Балаға қойылатын сұрақтар

Балаға қойылатын сұрақтар
– Сен мұсылмансың ба?
– Әлхамдулилләһ, мұсылманмын.
– Мұсылмандығыңның дәлелі қандай?
– Мұсылмандығымның дәлелі – «Лә иләһә иллаллаһ Мұхаммадур-расулаллаһ».
– Бұл не деген сөз?
– Бұл «Алладан басқа құдай жоқ әрі Мұхаммед оның елшісі» деген сөз.
– Сені кім жаратты?
– Мені Жаратушы Алла Тағала жаратты.
– Алла сені не үшін жаратты?
– Өзіне ғибадат етуім үшін жаратты. Алла Тағала Құран Кәрімнің Зәрият сүресінің 56-аятында: «Жындар мен адамдарды Өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым», – деген.
– Алла адамзатты неден жаратты?
– Алла Тағала адамзатты топырақтан жаратты.
– Иманның шарттары қандай?
– Иманның шарттары мыналар: Алланың барлығына және бірлігіне сену; Оның періштелеріне сену; Кітаптарына сену; пайғамбарларына сену; жақсылы-жаманды тағдырдың бір Алладан екендігіне сену; Қиямет күніне сену және өлгеннен соң қайта тірілуге сену.
– Раббың кім?
– Раббым-Ием – әлемдердің Жаратушысы – Алла Тағала.
– Дінің не?
– Дінім – Ислам.
– Ислам дінінің парыздары нешеу?
– Ислам дінінде бес парыз бар. Олар: иман, намаз, ораза, зекет және қажылық.
– Пайғамбарың кім?
– Пайғамбарым – Мұхаммед саллаллаһу алейһи уа сәлләм.
– Кітабың қандай?
– Кітабым – Құран Кәрім.
– Құбылаң қай жақ?
– Құбылам – Мекке қаласындағы Қасиетті Қағба.
– Кімнің зүрриетісің (ұрпағысың)?
– Адам алейһи сәләмнің ұрпағымын.
– Кімнің міллетіненсің (ұлысынансың)?
– Ибраһим пайғамбардың міллетіненмін. Әлхамдулилләһ, мұсылманмын.
– Мазһабың қандай?
– Мазһабым – Имам Ағзам Әбу Ханифаның мазһабы.
– Имани таным жолың қандай?
– Имани таным жолым – Әбу Мансұр әл-Матуриди мазһабы.
– Алла саған не бұйырды?
– Жаратушы Ием Өзіне ешқандай серік қоспауға және ата-анама жақсылық қылуға бұйырды. Өйткені Алла Тағала Құран Кәрімде Исра сүресінің 23-аятында былай деген: «Раббың Өзінен басқаға құлшылық қылмауларыңа және ата-анаға ізгілік қылуларыңа бұйырды».
– Мұсылман қандай болуы керек?
– Мұсылман намаз оқуы керек, парыздарды орындауы керек. Құран Кәрім оқып, Пайғамбардың (с.а.с.) өсиеттерін орындауы керек. Әдепті, тәртіпті, білімді әрі мәдениетті болуы керек.
– Өзің Құран Кәрімнен аят жаттадың ба?
– Иә, мен Ықылас сүресін жаттадым.
– Қане, оқып берші?
– «Қул һуаллаһу ахад. Аллаһус-самад. Ләм йәлид уа ләм йуләд. Уа ләм йәкулләһу куфуән әхәд».
– Е, бәрекелді, жарайсың. Сен нағыз мұсылман екенсің.


Ассалаумағалейкум! Мазһаб сөзінің мағынасы қандай?
мазхаб-соз!н1н-магынасын оз ойымнан аитар болсам ЖОЛ дегендей магынада беред
Uagaleikum assalom!Mazhab sozinin maginasi- mektep,jol, bagit.
Сәлеметсіздерме?! Осындай діни мақалалардың саны арта берсін, бұл бізге өте қажет. Өйткені көп білгеннің артықтығы жоқ екені рас. Еңбектеріңіз жана берсін осы сайтта еңбек етуші азаматтар мен азаматшалар!