Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар

Бүкіл әлем Раббысы Аллаһ Тағалаға сансыз мақтау болсын. Әлхамдулилләһ егемендік алып, дінімізге, тілімізге, дәстүрімізге қайта қауыштық. “Мың өліп, мың тірілген” қазақ қашанда кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсеткен дана халық. Тарихымызға көз салсақ, Ислам діні келгенде де қарсылықсыз қабылдап, Ақыретке көп амал еткен елміз. Мәдениетте көрші елдерге де үлгі бола білгенбіз. Сонау шөл далада адасқан бір жолаушы бір үй көрсе, сол үйге құдайы қонақ болып, алдынан шыққан қызды қарындасым деп құрмет қылса, алдынан шыққан жігітті бауырым деп, танымаса да құшақ жая амандасатын бауырмал халықпыз. Мақтанудың да даттауы бар. Артықпыз десек асыра айтқандық болар. Себебі, сөздің де сетері бар, есері бар. Дәл солай, дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар. Енді сөзіме арқау етейін деп отырғаным осы тозық дәстүр төңірегінде болмақ. Тозықтың сарқыншағы сақталу себебі – хақ дініміз Исламмен салт-дәстүрді, кейбір мақал-мәтелдерімізді, іс-әрекеттерімізді байланыстыра алмауы-мызда. Абай атамыз қара сөзінде кейбір мақал-мәтелдердің дұрыс емес екенін, шектен тыс кеткендігін айтады. Мысалы, “періште алтын көрсе жолдан таяр” дейді. Періштеге алтынның еш қажеті жоқ. Шариғаттан білімі жоқ адам бұл мақалға шын ықыласпен сеніп, “ә, періште де алтын көрсе адасады екен ғой” деп ойласа, дінімізге кереғар. Міне, осы сияқты шариғатқа сай емес кейбір мақал – мәтелдер бар. Ата – бабамыздан қалған салт – дәстүріміздің де Исламға жат, ақылға сыймайтын жерлері жоқ емес.
Мысалы, жоқтау айту. Аллаһтан өлген адамның соңы қайырлы болсын деп тілеп, сабыр сақтау шариғат шеңберіндегі шешім. Ал, енді шашын жайып, айқайға басу ислами игі амалдан алыстауға апаратын ағаттық. Егер жоғалтқан адамын жоқтап сағынса, Ақыретте Аллаһ алдында қайта қауышады. Әрине, Аллаһ берген мейірімі көзден жас тамызуы табиғи. Дегенмен де әр нәрсенің шегі бар. Сондай-ақ, кейбір ата-аналар өз қыздарын құл сияқты сатып, қалың малды асыра алуы да адами ақылдан алыс. Бұл жерде анасының сүт ақысы мен мәхрден тыс алынған артық дүние немесе ақша туралы алман салық айтылуда. Әке-шешесі “үйлен” десе, көлігіне міне салып, қансонарда із шалған саятшыдай сығалап, көшеде бір бойжеткенді көрсе, көлігіне күштеп тығып, көз жасына қарамастан, үйіне келін қылып түсіретін “алыпқашу” дәстүрі бар. Енді осы дәстүрге тереңірек тоқталсақ. Қазіргі заманда көп жастарымыз Исламды білмегендіктен атадан қалған дәстүрді дұрыс қолдана алмай жүр. Отау құру үшін қыздың ата-анасымен және қыздың өзімен келісіп, неке қидырып үйлену керек. Қыздың қалауы мен әке-шешесінің келісімінсіз неке шариғатта рұқсат етілмеген, яғни, харам.
Біріншіден: Осы алып қашу деген дәстүрді сылтау қылып, қырмызы гүлді қыршыннан қию қатігездік дер едім.
Екіншіден: Қызды еш рұқсатсыз алып қашуы-ол қыздың құқығын таптауы;
Үшіншіден: Қызын рұқсатсыз алғаннан кейін, әке-шешесі разы болмайды. Әке-шешесі ренжіп, қайғыруы мүмкін. Егер де қыздың әке-шешесі шынайы разы болмаса, жігіттің ісі үлкен күнә.
Пайғамбарымыз Мұхаммед, (салла Аллаһу алайһи уа сәлләм) «Аллаһтың разылығы – әке-шешенің разылығында, Аллаһтың ашуы әке-шешенің ашуында» – деген. (Термизи).
Төртіншіден: Алып қашқан соң бірден неке қидырмай, той жасар алдында қидырады. Ол тойға дейін бір-екі ай өтіп кетеді. Сол тойға дейін жасаған жыныстық қатынас шариғат бойынша зина. Яғни, неке қидырылмай жасалған жыныстық қатынас – зина. Ал, зина Исламда ең ауыр күнәлардың бірі.
Өзімізді мұсылман дейміз. Бірақ, шынайы мұсылманның ісін істемейміз. Тек ата-бабамыз мұсылман болғандықтан, лажсыздан мұсылманмын деп, дінімізге селсоқ қараймыз. Дінді барлығымыз дұрыс білсек, қыз құқығына, ар-намысына, тиіспес едік және тигіздірмес едік. Қыздың да қалауы, құқығы бар.
Ғалым Рифағи «Ислам мәдениеті» атты кітабында: «Ислам діні бойжеткенге тек өз разылығымен әрі өз таңдауымен тұрмысқа шығу құқығын сыйлайды» деген еді .
Қыз ұрлау, яғни алып қашу ол жай бір зат, немесе мал ұрлау емес. Аллаһ Тағала Құрани Кәримде ұрыға қол кесу жазасын берген. Енді ойлаңыз жолы жіңішке, нәзік жанды қыздардың құқығын таптайтын адам ұрлығына Аллаһ Тағаланың ақыретте беретін жазасы қандай болмақ? Біз әлі істеген істерімізден сұралатынымызды білмейміз. Білсек істемес едік.
Бір қыз бен жігіт бірін-бірі ұнатып, тұрмыс құруға келісіп, қызды алып қашып, той жасамақшы болады. Қыз түннің бір жартысында күтіп тұрамын деп сөз береді. Сонымен жігіттің үй-іші келін келеді деп,сабылып сарсаңға түседі. Жігіт келіскен уақытында қызға келеді. Қырсыққанда қыз бір жағдаймен шыға алмай қалады. Қарабет болдым деп жігіт не істерін білмей, жолда кетіп бара жатқан бір қызды көлігіне күштеп кіргізіп, көз жасы көл болған қыз көнбеседе, келін қылып кіргізеді. Көкірегін көлеңке торлаған көңілсіз қыз кетейін десе; «Анаңдай адаммын, арқамнан аттап өтсең кете ғой», – деп жігіттің шешесі жолына жатып алады. Міне осылай болып жатқан көп іске не айтар едіңіздер қадірменді оқырман? …

