Ата-енеге құрмет

Екінші ата-ана болып саналатын ата-ене дегеніміз кімдер? Олардың Исламдағы орны мен күйеу баласы және келіндерінің алдындағы құқығы қандай? – деген маңызды сауал әркімді ойландырары сөзсіз.
Бұл көкейтесті сауалдарға тікелей жауап беруден бұрын, ерлі-зайыптылардың алғашқы ақ некесі қиылған күндеріне оралайық. Ұл да, қыз да ата-анасының тәрбиесінде болып, бірі ер жетсе, бірі бой жетіп жатады. Ұлдың да, қыздың да ата-анасы біз қартайғанда ұлым көмегін беріп, оны баққанымыздай бізге құрмет көрсете отырып бағып-қағар деп, қызымыз өзге отбасына барғанда ата-енесіне құрметін көрсетіп, біздің абыройымызды көтеріп жүрер деп кішкентайынан тәлім-тәрбие бере бастайды. Ұл ержетіп үйленіп жатса, қыз бойжетіп тұрмысқа шығып жатады. Сөйтіп құрметті ата-аналар қадірлі ата-енеге айналады. Исламда да, ұлтымызда да екі жақтық ата-аналар құрметке лайық болып, күйеу баласы мен келінінің алдында қадірлі сый иелері болып саналады. Екі жас бірін-бірі тауып, ақ некелері қиыларда бір-біріне өмірлік жар болуға, өмірдің қиынын да қуанышты шақтарын да бірге көтеруге, бір-бірін сыйлап өтуге уәделесіп, оған екі ер кісі немесе екі әйел бір ер кісі куәлік етіп неке хұтпасы оқумен некелері қиылып, ерлі-зайыпты атанады.
Демек, бірін-бірі сыйлауға разылығын берген жұп, бір-бірінің әке-шешесін өз ата-аналарына сый көрсеткендей құрмет етуі тиіс.
Аммар ибн Ясир және Абдуллаһ ибн Омардан (р.а) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): “Үш топ адам Жәннатқа кірмейді: Маскүнем, әке-шешесінің қарғысын алған және дәйіс” – деген. (Дәйіс деген – үй ішіндегі бұзақылықтарды көре-біле тұра үндемейтін, қызғанбайтын адам – деп түсінік берген.)
Бұл хадистен алатынымыз әке-шешесінің қарғысын алған адам Жәннатқа кірмейді деседі. Ендеше ешкім өз әйелінің, немесе өз ерінің ата-анасына сый көрсетпегендігі үшін олардан қарғыс естіп, сүйген жарын жұмақ жолынан алыстатқысы келмейді деп сенейік. Өз жарымыздың ата-анасы өз әке-шешеміздей құрметке ие.
Ең көп хадис риуаят еткен сахаба Әбу-Һурайрадан (р.а) жеткен хадисте, Пайғам-барымыз (с.ғ.с) ерлі-зайыптыларға: “Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, араларыңда сүйіспеншілік орнайды” – деген. Ендеше сыйлық жасауды ұмытпалық. Сыйлықтың ең үлкені ата-ананы разы қылып Аллаһтың разылығына кенелу. Сондықтан ата-енелерге құрмет ету арқылы ерлі-зайыптылар бір-бірінің сыйлығына ие болады.

“Ата-ананың қадірі” кітабынан, Жеңіс Әбибуллаұлы.


Пікір жазу


© 2010 Ақиқат – Имандылық ауылы Әбу-Ханифа мазхабы бойынша жүргізіледі.
Сайттың көптеген материалдары арнайы дайындалады, сайттан мағлұмат алынса сілтеме көрсетілуі тиіс.
Админмен хабарласу үшін: zheniskaz@gmail.com