Мәңгілік махаббат


Әлемнің жаратылысының негізі махаббат. Рақымдылық пен шапағат. Ұлы Жаратушы рақымдылық етіп бұл ғаламды жаратқанда, барлық жаратылыстың ішіне махаббат пен мейірім-шапағаттың ұрығын сепкен. Аллаһ Елшісі былай дейді: «Аллаһ тағала көктер мен жерді жаратқан күні жүз рақымдылық жаратты. Рақымдылықтың біреуін жерге таратты. Сол арқылы ана баласына, жан-жануарлар, құстар бір-біріне сүйіспеншілікпен қарайды. Тоқсан тоғызын қиямет күніне кешіктірді. Қиямет күні Аллаһ оны осы рақымдылықпен толықтырады». Жер бетінде ананың түн ұйқысын төрт бөлгізетін балаға деген махаббаты, құстың балапаны үшін шырылдап, өзін жыланға құрбан етуі, тіпті жыртқыш аш қасқырдың тапқан азығын өзі жемей бөлтірігіне беруі – сол рақымдылық пен сүйіспеншіліктің белгісі. Бұлар туа біткен қасиет. Абайдың «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті», дегені, жер бетіне жүрек көзімен қарап, сол сүйіспеншілікті танығаны. Осы рақымдылық пен махаббаттың тоқсан тоғызын Аллаһ ақыретте мұсылман достарына сақтаған. Негізінде ақыреттің барлығын жер бетіндегі махаббат іздеріне қарап таба аламыз. Хақ Тағала әлемді махаббатпен жаратқан. Егер ақырет болмаса, бұл ғұмырдағы махаббаттың ешқандай мән-мағынасы қалмай, рақымдылық зұлымдыққа, махаббат қасіретке, ләззат уға, достық дұшпандыққа айналар еді.
Ұлы Жаратушы өзі ерекше жаратқан адамзатты құрдымға тастасын ба?! Пайғамбарымыздың заманында бір ана дүйім жұрттың арасынан балапанын іздеп шырылдаған құстай бәйек болып, баласын іздеп жүреді де аздан соң баласын тауып, бар мейірімен құшып аймалай бастайды. Осы бір көріністі Аллаһ Елшісі көріп, жанындағы сахабаларға: «Мына ана құшағындағы өз баласын отқа тастауы мүмкін бе?» деп, сұрайды. Сахабалар: «Жоқ, әсте тастамайды», деп, жауап қатады. Сонда Ол: «Рақымы шексіз Аллаһ Тағала да сол секілді. Өзін ерекше етіп, аса мейіріммен жаратқан пендесін отқа тастамайды» дейді. Яғни, бір бөлшек махаббаттың қасиетін біліп, әлем көгіне бейбітшіліктің байрағын тіккені үшін, қалған тоқсан тоғыз махаббатты сый-сияпат етіп бермек.
Иә, нағыз махаббат ақыретте болмақ. Аллаһ тағала Құранда былай дейді: «Күдіксіз иман етіп, ізгі амал істегендер жаратылғандардың жақсысы. Олардың Раббыларының қасындағы сыйлықтары: астынан өзендер ағатын Ғадын жәннаттары. Олар онда мәңгі қалады. Аллаһ олардан разы, олар да Аллаһтан разы. Бұл сый-сияпат Раббысынан қорыққан кісіге арналады» . Яғни, Аллаһтың өзінің жақын досына «разымын», дегені мәңгілік зор махаббаттың белгісі. Адам баласының әлімсақтан бергі нағыз аңсаған арманы осы бір ұлы сүйіспеншілікке ие болуы. Бұл дүниедегі бір бөлшек махаббат тоқсан тоғыздың дақылы тәрізді. Адам оны бағалай, қастерлей білсе, ақыретте нәрлі топарақта өніп зәулім ағашқа айналған дақылдай алып махаббатқа айналмақ.
Бірақ, Құдай тағалаға қас қылғандар бұл махаббаттан мақрұм боп құр алақан қалмақ. Өйткені, олар бұл дүниеде берілген бір бөлшек махаббаттың да қадірін білмей аяққа таптағандар. Біреуіне ие бола алмаған жүзіне қалай ие болсын.
Мәжнүн Ләйліге ғашық болғанда оған күллі әлем Ләйлі болып көрінген. Қозы-Көрпеш Баяндардың да махаббаттары әлі күнге ел аузында дастан емес пе? Алайда, осының бәрі жүзден бір сүйіспеншілік қана. Ертең күн тоқсан тоғызы берілгенде қандай болмақ? Иә, Жаратушы Жаппар ие махаббатпен жаратқан адамзат пен ғаламзатты, ендеше, қапы қалмай сен де сүй ол Хақты жаннан тәтті…

Автор: Мухитдин ИСАҰЛЫ


3 пікір. “Мәңгілік махаббат” мақаласы үшін

  • йманды жігіт | 21 Қаңтар, 2010, 20:23

    йманды қыздар оқындар!!!

  • Zura | 28 Наурыз, 2010, 20:06

    Оте керемет! Оте!

  • Қарлығаш | 30 Наурыз, 2010, 15:28

    Бір түйір ғана дән секілді деп отырғанымыз – біз сезініп, жүрегімізді алып-ұшырып жүрген маххаббат сезімі болатын болса, онда 99 пайызы қандай дәрежедегі тамаша, қанатсыз қандай биіктікке ұшырар күш, неткен ғажап дүние екен!!! Оны сезіну, сөзбен айтып жеткізу, жазып-сызып тауысу мүмкін емес шығар…

Пікір жазу


© 2010 Ақиқат – Имандылық ауылы Әбу-Ханифа мазхабы бойынша жүргізіледі.
Сайттың көптеген материалдары арнайы дайындалады, сайттан мағлұмат алынса сілтеме көрсетілуі тиіс.
Админмен хабарласу үшін: zheniskaz@gmail.com