Әлібек Несіпбеков (”Мұсылман” журналынан)


6 пікір. “Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар” мақаласы үшін

  • Ауылдан | 1 Қараша, 2009, 19:00

    Жоқтауды исламға жат, ескірген салт десеңіз қателесесіз. Атақты адамдарды жоқтап шығарған жоқтау түрлері әлі де жазылып алынбай жатыр ел арасында. Қайтыс болған кісілерге шығарылған жоқтау өлеңдер – бұл жүректен шыққан шерлі өлеңдер. Жоқтау түрлерін оқып көрсеңіз, халқымыздың ауыз әдебиетінің бір бөлшегі екенін ұғасыз. Енді шашын жұлып, құр айқай жоқтау емес екенін бәріміз де түсінетін шығармыз.
    Ал, қыз алып қашу – ол тағылық қой, біздің батыс өңірінде бірлі-жарым болмаса, қыз алып қашу жоқ. Алып қашушыларға қылмыстық кодекске бап енгізіп, ұзақ мерзімге соттау керек. Жаман қылықты осылай қатаң заңмен реттемесе болмайды.

  • Ansar | 1 Қараша, 2009, 20:39

    Малданда бетер болып кететін адамдарымыз бар. Жасыратын ештеңесі жоқ. Түптеп кеогенде, бәрі қазақтар. 

  • psihbai | 23 Ақпан, 2010, 15:19

    Жоқтау, біздің дәстүр! Ислам біздің дініміз! Дін мен дәстүрді шатастырмаңдар!!!
    Мен пұтқа табынушылықты насихаттап ттұрған жоқпын, алдын-ала айтып қояйын. Дін, дін деп қуа бермеңдер!!! Біз Араб емеспіз, біз ҚАЗАҚПЫЗ!!!

  • Тусупова Сандугаш | 16 Тамыз, 2010, 17:27

    Жоктауга келетин болсак менинше сабыр туби сары алтын демекши адам кайтыс болганда ол адамды Алла маган берген асыл гаукар тасын кайта озине алды деп тусину керек сиякты. Кайтыс болды деген создин озин дурыс тусину керек ол Алла жаратты кайта кетти деген соз. кайтыс деген соз содан калган. Демек оган сабырлыкпен карап Алла маган осы берген сыйына да шукир деп айту керек сиякы.

  • абдуррахманов | 4 Қыркүйек, 2010, 17:19

    ей психбай жоктау исламга жат нарсе казынды кума

  • Әділ | 6 Қыркүйек, 2010, 0:14

    Жоқтау қазақтың дәстүрінің бірі, адам шырылдап дүниеге келгеннен өлеңмен қарсы алып қайтқанында, өлеңді шумақпен жоқтау атып шығарып салады.
    Қыз алып қашуда дәстүр, бірақ қыздың рұсатынмен ғана, бүгінгі кезде оз орнын тапқан дәстүр, қажет кезде жастар келісіп қолданып жатады.
    Салт-дәстүрмен әдет-ғұрыптардың ескісі мен жаңасы болмайды. Ол киім емес тозып кететін. Ол ой түйін, ойға салып түсіне білу керек. Таяқтың екі ұшы болады оңы мен солы, сол секілді бір ұшын дұрыс ұстамасаң екінші ұшы маңдайыңа тиуі мүмкін.
    Сондықтан өмірде оңы мен солын айыра алатын адам ақиқатқа жетеді.

Пікір жазу


© 2010 Ақиқат – Имандылық ауылы Әбу-Ханифа мазхабы бойынша жүргізіледі.
Сайттың көптеген материалдары арнайы дайындалады, сайттан мағлұмат алынса сілтеме көрсетілуі тиіс.
Админмен хабарласу үшін: zheniskaz@gmail.com