейік!»- деп айқайлайды. Әттең, егер Ана мен Бала бұл тілді түсінгенде ғой. Олар тек сыбдырды ғана естіді.
Балақай кесесін суға толтырып, аузына апара бергенде анасы: «Балам, «Бисмилләһир-рахманир-рахим» деп айтуды ұмытып кеткен жоқсың ба?»,-деп сұрады. Балақай да анасын тыңдап, қасиетті сөздерді қайталады. Сол кезде дұғаны естіген тамшылар: «Ол біздің Раббымыздың ғажайып есімдерін айтты. Оның жаман бала болуы мүмкін емес. Сондықтан да біз оған зиян тигізе алмаймыз»,-деді.
«Біз Аллаһтың есімін атаған Адамға әлемдегі ең таза, дәмді және пайдалы су боламыз» деп тамшылар уәде берді. Ал, олардың ішіндегілерден балақайды алғаш сусындандырған да әңгіменің басында біз кездестірген Тамшы болды.

Аударған: Айсара Бірлікқызы


Пікір жазу


© 2010 Ақиқат – Имандылық ауылы Әбу-Ханифа мазхабы бойынша жүргізіледі.
Сайттың көптеген материалдары арнайы дайындалады, сайттан мағлұмат алынса сілтеме көрсетілуі тиіс.
Админмен хабарласу үшін: zheniskaz@gmail.com